«Интернет алаяқтықтың алдын алу» тақырыбында Сарыағаш АПБ ЮПТ инспекторлары — полиция аға лейтенанты Ж. Ешімова және полиция капитаны М. Елемесова Арыстанбаб колледжінің мұғалімдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында интернеттегі алаяқтық түрлері, одан қорғану жолдары және құқықтық жауапкершілік туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ең күрделі әрі көп жасалатын қылмыс түрлері – пәтер ұрлығы мен алаяқтық. Алаяқтық негізінен интернет жүйесі, яғни инстаграм, OLХ секілді қосымшалар арқылы іске асып жатыр дейді мамандар.
«Халық сондай парақшалардағы жалған ақпараттарға сеніп қалады. Алатын затын, басқа нәрселерді қолмен ұстап көрмей тұра, ақшаны алдын ала аударып жібереді. Ақшасынан айырылғанына көзі жеткен соң ғана шағымданып жатады. Алаяқтықтың тағы бір түрі, мысалға, «100 мың теңге жіберсең, екі жүз мың қылып қайтарып аласың» дейтін немесе арзан автокөлікті саудаға шығарып, алдын ала бастапқы сомасын төлеуді ұсыну секілді жалған ақпараттар. Оңай олжаға кенелуді, арзан көлікті иеленіп қалуды көздеген аңқау халық сол кезде қалайша алаяқтың құрбаны болғанын аңдамай қалады, сол себепті де тұрғындарға айтарымыз: оңай жерде ақша болмайды! Ешкім де өзінің мүлкін арзанға бере салмайды! Осыны ойланғандары абзал. Ғаламторды торуылдайтын алаяқтар дәстүрлі алдау қағидаларын ұстанғанымен, олардың ерекше сипаттары да бар. Мәселен, олар интернетті пайдаланатындықтан, халықаралық деңгейде таралуымен ерекшеленеді. Яғни бір елде отырып, екінші елдегі адамдарды алдап-арбай беретін шекара талғамау сипаты бар. Екіншіден, интернет-алаяқтар жасырын болып келеді. Яғни олар жалған жеке және заңды тұлғалардың атынан жиі әрекет етеді.
Қазіргі таңда адамдардың көпшілігі кез келген затты сату немесе алу үшін арнайы сайттарды пайдаланады. Мысалы бір адам өзінің автокөлігін сату үшін арнайы сайтқа хабарландыру береді. Көп өтпей оған біреу хабарласып: «Маған сіздің көлігіңіз ұнап тұр. Сатып алайын деп едім», – дейді. «Жақсы, келіп көруіңізге болады», – дейді сатушы. Бірақ, анау: «Мен барғанша сатып жібермейсіз бе? Мен Ресейде едім. Сізге барам дегенше 2-3 күн өтеді. Сондықтан, сізге 100 мың теңге кепілақы беріп қояйын. Сөйтіп, мен алып кеткенше сатпай ұстап тұрсаңыз», – дейді. Клиенттің табыла кеткеніне қуанған адам да көп ойланбастан оған банк картасының нөмірін береді. Сәл уақыттан кейін қайта телефон шалған сатып алушы: «Мен сізге ақша аудардым. Қазір сізге бір хабарлама келуі тиіс. Сол хабарламадағы сандарды маған айтып жіберсеңіз, сізге ақша түседі», – дейді. Негізі, интернет-банкингті пайдаланатын адамдар біледі, ол жерде түрлі операцияларды орындағанда, банк код жібереді де, астында «Ешкімге бермеңіздер» деп жазып қояды. Бірақ, бұл кісі болса келген кодты айта салып, алаяққа алданып, сан соғып қалды. Өйткені, осы код арқылы әлгі адамның интернет-банкингіне кіріп, оның есеп-шоты бойынша кез келген операцияны жасай беруге болады.» – деді Сарыағаш АПБ ЮПТ инспекторы — полиция аға лейтенанты Ж. Ешімова
Бұдан бөлек, енді төлем картасынан қолма-қол ақшаны алу үшін мобильді телефонның болғаны жеткілікті, мұнда да оған банкоматтан ақша алу үшін банктен код жіберіледі. Бұл қызмет түрі дұрыс қолданған тұтынушылар үшін өте тиімді. Алайда осы қызмет түрі бойынша да екі-үш айдың ішінде қаншама адамдар алаяқтарға алданған екен. Алаяқтар алдымен адамдардың сеніміне кіріп алады да, сосын «келген парольді айтып берсеңіз», дейді. Парольді қолына алған алаяқ оның шотындағы ақшаның бәрін өзіне аударып алады немесе қолма-қол шешіп алады.
«Интернет-дүкендермен байланысты алаяқтықтар да көп кездеседі. Ғаламторда, әлеуметтік желілерде әртүрлі заттар, киім-кешек, телефон, басқа да тұрмыстық бұйымдарды арзан бағада сатамыз деп жарнамалап жататындар бар. Олардың арасында шынымен интернет арқылы сауда-саттық жасайтындармен қатар, алаяқтықпен айналысатындар да аз емес.» – деді полиция капитаны М. Елемесова
Еліміздің банктері мен байланыс операторлары алаяқтықтың жаңа түрі туралы мәлімдеме жасап отырады. Интернет алаяқтар қазір елдің ақшасын интернет-мессенджерлер арқылы үптеп кетуге тырысады екен. Қаржы жобаларын ұсынып, өзін брокермін деп таныстыратын алаяқтар да қаптап кеткен. Қазіргі кезде инвестициялық жобаларға қатысты алаяқтық жиілеген. Азаматтар жинаған ақшаларын қаржы жобаларына саламыз деп сан соғып жатады. Одан өзге әлі алмаған тауарына немесе қызметке ақша жіберіп, алданып жатады. Полиция қызметкерлері бұл бағытта жүйелі түрде кездесулер өткізіп, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, сақ болуға шақырады. Сондықтан, мұндай түсіндірме жұмыстарын жүргізу шаралары азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, интернет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.