Түркістанда Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығына арналған «Әділетті Қазақстанды құруда мәслихаттардың рөлі: тарих, бүгін және болашақ» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған қоғам қайраткерлері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мәслихаттың бұрынғы төрағалары, ардагерлер, Түркістан өңірінің депутаттары қатысты. Маңызды жиында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды депутаттарды және көпшілікті Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығымен құттықтады.
– Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс: үлкен жұмысқа көп жұмыскер керек» деген қанатты сөзі бар. Бұл ретте Түркістан облысындағы облыстық және жергілікті мәслихаттардың қоғамдағы рөлі жоғары. Сіздер өңірдің дамуына үлес қосып, еңбек етіп келесіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мәслихаттар мен жергілікті атқарушы органдарға елмен, түрлі қоғамдық ұйымдармен диалог орнатып, халықтың мұң-мұқтажын бірлесе шешуді тапсырды. Бұл – Сіз бен біздің ортақ міндетіміз. Өңірде инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашуға басымдық берілуде. Облыстағы жергілікті мәслихаттарда 300-ден астам депутат еңбек етуде. Олардың арасында ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық және өзге салалардың өкілдері бар, ал басым бөлігін кәсіпкерлер құрайды. Осы ретте, инвестиция тартуға, халықты кәсіпкерлікке баулуға депутаттарымыз да өз үлестерін қосуы керек. Депутатқа білім, мінез, ең бастысы отаншылдық қажет. Өңірдегі 2 миллионнан астам халықтың, 1 миллионнан астам сайлаушының сенімін ақтау – үлкен жауапкершілік. Бәріміз бірге Түркістан өңірінің мүддесін қорғап, облысты дамыту бағытында жұмыс атқара береміз. Баршаңызды мерейтоймен құттықтай отырып, жұмыстарыңызға табыс тілеймін, – деді Дархан Сатыбалды.
Конференцияның ашылуында Сенат депутаты Мұрат Қадырбек ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып берсе, Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың ыстық сәлемін жеткізді.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова модераторлық еткен конференцияда мәслихаттың рөлі, депутаттардың белсенділігін арттыру және өзге де мәселелер бойынша баяндамалар жасалып, ұтымды ойлар айтылды.
Спикерлер қатарында ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, «Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев, Түркияның Мемлекеттік басқару профессоры Харун Кырылмаз баяндама жасап, келелі ойларын айтты. Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев мәслихаттардың қазіргі жай-күйі мен атқарған жұмыстарына тоқталып, әріптестерін мерекемен құттықтады.
Қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы мен Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Батталова мазмұнды ойларын бөлісіп, депутаттарға жүктелген жауапкершілік жоғары екенін жеткізді. Аудан, қалалардан келген жергілікті мәслихат депутаттарына жігер беретін және тәжірибесін шыңдайтын ойлар айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
30 жылдық құрметіне арналған жиында бір топ азаматқа «Түркістан облысының Құрметті азаматы» атағының куәліктері тапсырылып, құрмет көрсетілді. Сонымен бірге облыстық және аудандық, қалалық мәслихат депутаттарына ҚР министрліктерінің, ҚР Сенатының, «Қазақстан мәслихаттары» РҚБ-ның марапаттары тапсырылды.
Конференция соңында осы жиынға қатысқан мәртебелі меймандар мен ел ағалары, депутаттар «Қазақстан мәслихаттарына – 30 жыл» аллеясына шынар ағашының көшеттерін отырғызды.
Бөлісу