Дұрыс тамақтану — денсаулық кепілі. Адамзат денсаулығын сақтаудың басты шарты да дұрыс тамақтану болып табылады. Кез келген жағдайда күнделікті тамақтануға ерекше көңіл бөліп, тамақ құрамының құндылығына назар аударған жөн. Тиімді де, дұрыс тамақтану денсаулықты сақтауға, ағзаның қалыпты өсуі мен дамуына, жұмыс қабілетінің жоғарылауына және ағзаның қоршаған ортаның әртүрлі жағымсыз әсеріне қарсылығын күшейтуге ықпалын тигізеді. Тағам – адамға қажетті дәрумендік заттар мен энергия көзі. Пайдалы және сапалы тағамды тұтыну, бас миының және өсіп келе жатқан ағзаның дамуына аса маңызды. Сондықтан тағамды дұрыс дайындау мен жас ұрпаққа сапалы өнім беру өте маңызды. Ал, дұрыс тамақтанбау салдары бала мінезіне әсер етеді, мұны әрбір адам білгені жөн. Яғни, ұлт саулығы басты назарда болуы тиіс. Тиісінше осы мақсатта Жетісай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары Асықата өңірінің мектеп асханаларының кәсіпкерлері мен аспаздары арасында «Қоғамдық тамақтану обьектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар», «Тамақтан уланудың алдын алу» және “Жіті ішек инфекциясының алдын алу” туралы түсіндірме жұмысын жүргізіп, санитариялық қағидаларына сәйкес семинар өткізді.

«- Сальмонеллез, дизентерия, стафилококкты токсикоинфекция, колиэнтерит, сондай-ақ энтеровирустық инфекциялар сияқты аурулардың қоздырғыштары олардың барлығы жедел ішек инфекцияларына жатады, адам ағзасына ауыз арқылы еніп, адам ішегінде көбейеді. Жедел ішек инфекциялары мен тамақтан улану зиянды микроорганизмдерді дұрыс сақтамаған және пісірмеген кезде оңай жұқтыратын бірқатар тағамдарды жеген кезде пайда болуы мүмкін. Барлық тамақ өнімдерін жабық, таза ыдыста, тез бұзылатындарды — рұқсат етілген мерзімде тоңазытқышта сақтау керек. Дайын тағамдарды шикі тағамдардан бөлек сақтау қажет.Тамақтан уланудың алдын алу үшін алдын алудың негізгі шараларын ұмытпаған дұрыс. Ол үшін қауіпсіз тағамдарды таңдау керек. Мысалы, әрқашан шикі сүтті емес, пастерленген сүтті сатып алу керек. Рұқсат етілмеген сауда орындарында азық-түлік сатып алу әсіресе қауіпті. Өнімнің жарамдылық мерзімін, қаптаманың тұтастығын әрқашан тексеру маңызды. Әсіресе асхана аспаздарына айтарымыз тамақты мұқият дайындаңыз. Көптеген шикі тағамдар, негізінен құс еті, ет және шикі сүт, көбінесе қоздырғыштармен себіледі. Дұрыс термиялық өңдеу кезінде бактериялар әдетте жойылады.Азық-түлік өнімдерін дұрыс сақтаңыз. Шикі және дайын өнімдерді бірге сақтауға жол бермеңіз.Мұқият дайындалған тағамды алдын ала қыздырыңыз. Бұл сақтау процесінде тағамда көбейген микроорганизмдерден қорғаудың ең жақсы шарасы, негізі тоңазытқышта сақтау микробтардың өсуін тежейді, бірақ оларды жоймайды. Тамақты дайындамас бұрын қолыңызды мұқият жуыңыз.Тағамды жәндіктерден, кеміргіштерден және басқа жануарлардан қорғалған күйде сақтаңыз.Таза суды пайдаланыңыз. Таза су ішу үшін де, тамақ дайындау үшін де өте маңызды. Егер сіз судың сапасына күмәндансаңыз, оны тағамға қоспас бұрын немесе ішер алдында қайнатыңыз.Құрамында қауіпті бактериялар бар топырақ қалдықтарын кетіру үшін жемістерді, жидектерді және көкөністерді жемес бұрын мұқият жуыңыз, яғни жақсырақ қайнатылған сумен жуу маңызды. Осы қарапайым ережелерді сақтау денсаулыққа қатысты көптеген мәселелерден аулақ болуға, жеке гигиенаны сақтамауға және сапасыз тамақ өнімдерін жеуге байланысты тамақтан уланудан және жіті ішек инфекцияларынан аулақ болуға көмектеседі.» — деді мамандар

Сонымен қатар, жетісай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары «Атамекен» ҰК палатасы Жетісай аудандық филиалының ғимаратында мектеп асханаларының кәсіпкерлері мен аспаздар арасында аталған тақырыпта басқосу өткізіп, тиісті кеңестерін айтты. Семинар кеңеске Жетісай аудандық кәсіпкерлік бөлімінің, Жетісай аудандық білім бөлімінің қызметкерлері мен емхана  мамандары да қатысты. Басты мәселе, қоғамдық тамақтану обьектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау, сапалы тағам – адам денсаулығының кепілі екендігін дәріптеу болды. Себебі, ауру астан болатынын және дұрыс тамақтанбау, дұрыс әзірленбеген тағамды тұтыну адамды әр түрлі дертке шалдықтыруы мүмкін.

Яғни, тамақтан улану дегеніміз бұл, табиғаты микробты және микробсыз болып бөлінетін ластанған тағамдарды қолдану  салдарынан пайда болатын, қарым қатынас арқылы жұқпайтын ауру. Тамақтан улану — бұл әдетте ас қорыту бұзылыстарымен бірге жүретін ауру. Әр түрлі микроорганизмдердің, көбінесе бактериялардың ағзаға тағаммен бірге түсуі оның себебі болуы мүмкін. Жедел ішек инфекциясы — ас қорыту жолдарын зақымдайтын инфекциялық аурулар тобына жатады. Жалпы профилактикалық іс-шаралар үш ережеге негізделгенін айта кету керек. Олар: бактериялармен жұқтырылуының алдын алу, оған жеке гигиена ережелерін сақтау арқылы қол жеткізіледі. Сондай-ақ, бактериялардың көбеюінің алдын алу, яғни тез бұзылатын тамақ өнімдерін сақтаудың температуралық жағдайларын қамтамасыз етуге назар аудару керек. Үшіншісі бактерияларды жою және олардың токсиндерін жою болып табылады.

« — Сатып алу кезінде өнімнің шығарылу күні мен сақтау мерзімін, қаптаманың тұтастығын тексеріңіз. Есіңізде болсын, тамақтан уланудың алдын алу үшін тамақ дайындау кезінде гигиена қағидаларын және тағамды дұрыс сақтау әдісін білу қажет. Тағамның түсіне, иісіне және дәміне назар аударыңыз. Өнімнің консистенциясының өзгеруі мен оның бетінде шырыштың пайда болуы оның бүлінгендігінің белгісі болуы мүмкін. Көгерген тағамдарды, бүлінген көкөністер мен жемістерді, ісінген консерві банкасы мен пакеттегі шырындарды  немесе ашыған сүт өнімдерін өкінбестен тастаңыз. Пісірілген тағамдарды тоңазытқышта 24 сағаттан артық сақтауға болмайды; белгісіз адамдардан белгіленбеген сауда орындарында тамақ өнімдерін сатып алмаңыз, әсіресе бұл тез бұзылатын тамақ өнімдеріне қатысты: сүт, сүзбе, қаймақ; үйде дайындалған кез келген тамақ өнімдері; тез бұзылатын тағамдар мен дайын салаттарды бөлме температурасында 2 сағаттан артық сақтамаңыз, себебі бұл бактериялар мен токсиндердің жиналуына әкелуі мүмкін.» — деді басқарма мамандары.

Расында тамақтану адамның өмірлік қажеттігі және денсаулық кепілі. Ас-адамның арқауы, ағза дене жүктемесінде ғана емес, тыныштық жағдайында да шығындайтын қуат көзі. Ас ішу адам жасушалары мен тіндерді жаңартуға мүмкіндік береді. Өсіп келе жатқан жас ағзаның денсаулығы мен дұрыс өсуіне дұрыс тамақтанудың рөлі зор екендігін насихаттайтын кездесулер Жетісай ауданында жиі ұйымдастырылып тұрады.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*