Түркістан қаласында 20 қазаннан бастап жылу беріледі. Қазіргі таңда қала бойынша көпқабатты тұрғын үйлер мен мекемелерде жылыту құрылғыларының қысымын реттеу, шаю жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай, қала тұрғындары үйде болулары қажет. Тұрғындар жылыту жүйелерінде ақауды байқаған жағдайда 1310 немесе 109 колл-орталығына хабарласу керек. Бұл туралы брифингте Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков мәлімдеді.
«2024-2025 жылғы жылыту маусымына дайындық барысында жылыту мекемесіне қарасты 17 жылу қазандығы мен 55,3 шақырымдық жылу құбыры тексеруден өтіп, қысымдау жұмыстары жүргізілген. Жылу қазандықтарының негізгі отын түрі – табиғи газ. Қаладағы 219 көпқабатты тұрғын-үй, 65 әлеуметтік және 60 кәсіпкерлік нысан, 33 жер теліміндегі үйлер жылу жүйесімен қамтылады. Сондай-ақ шаһардағы автономды көпқабатты тұрғын үйлер саны 160-ты құрайды»-деді спикер
Сонымен қатар «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Ерғазы Рысбеков тұрғындарға жылу маусымына дайындық аясында атқарылған жұмыстар туралы баяндады
«Жалпы кәсіпорында штаттық режимде 38 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал, жылыту маусымында қосымша 96 азамат жұмыспен қамтылады. Шаһардағы жалпы абонент саны 11 416-ны құрайды. Бұл жылғы тариф жеке тұлғалар үшін 1 шаршы метрге 140,8 теңге болып бекітілді. Қазіргі таңда қаладағы тұрғын үйлермен әлеуметтік нысандар 100% газбен қамтылған»-деді мекеме басшысы.