Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков салалық орынбасарлары мен бөлім басшылары және мекеме басшыларының қатысуымен жиын өткізді. Жиын барысында аудан аумағында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы талқыланып, ауданның инфрақұрылымдық және әлеуметтік даму бағытында іске асып жатқан маңызды жобалар мұқият қаралды.

Ағымдағы жылы Созақ ауданында ауқымды істер атқарылып, жаңа жұмыстар да жүйелі түрде орындалып келеді. Айта кетейік , Созақ ауданы өнеркәсібі дамыған өңір болғандықтан, облыс көлемінде өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған бірден-бір дотациясыз аудан болып саналады. Одан бөлек шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, демеушілер есебінен де атқарылып жатқан істер жетіп артылады.

« — Аймақтың әлеуетін арттыра түсетін және халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп, инфрақұрылымдарды жақсартуңа себеп болатын инвестиция тарту бағыты да қарқынды орындалып жатыр. Мысалы, 2027 жылға дейін ауданда 1 триллион теңгеге 13 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Атап айтқанда, келер жылы жоба құны 100 миллиард теңге болатын «Қазатомпром» компаниясының күкірт қышқылын өндіретін зауыт құрылысы басталады. «Маңғышлақ-Мұнай» компаниясы табиғи газ өндіру кәсіпорнының құрылысы басталады деп жоспарлану үстінде. Жоба құны — 89 миллиард теңге. 130 миллиард теңгеге «Созақ Фосфат» компаниясының минералды тыңайтқыш өндіру зауыты салынып, 1 мың адам жұмыспен қамтылады. «Састөбе инновациялық комплексі» каустикалық содаға арналған тұз сақтау қоймасы құрылысын бастайды. Қоймада жылына 100 мың тонна тұз сақтауға мүмкіндік болады. «Созақ мұнай және газ» компаниясы қуаттылығы 2 миллиард текше метр болатын газ өндіру жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Жобаның құны 700 миллиард теңгені құрайды. Бүгінгі таңда жаңа зауыттардың құрылысына аудан аумағынан жер телімдері айқындалып, құрылыс жұмыстарына қажетті барлау жұмыстары жүргізіліп, құжаттары рәсімделуде. Бұл жобалар іске асырылғанда 1 706 тұрақты жұмыс орны ашылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен септігін тигізетін болады. Облыс және аудан әкімдігі өнеркәсіп саласын дамытуға күш салып жатқанын айта өткен жөн. Халықты тұрақты жұмыспен қамту үшін зауыт-фабрикалар салуға басымдық беріп жатыр. Кәсіп бастауға ниетті барлық азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетілу үстінде. Ауданның бірқатар маңызды мәселелері кезең-кезеңімен, заң талаптарына сай жүзеге асып жатқаны тағы бар. Айталық, осы уақыт ішінде алдағы қыс-көктемгі су тасқынының алдын алу үшін Аққолтық елді мекеніндегі бөгеттер тұрғызылып, арықтар қазылды. Балдысу және Қарабұлақ елді мекендерінің тұрғындарына қосымша су өткізгіш құбырларын орнату жұмыстары жүргілуде. Шолаққорған ауылының ішкі газ құбырының желісін тарту жұмыстары биыл толық аяқталады. Ауылға газ беру үшін автоматты газ тарату станциясы мен магистральды газ құбырының құрылысы келер жылы аяқталады. Ақшам, Наурыз шағынаудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Электр жарығының жиі өшуіне байланысты ескі подстанция жаңартылатын болды.» — деді аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков

Сонымен қатар, Созақ ауданының инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасуда. «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясы инвестициялық бағдарламасының аясында биыл 26,5 шақырым электр желісі мен тозығы жеткен 3 трансформаторды ауыстырды. Ағаш бағаналары темір бетон бағаналарына ауыстырылып, жаңа трансформаторлар орнатылып жатыр. Биыл жергілікті бюджеттен қосымша 362 миллион теңге қаржы бөлініп, 11 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын атап өткен жөн. Сондай-ақ, облыстық маңызы бар Шолаққорған — Созақ, Созақ — Қарағұр, Шолаққорған — Құмкент жолдарының 152 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Айта кетейік, аудандағы салалық бөлімдердің мәлімдеуінше келер жылы барлық ауылдардың ішкі көшелерін 100 пайыз жарықпен қамтамасыз ету қолға алынып, барлық округтерді тазалыққа қажетті техникалармен қамту жоспарланып отыр. Биыл, Балдысу және Қарабұлақ елді мекендерінде ауыз су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, тұрғындар орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілуде. Ішкі көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көшелерді жарықтандыру мен абаттандыру сынды жобалар іске асырылуда. Аудан орталығында және Жеткіншек елді мекенінде 16 көшеге асфальт жабындысы төселіп, 35 көшеге жаңа жарықшамдар орнатылды.

Сонымен қатар, биыл аудандағы ауқымды істердің бірі жеке инвесторлар арқылы екі пәтерлі 24 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Құрылыстың сәулеті мен сапасына аудан әкімі ерекше көңіл бөліп, аталған нысандардың уақытында аяқталуын басты назарға алып отыр. Қазіргі таңда тұрғын үйлердің сыртқы фасадтары травертинмен безендіріліп, аулалары темір қоршаумен қоршалған. Ішкі жұмыстардың қарқыны да арта түскен. Су және жылу жүйелері жүргізіліп, қабырғаларға түсқағаздар жабыстырылуда. Едендері төселіп, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне басымдық берілуде. Әр тұрғын үйдің жалпы алаңы 71,1 шаршы метрді құрайды. Бұл баспаналар көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік аз қамтамасыз етілген және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қуанышқа бөлемек.

Сонымен қатар,  биыл 200 орындық заманауи «Спорттық-сауықтыру» кешенінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жалпы ауданы 3 гектарды құрайтын жаңа спорттық кешен оқу-жаттығу базасымен толық жабдықталып, тіпті халықаралық спорттық жарыстарды өткізуге мүмкіндік бермек. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстарды да басты назарға алып, мердігер мекеменің өкілдері мен жауапты сала мамандарына нақты тапсырмаларды уақытында жүзеге асыруды бақылап отыр.  Қазіргі таңда жалпы ауданы 3 гектарды құрайтын спорт кешенінің металл құрылымдары орнатылған. Бұл жаңа кешен оқу-жаттығу базасымен толық жабдықталып, халықаралық спорттық жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді.

Аудандағы тағы бір ауқымды жоба «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы. Бұл бойынша Шолаққорған ауылындағы 1961 жылы салынған Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің жанынан жаңа 900 орындық мектептің құрылысы биыл басталып, келер жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Биыл оқушылардың сапалы білім алуына толық жағдай жасау үшін, 23 оқу кабинеттерін жабдықтауға 182 миллион теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Созақ ауданының әкімі Мұхит Сексенбайұлы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс жұмыстарға баса мән беру керектігін де атап өтті. Сондай-ақ жұмыс барысын ширату, жоспарлар мен жобаларды уақытында және сапалы аяқтау керектігін ескертіп, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктелді.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*