ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Кентау қаласындағы тозығы жеткен көпқабатты тұрғын үй аулаларын аралап, қаладағы Халыққа қызмет көрсету орталығында болды.
Фракцияның жетекшісімен бірге облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов алдымен тозығы жеткен көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарымен танысты. Тұрғындармен кездесіп, мәселелерін тыңдады.
Кенді қалада 56 көп қабатты тұрғын үй аулалары бар. Солардың қатарында абаттандыру мақсатында, 33 ауланың жобалау сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Алайда жергілікті халық аулада қауіпсіздік шараларын сақтау, абаттандыру, балалар алаңшаларын салу және қоқыс мәселесін айтып наразылық білдірді. Үй аулалары мен көше бойын жарықтандыру қажет екендігін айтты.
Шағым айтқан халыққа Мәжіліс депутаты;
— Кентау қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің жағдайы төмен екенін білемін. Алайда бүгінгі келген мақсатымыз осы аулаларды абаттандыру жұмыстарымен танысу. Көгалдандыру жұмыстарын жасау. Аталған 33 үйдің ауласын абаттандыру бойынша құжаттар жасалды. Республикалық бюджеттен қаржы қаралып, жұмыс жасалатын болады-деді Е.Бейсенбаев.
Кентау қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлердің 33 ауласын абаттандыру мемлекеттік жекешелік әріптестік арқылы жүзеге асыру 2022 жылы жоспарланған. Сметалық жоба құны -5 082,225 мың тенге.
Сонымен қатар, Фракция жетекшісі Кентау қалалық Халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратында болып, қызметкерлермен кездесті.
Мекеме ғимараты Кентау қаласы әкімдігінің теңгерімінде болғандықтан, 2012 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, жөндеу жұмыстарының жоқтығына байланысты мұнда электр желісінде ақау бар. Салдарынан электр жарығы жиі сөніп, халыққа қызмет көрсетуге кедергі келтіреді. Резервтік генератор жоқ. Оған қоса мүмкіншілігі шектеулі жандардың ғимаратқа кіріп шығуына бейімделмеген.
Сондай-ақ, қалалық халыққа қызмет көрсету орталығында интернет желісінің жылдамдығы өте төмен,- деді мекеме қызметкерлері.
Фракция жетекшісі кездесуде айтылған барлық өтініш- тілектерді назарға алып, партия тарапынан бақылауда болатынын айтты.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі
Бөлісу