Ордабасы ауданы да осындай жобаларды жүзеге асырудан кенде қалып отырған жоқ. Шұбар ауылының іргесіндегі «Арыс» өзенінің жағасында жұмыс істей бастаған «АҚ ОРДА Б» ЖК-нің өңірде балық өсіру шаруашылығы өркендеп келеді. Жалпы аумағы 4,5 гектар. Оның ішінде 1,3 га жерге тоған қазылып, 20 мың сазан шабағы жіберілген. Жоба құны – 20 млн теңге. Жылына 60 мың тонна сазан шабақтарын өсіріп отырған шұбарлық кәсіпкер Бақытжан Бекбосынов аталған кәсіпке ден қойған. Келесі жылдан бастап өз өнімін нарыққа шығаратын ол жергілікті үш азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкердің айтуынша, тәжірибелік тұрғыда және өзге де бағыттарда кәсіпкерлерге жергілікті әкімдік тарапынан тиісті деңгейде көмектер ұйымдастырылуда. Бүгінде кәсіпкер тағы 3,0 га жерге тоған қазуды жоспарлауда. Айта кетсек, қазіргі таңда Ордабасы ауданында балық өсіру саласы кең өріс алып келе жатыр.

Келесі кезекте, Келес ауданындағы балық шаруашылығы жайында айта кеткен жөн.Ауданның климаттық жағдайы балық шаруашылығына қолайлы. Бүгінде тұрғындар жаңа технологияларды қолдану арқылы балық өсіру саласында белсенділік танытуда. Ақтөбе ауылдық округіндегі «Бозсу» шаруақожалығы 4,8 гектар аумаққа балық өсіріп, дайын өнімді ішкі нарыққа шығарып жатыр.

«— Бүгінде балықтың аққайран және сазан түрін өсірудеміз. Шабақты Өзбекстаннан және көрші Сарыағаш ауданынан алдық. Жалпы 1 млн дана балық уылдырығын тастадық. Балық салмағы 150 грамм болғанда шаруаларға саудаладық,»– дейді шаруақожалық басшысы.

Айта кетейік, Келес ауданында балық өсірумен айналысатын кәсіпорындар мен фермерлік шаруашылықтар қатары артып, бұл жергілікті экономиканың дамуында маңызды рөл атқаруда. Оған қоса, жергілікті су айдындарында биологиялық теңгерімді сақтау үшін арнайы шаралар қолға алынған. Алдағы уақытта Келес ауданында балық шаруашылығын одан әрі дамыту мақсатында инвестициялар тартылып, заманауи технологияларды қолдану көзделуде.

Бұл бағыттағы тағы бір ауқымды жобалардың бірін айтар болсақ, Түркістан қаласында заманауи балық шаруашылығы кластері құрылады. Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Өзбекстан Республикасынан келген инвесторлармен кездесіп, оның нәтижесінде әуежай жанындағы жағажайда заманауи балық шаруашылығы кластерін дамытуға бағытталған жаңа инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысын талқылаған болатын. Қала әкімі инвесторлармен бірге жобаның жоспарланған аумағына арнайы барып, ондағы инфрақұрылымдық және инвестициялық мүмкіндіктерді де таныстырған.

Аталған жобаға Өзбекстандық инвесторлар тарапынан 5 миллион АҚШ доллары көлемінде жеке инвестиция тарту көзделіп отыр. Жалпы аумағы 100 гектарды құрайтын кешеннің 70 гектары — су қоймаларына, 10 гектары — интенсивті бассейндерге, ал қалған 20 гектары — әкімшілік және өндірістік нысандар мен туристік инфрақұрылымға арналмақ.

Жоба шеңберінде инкубациялық құрылғылар, балық өсіруге арналған интенсивті су айдындары, шабақ және балапан балық өсіретін шаруашылықтар құрылып, сонымен қатар 200 орынға арналған заманауи қонақүй мен мейрамхана салу жоспарлануда. Жоба толық іске қосылған кезде жылына 1000 тонна балық, 50 миллион дана шабақ және 400 мың балапан балық өсіріледі деп күтілуде. Жобаны жүзеге асыру алты кезеңнен тұрады. Толық іске қосылу мерзімі — 2 жыл. Сонымен қатар, 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қазіргі таңда тараптар арасында өзара ынтымақтастықты бекітуге бағытталған құжаттар дайындалып жатыр. Жоба аясында инвестициялық меморандум жобасы да қаралуда.

Жалпы Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту үшін келесі бағыттарға баса назар аудару маңызды. Яғни су қоймаларын тиімді пайдалану және молайту жұмыстары және балық түрлерін көбейту, сапалы тұқыммен қамтамасыз ету. Одан бөлек заманауи технологияларды енгізу қазіргі заман талабы болып тұр. Ал жергілікті билік тарапынан кәсіпкерлерге қолдау, жеңілдетілген несие мен инфрақұрылымдық көмек әрқашан көрсетіледі. Кәсіпкерлердің басты міндеті заңды талаптарды сақтап, табиғи тепе-теңдікті бұзбай дамыту болып табылады.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*