Балық өсіру бойынша елімізде Түркістан облысы көш бастап тұр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының өңірде балық шаруашылығын дамыту тапсырмасы аясында Созақ ауданының шаруалары балық шаруашылығымен айналысуды қолға алды. Бүгінде ауданда тауарлы балық шаруашылығымен айналысуға кәсіпкерлердің қызығушылығы күн санап артып келеді. Соның бірі – «Бейбарыс» шаруа қожалығы. 2005 жылы ашылған шаруа қожалығы бұған дейін мал және егін шаруашылығымен айналысып келген. Соның ішінде асыл тұқымды ангус тұқымын өсірген. Бүгінде Жартытөбе ауылдық округі, Аққолтық елді мекенінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Қайрат Байниев 15 гектар аумаққа балық шаруашылығын дамытуды қолға алып отыр.
Ол мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен 8,5 млн теңге несие алып, былтыр көктем айында өз ісін бастаған болатын. Кәсіпкер өзінің жеке тоғанына 15 мың форель шабақтарын жіберіп, өсіріп жатыр. Кәсіп иесі алдағы уақытта өз кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда өңірімізде балық шаруашылығымен айналысу тиімді кәсіптердің бірі және оған мемлекет тарапынан қолдауларда көрсетіліп жатыр.
Жалпы Созақ ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие мен субсидия беру және осы салаға инвесторлар тарту жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Жалпы ауданда «Ауыл аманаты» жобасы аясында балық шаруашылығын дамыту бойынша 7 кәсіпкер 56 млн теңге несие алған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 232 жоба мақұлданып, 1 млрд. 20 млн. теңге қарастырылыпты. Айта кетейік, облыста «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 24 кәсіпкер 168,9 млн теңге жеңілдетілген несие алып, балық өсіру шаруашылықтарын ашқан.
Осылайша Созақта ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» жобасы аясында өз кәсібін ашқан азаматтардың саны арта түскен деп айтуға болады. Жобаны ұтымды пайдаланған, өз кәсібін өркендеткендердің тағы бірі — Жартытөбе ауылының тұрғыны Жамал Балакүл. Ол 6 млн теңге несие алып, жаңа жылыжайды іске қосты.Диқандықты қолға алған кәсіп иесі бұл бастамасын одан әрі өркендеткісі келеді. Кәсіпкердің айтуынша қазіргі таңда ондағы бір гектар жерге қызанақ пен қияр егіліп, жылына екі рет өнім алуды қолға алған.
Жалпы Созақ ауданында «Ауыл Аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін биылғы жылы Қаратау, Қарақұр, Сызған және Шолаққорған ауылдық округтері ұсынылған болатын. Бүгінгі таңға Қарақұр ауылдық округінен «Ran Agro», Сызған ауылдық округінен «Қайнар 1», Шолаққорған ауылдық округінен «Игібай» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері ашылды. Несие қаржы алуға Сызған ауылдық округінен «Қайнар 1» АӨК құжаттарын «ЫРЫС» МҚҰ» ЖШС-не тапсырды. Қарақұр ауылдық округінен «Ran Agro» АӨК-і құжаттарын әзірлеп, өз ісін бастауды қолға алды.
Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық пен атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту, сонымен қатар өзін өзі қамтушыларды заңдастыру. Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына тоқталатын болсақ, ең бірінші кезекте жобаны іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріледі.
Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тигізеді. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Оған қоса, міндетті түрде кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ, дейді мамандар. Аталған жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез-келген мүліктің 60 пайызы бағаланады. Бір жылға дейін демалыс қарастырылған. Бұл ретте Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы облыс бойынша «Жұмысшы топ» құрамымен бірге барлық аудандарды аралап, бағдарламаның концепциясын құруға, басым бағыттарын таңдауға, несие беру ережесіне қатысады. Нақтырақ айтқанда, палатаның қызметі жобаларды сүйемелдейді, бизнес жоспар дайындап береді, құжаттарды жинақтауға көмек береді.
Несие алушы ауыл тұрғындарының ауыл шаруашылығы кооперативіне кіруіне кеңес беріледі. Себебі, бұл арзан бағамен жем сатып алуға, жер жыртуға, қоқыс шығаруға, арнайы техникаларды арзан бағамен пайдалануға мүмкіндік береді. Қысқасы, кооперативке бірігудің пайдасы көп. Бірінші кезекте сату мәселесі шешіледі. Мәселен, кооперация мүшесі 8,6 миллион, ал төрағасы 27 миллион теңге ала алады.
Тиісінше «ауыл аманаты» жобасы өңірлердегі тұрғындардың әлеуетін арттырумен қатар, ауылшаруашылығы өнімдерінің еселенуіне де септігін тигізеді. Өнімді арттыра түседі. Мысалы, Созақ ауданында ағымдағы жылдың сегіз ай қорытындысымен ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 332,4 млн. теңге инвестиция тартылған, ал тамақ өндірісі негізгі капиталына 67,6 млн. теңге инвестиция тартылыпты. Сонымен қатар, егістік жер көлемі 14 638 гектарға игеріліп, 20 жаңа ауыл шаруашылығы техникалары алынған. Сондай-ақ, жаңбырлатып суару әдісі 201 гектар жерге ендірілген.Есепті кезеңнің сегіз айдағы қорытындысымен 4 731,4 тонна ет, 4 747,2 тонна сүт, 1 243,8 мың дана жұмыртқа өндірілген. Жалпы мүйізді ірі қара 39 745 бас, қой 263 254 бас, ешкі 26 290 бас, жылқы 33 842 бас, түйе 16 639 бас, құс 28 692 басты құраған.
Айта кетейік, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу мақсатында жобаланып, жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына барша бұқара қатты мүдделілік танытып отыр.
Жалпы, «Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Бастапқыда жаңа бағдарламаны ауыл тұрғындары арасында кеңінен насихаттау, түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілді. «Amanat» партиясы жанынан арнайы құрылған мобильді топтар барлық дерлік өңірді аралап шығып, елді мекендердің 250 мыңнан астам тұрғынына «Ауыл аманаты» жобасын кеңінен таныстырды. Оның ішінде ең шалғай деген ауылдардың тұрғындары да қамтылды. Бапталған бағдарламаның басты шарттарымен тыңғылықты таныстыру және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасау мақсатында жүргізілген жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсіптерін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қажетті түрлі ақпараттарға молынан қанықты.
Мұндай несиенің халыққа пайдалы екендігі сөзсіз. Мәселен, ауыл тұрғындарының бүгінде бірде-бір коммерциялық банктен мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие – өте тиімді. Ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін аталған жоба – үлкен мүмкіндік. Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыскерлер, жеке кәсіпкер ретінде тауарларды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, қосалқы шаруашылықтың мүшелері, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері ала алады. Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның, мемлекеттік кірістер органдарында берешектің болмауы талап етіледі. Несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы шарт, сондай-ақ ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік кооперативке өткізу талап етіледі. Жобаны іске асыруға 2023 жылы республикалық бюджетте 52,4 млрд теңге, яғни 11 мыңнан астам шағын несие беру жүзеге асырылды. Бұл ретте жергілікті әкімдіктер қаражатқа қосымша қажеттілікті анықтау үшін ауылдық округтерге скрининг жүргізді. «Amanat» партиясы жанынан азаматтар мен әкімдерді әдіснамалық сүйемелдеуді, оқытуды, өтінімдерді қабылдау және қаражатты бөлу үдерісінің мониторингін қамтамасыз ететін жобалық кеңсе құрылып, қызмет етті.
Ел тұрғындарының табысын арттыру мәселесін шешу – негізгі басымдықтарының бірі. Ауылда 7,7 млн адам тұрады. Бұл – халықтың жалпы санының 41%-ы. Былтырғы дерекке сәйкес, ауыл және қала тұрғындарының ақшалай табысының айырмашылығы 38%-ды құраған екен. «Ауыл аманаты» жобасы осы олқылықтың орнын толтыруды көздеді. Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Яғни, ауыл тұрғындарына мамандануға, шұғылданып жүрген кәсіптерін әртараптандыруға көмектескен жоба болды. Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектеседі.
Қашанда қағажу көріп жүретін ауыл тұрғындары жаңа жобаға үлкен үміт артып отыр. Қолынан іс келетін, дөңгелетіп отырған шаруасы бар көптеген кәсіпкер, фермерлер бұл бастамаға барынша мүдделілік танытқаны айқын. Олар қаржылай қолдау болса, ауыл-аймақта өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін шұғылданып келген шағын кәсіптерінің аясын кеңейтіп, талапқа сай дамыта алатынына бек сенімді.