Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация мүшелері Қытай еліне жұмыс сапарын Шаньдун провинциясының Цзинин қаласында жалғастырды. Сапар барысында сарымсақ өндірісі бойынша әлемдегі көшбасшы саналатын «Wanglin Group» компаниясының басшысымен маңызды кездесулер өтіп, стратегиялық әріптестік туралы келіссөздер жүргізілді. Өңірдің аграрлық сектордағы инвестициялық жобаларын талқылауға басымдық берілді. Кездесу барысында сарымсақ өсіру және өңдеу бағытында бірлескен жобалар жүзеге асыру мәселесі көтерілді.

Халықаралық компания өз тәжірибелерімен бөлісіп, Түркістан облысының агроклиматтық жағдайын жоғары бағалады. Инвесторлар тарапынан өңірге нақты қаржы салу, заманауи қайта өңдеу зауыттарын салу және экспорттық логистиканы дамыту мәселесі талқыланды. Кездесу нәтижесінде тараптар Түркістан облысында агроиндустриялық кластер құру, сарымсақ өсіру көлемін арттыру, фермерлермен ұзақ мерзімді келісімшарттар орнату және дайын өнімді шетелге экспорттау бағытында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.

Сапар аясында делегация компанияның өңдеу цехтары мен логистикалық инфрақұрылымымен танысып, сарымсақты терең өңдеу мен экспортқа бағытталған өндіріс алаңында болды. Дүние жүзіндегі сарымсақ бағасын реттеу орталығының жұмысымен танысты. Қытайдың ең ірі сарымсақ өндірушілерінің тарихы тереңде жатыр. Компанияның сарымсақ өнімдерін қайта өңдеу, мұздату, кептіру, сақтау және әлемдік нарыққа шығару саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар. Жалпы егістік көлемі – 500 мың га, жылына 8 млн тонна өнім сатуға шығарылады. Экспорт көлемі – $4 млрд. Сақтау қоймасы – 4,8 млн тонна. Сарымсақтан сан алуан түрлі дәрі-дәрмек, дәрумендер шығарады. Қытайлық мамандар сарымсақтың пайдасы көп екенін айтады. Пияз тұқымдас көкөніс түрін көршілес елдің адамдары тек медицинаға емес, белсенді түрде барлық ет және жеңіл тағамдарына да ұоспа ретінде пайдаланады. Негізі көрші елдің ғалымдары мен ауыл шаруашылығының мамандары да сарымсақтың пайдасы тек тамаққа қосатын дәмдеуіш ретінде ғана болмағанын біліп, оны терең өңдеуге баса назар аударған екен. Бүгінде Қытай елі сарымсақты терең өңдеу саласында көш бастап тұр деп айтуға болады. Тіпті, халық медицинасында да бұл ащы дақыл мыңдаған жылдар бойы қолданылған. Қытайлықтар осы уақытқа дейін көптеген ауруларды емдеуге мүмкіндік берген дәрі-дәрмектердің құрамына сарымсақ дәруменін қосып, түрлі рецептілерді сақтап келеді.

– Бүгінгі келіссөздер – Түркістан облысы үшін маңызды бетбұрыс. Біз ауыл шаруашылығы саласын дамытудың жаңа кезеңіне қадам басып отырмыз. Бұл бастамалар – Президентіміздің ауыл экономикасын көтеру жөніндегі тапсырмасына толық сай келеді. Ең бастысы – ауыл тұрғындарына нақты пайда әкелетін, тұрақты табыс беретін жобаларды іске асыру. Біздің диқандар табиғи өнім өндіруге машықтанған. Енді оларды халықаралық нарыққа шығару үшін жаңа технологиялар мен инвестициялар қажет. Бұл – жұмыс орындарын көбейтуге, ауылдағы табысты арттыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға сеп болады. Біз осыған бар күшімізді саламыз, – деп түйіндеді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Сапар аясында Түркістан облысының делегациясы қытайлық аграрлық технопарктердің жұмысымен танысып, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, логистика мен экспортқа шығару механизмдері бойынша тәжірибе алмасты. Сондай-ақ делегация сарымсақ саласына арналған мемлекеттік музейге барып, Қытайдың агроөнеркәсіп саласындағы жетістіктерімен, сарымсақ өсіру және өңдеу тарихымен танысты. Музей экспозициясында ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі технологиялар мен ғылыми жетістіктер ұсынылған. Көбінесе, сарымсақтың отаны деп Орталық Азия аталады. Кейбір деректерде Алтай таулары мен Тянь-Шань арасындағы жазықтық деп жазылған. Мыңдаған жыл бұрын ол Қытайға, Египетке және басқа елдерге келуі де мүмкін деген дерек те жоққа шығарылмайды. Басқа нұсқалар бойынша, сарымсақ Орта Азия немесе Ауғанстанның тау бөктерінде, Оңтүстік-батыс немесе тіпті Оңтүстік Азияда пайда болған. Мұнда жергілікті халық әлі күнге дейін жабайы өсетін сарымсақты пайдаланады, ол өзге дақылдардан айтарлықтай ерекшеленбейді. Оның өткір иісіне қарамастан, ежелгі Мысырда да, Грекияда да, Римде де, Үндістанда да өсірген.

Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша жетекші өңірлердің бірі. Жыл сайын ондаған мың гектар жерге сарымсақ, пияз, көкөніс және бақша дақылдары егіледі. Облыста аграрлық секторды әртараптандыру, қайта өңдеу кәсіпорындарын көбейту, суармалы егіншілікті дамыту мақсатында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда облыста ауыл шаруашылығы саласына шетелдік инвестиция тартуға барынша жағдай жасалып отыр. 2025 жылы өңірге тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемін 30%-ға арттыру жоспарланған.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*