«Үлгілі ауыл» конкурсының аудандық деңгейінің жеңімпазы анықталды. Конкурсқа әрбір ауылдық округтен бір елді мекеннен қатысып, жасыл желекпен көмкерілген Жартытөбе ауылы үздік деп танылды.
Жеңімпаз ауылды нақтылау кезінде ауылдардағы тазалық пен көгалдандыру жұмыстарына, ауыл шаруашылығы мен шағын және орта кәсіпкерліктің даму деңгейіне басымдық берілді. Аудандық деңгейден жеңімпаз атанған Жартытөбе ауылы ендігі кезекте облыстық деңгейде бақ сынайды.
Айта кетейік, аудан орталығына іргелес орналасқан Жартытөбе ауылында стандартқа сай жабдықталған білім ордасы, балабақша, аурухана, мәдениет үйі, балаларға арналған спорт, ойын алаңшаларымен қамтылған. Бұдан бөлек ауыл тұрғындарының сұранысына орай да тиісті жұмыстар атқарылып келеді.
Қазіргі уақытта Жартытөбе ауылы мен оған қарасты Аққолтық және Бабата елді мекендерінің ішкі көшелері 100 пайыз асфальт және 100 пайыз көше жарықшамдарымен қамтылды. Бұған қоса толықтай орталықтандырылған таза ауыз су жүйесі жүргізілген.
Ауылды көркейту-көгалдандыру және қоқыстан тазарту жұмыстары да қарқынды іске асырылып, ауылдың келбеті ажарлана түскен. Ішкі көшелер мен ауыл маңына отырғызылған тал көшеттері аймақты жасыл желекке орауда. Сәні мен салтанаты келіскен ауылдың ажарлана түсуіне «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық шарасының да серпін бергені анық.
Сонымен қатар, денсаулыққа зиянды өнімнің бірі болып саналатын алькогольді ішімдікті сатудан бас тартып, өскелең ұрпақты салауатты өмірге қалыптастыруды жөн санаған ауылда 69 алтын құрсақты батыр аналар тұрса, жалпы округ бойынша 179 батыр ана бар.
Сондай-ақ Округ бойынша 28 азамат “Ауыл аманаты” жобасы бойынша 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізген. Осылайша соңғы уақытта ауылдан өз кәсібін ашып, нәсібін ұлғайтып отырған азаматтардың қатары күн санап артуда. Әрбір істі аса ұйымшылдықпен атқаратын ауылда соңғы 5 жылға жуық уақытта ешқандай қылмыс дерегі тіркелмеген.