Төлеби аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Қоғамдағы түйткілді мәселелерде бірлесе қызмет атқаруды пысықтау» тақырыбында семинар болып өтті. Шараға аудан әкімі орынбасары С.Дүйсебаев және Облыс бас имамы Е.Төлепов, Республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі Түркістан облысы Сайрам ауданының бас имамы А.Оспанов, ҚМДБ қызметкерлері, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Шыңғысбаев және ішкі саясат бөлімінің маманы А.Құрманалиев, қала, ауылдық округ әкім аппаратының қызметкерлері, емхана қызметкерлері, ақсақалдар, ардагерлер кеңесінің мүшелері, әжелер алқасы және аналар кеңесінің мүшелері қатысты.
-Халықтың бақуатты өмір сүруі үшін ең әуелі елдің бірлігі мен ауызбіршілігі маңызды. Ынтымағымыз ыдырамаса, ел үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайтыны бесенеден белгілі дүние. Қай уақытта болмасын бейбітшілік пен тыныштықты сақтаудың мәні мен маңызы зор. Тәуелсіздігімізді сақтап, мемлекетімізді өркендету жолында мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағытты ұстану – еліміздің әрбір азаматының міндеті деу артық емес деп есептеймін. Жалпы біздің қоғамға жат діни идеологияны ұстанушылар мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызбен сабақтасып өрілген ұлттық құндылықтарды жою арқылы, ұлттың өзін жойға ниеттенеді. Біз осындай шектен шыққан көзқарастардың алдын алып, мемлекеттің тұтастығы мен тұрақтылығына қауіп төндіретін теріс ағымдардан сақ болуымыз керек. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді»,- деген ата бабамыз ұрпағына ойлы сөздер қалдырған. Бұл сөз бүгінгі қазақ қоғамына айтылғандай көрінеді. Себебі, бүгінгі күні дін төңірегінде кейбір жастарымыздың бөлінуі тым шектен шығушылыққа алып бара жатқандай. Жасыратыны жоқ, соңғы уақыттары ел ішін ала тайдай бүлдіріп, жаңашылдық әкелмек болған кейбір дін атын жамылған ағымдардың идеологиясы жүріп жатыр. Осындай ағымдардың шырмауына түскен кейбір қандас жастарымыз «дінде жүрмін» деп өздерін дүбәра халге салғанын білмей дал. Олар тар түсінігімен және шариғи білімсіздігімен діннің берік те бекем қағидаларына қарсы шығып, тәлім-тәрбиесі мол қазақтың салты мен дәстүріне дұшпандық жасауда. «Анау болмайды, мынау болмайды» немесе «анау шірк, мынау шірк», онан қалды «анау бидғат, мынау бидғат» деп дінді енді үйренуге келген жандардың санасын мешітке жеткізбей улап-ақ жатыр. «Іштен шыққан жау жаман» деген осы шығар.» — Төлеби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев.
Семинар барысында қоғамдағы келеңсіз нәрселердің алдын алу, жасөспірімдерді түрлі жат қылықтан аулақ қылу, ҚМДБ тарапынан бекітілген «Қазалы үйде қазан көтермеу» ас мәзірін насихаттау және тағы да басқа тақырыптар қозғалды.
— Бүгінгі жастарымыз қоғамдағы келеңсіз нәрселердің алдын алып, жақсы амалдарды көбейтуге, адамдарды күнә істерден аулақ болуға, керісінше, сауапты істерді көбірек жасауға, жақсы азамат болуға, имандылыққа және адамгершілікке сай іс-әрекет қылса дегіміз келеді. Сонымен қатар, жас ұрпақ жалқаулық пен бұзық ойлардан аулақ болып, еліне қызмет етуге, жаратылғанға жанашырлық көрсетуге, адами қасиеттер мен көркем мінез-құлықты болуға ұмтылғаны абзал. Бастысы «қоғамнан не алсам» деп емес, «қоғамға не берсем» деген санаға жетуі маңызды. Егер дін жолын ұстанған жастарымыз өзгеге үлгі боламын десе, алдымен өзі әдепті, мәдениетті, ішкі-сыртқы өзгерістерге дайын, парасатты болуы қажет деп ойлаймын. Ежелден Ислам дінін өмірінің бұлжытпас қағидасына айналдырған ата-бабамыз бөлінуге емес, ұрпағын бірігуге шақырумен келді. Олар береке-бірлігі жарасқан елді жау алмайтындығын білді. Бүгінгідей заманда еліміздің қоғамдық өмірінде діннің рөлі артып, оның имандылық, рухани және әлеуметтік функциялары күшейе түскені белгілі. Республиканың барлық өңірлерінде мемлекеттің дін саласындағы саясатын түсіндіру мақсатында маңызды істер қолға алынып, мемлекет тарапынан ауқымды істер атқарылып келеді.» — деді Республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі А.Оспанов
Сондай-ақ, «Қоғамдағы түйткілді мәселелерде бірлесе қызмет атқаруды пысықтау» тақырыбында өткен семинар барысында мамандар өзара пікір алмасып, қойылған сұрақтарға да жауаптар берілді.