Сауран ауданы әкімдігінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің инспекторы Д.Сырлыбай жастарға мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау жұмыстарын жүргізді. Кездесуде маман жастарды жұмыспен қамту бағытындағы мүмкіндіктерді атап өтіп, жастар мен тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін таныстырды.
Мысалы, «Әлеуметтік жұмыс орны» бағдарламасы. Бұл бағытта жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығымен шарт негізінде жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін жалақысы субсидияланатын әлеуметтік жұмыс орнын құрады. Әлеуметтік жұмыс орнындағы жұмыс уақытша сипатқа ие, қатысу ұзақтығы 12 айдан аспайды. Жалақы төлеуді жұмыс беруші нақты жұмыс істеген уақыты үшін ай сайын еңбек шартында белгіленген мөлшерді негізге ала отырып жүзеге асырады. Мемлекет жұмыс беруші белгілеген жалақы мөлшерінің 35%-ын, бірақ 20 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспайтындай мөлшерін субсидиялайды.
Сондай-ақ, «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасына тоқталсақ. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына сәйкес 2023 жылғы 1 сәуірден бастап «Дипломмен ауылға» жобасының сенімді агенті болып Отбасы банк тағайындалды. Жоба тұрғын үй сатып алуға немесе салуға кредит беруді және көтерме жәрдемақы төлеуді көздейді. Енді азаматтардың уақытын үнемдеу және оларға осы мемлекеттік қолдауды алу процесін жеделдету үшін «Дипломмен ауылға» жобасы цифрлық форматқа ауыстырылды. Қазақстандықтардан жаңа өтінімдер otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында онлайн режимде қабылданатын болады. «Дипломмен ауылға» жобасына қатысуға өтінім беру үшін қатысушы otbasybank.kz порталында тіркелуі және электронды кілт көмегімен өтінімге қол қоюы қажет.
Бағдарламаға ауылдық жерлерге енді ғана келген немесе бұрыннан тұрып жатқан және онда бірқатар кәсіптер бойынша жұмыс істейтін кез келген жастағы қазақстандықтар қатыса алады. Бұл денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен мамандары, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері (әкімдер мен әкімдердің орынбасарларын қоспағанда). Аудандық әкімдіктер мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктері жыл сайын өз елді мекенінде жоғарыда аталған мамандықтар бойынша талап етілетін қызметкерлердің тізбесін қалыптастыратынын атап өткен маңызды. Дәл осы тізім аясында жеңілдетілген кредиттер беріледі. Қарыздың ең жоғары сомасы 1500 айлық есептік көрсеткішке дейін, кредит бойынша мөлшерлеме 0,01%-ға тең (ЖТСМ – жылдық 0,01%-дан басталады). Қарыз маман жұмыс істейтін елді мекенде тұрғын үй сатып алуға немесе салуға беріледі. Кредиттің ең көп мерзімі – 15 жыл. Негізгі талап – жобаға қатысушы ауылдық жерде мамандығы бойынша 3 жыл жұмыс істеуі керек.
Енді «Дипломмен ауылға!» жобасы шеңберіндегі қарыздарға Отбасы банкте қызмет көрсетіледі. Сондықтан кредиттері бар қазақстандық азаматтар банктің клиенттері болуы тиіс. Бұл төлемдерді уақтылы өтеу үшін және болашақта мерзімді өткізіп алмау немесе өсімпұл есептелмеу үшін жасалатын шара. Банктің клиенттері бола отырып, олар кредит талаптарын өзгертпестен оны төлеуді жалғастырады. Банктің клиенті болудың мынадай бірнеше тәсілі бар:
— Otbasy bank мобильді қолданбасын жүктеп, оның көмегімен ағымдағы шотты және депозитті ашу; — ұялы телефоннан 300 нөміріне тегін қоңырау шалу; — жақын жердегі банк бөлімшесіне немесе кеңес беру орталығына хабарласу.
«Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде қазақстандықтар 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көтерме жәрдемақы алуға үміткер бола алады. Мемлекеттік қолдаудың бұл түріне де otbasybank.kz платформасы арқылы өтініш беруге болады. Жәрдемақы мен бюджеттік кредит алуға өтінішті бір мезгілде беруге болады.
“Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің инспекторы Д.Сырлыбай Сауран ауданының Шорнақ ауылдық округінің жастарына үгіт-насихат жұмыстары жүргізіп, «Серпін-2050», «Жастар практикасы», «Бастау бизнес», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы, «2,5% несие алу » бағдарламалары бойынша түсіндіріп, брошюралар таратты.
Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі. Осыған орай, NEET санатындағы жастарды жұмысқа тарту, жастарға мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру маңызды шаралардың бірі.
Айта кетейік былтыр қабылданған «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» жаңа заң бойынша жастар ұғымы 35 жасқа дейін ұлғайып, енді халықтың үштен бір бөлігі жастар санатына жататын болды. Осылайша, елімізде бұл санатқа кіретін азаматтардың саны бірден 6 миллионға дейін жетті. Жастар жасы ұлғайғандықтан, тағы 2 миллионнан астам азамат жеңілдігі бар мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көруге мүмкіндік алды. Мысалы, жұмыспен қамтуға байланысты «Жастар практикасы», «Дипломмен – ауылға», «Серпін», «Жастар – ел тірегі», «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламалары да 35 жасқа дейінгі азаматтар үшін қолжетімді болды. Жаңа заң аясында 3,3 миллионнан астам адамды, оның ішінде 2,3 млн жасты жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Мемлекеттік жастар саясатын жетілдіруге бағытталған заң жобасына жастардың даму индексі және уақытша жұмысқа орналаспаған жастар (NEET санаты) ұғымы енгізілді. Сондай-ақ, білім беру ұйымдарының түлектері үшін «Жастар практикасы» (6 айдан 12 айға дейін, 25-тен 30 АЕК-ке дейін) және «Алғашқы жұмыс орны» (12-ден 18 айға дейін, 20-дан 30 АЕК-ке дейін) ұйымдастырылып, аталған жобалардың ұзақтығы мен жалақысы ұлғайтылды. Мәселен, бұрынғы немесе жаңа мамандық бойынша тәжірибе болмаса да 35 жасқа дейінгілер «Жастар практикасына» қатыса алады. Яғни, NEET санатындағы жастардың мемлекеттік қолдау алуына мүмкіндік жасалды. Аталған іс-шаралар 177 мыңнан астам жасты жұмысқа (оның ішінде 107 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орындарына) орналастыруға мүмкіндік берді. Мәселен, «Бастау бизнес» жобасы аясында 70 мыңға жуық жас онлайн-оқытудан өтсе, «Жасыл ел» жобасы бойынша 2025 жылға дейін жыл сайын ақылы маусымдық жұмысқа 30 мың жас жұмылдырылатын болды. Осылайша, жас кәсіпкерлердің үлесін 20 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жастарға жеңілдікпен шағын несие берудің жаңа тетігі енгізілді. 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастар үшін жылдық 2,5 пайыз жеңілдікпен 5 млн теңгеге дейін несие ала алады. Осы бастаманы іске асыруға бюджеттен 28 миллиард теңге қарастырылған және 2023 жылы 6 мыңға жуық шағын несие беру жоспарланып отыр. Мұндай несие өз ісін бастағысы келетін не кәсіпкерлікпен, оның ішінде тауарлар өндірумен немесе сатумен, жұмыстарды орындаумен және қызметтер көрсетумен, жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндірумен айналысқысы келетіндерге тамаша мүмкіндік.