Елімізде жүзеге асырылып жатқан “Таза Қазақстан” жалпыұлттық акциясы – табиғатты қорғау, қоршаған ортаны таза ұстау, экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған маңызды бастама. Бұл игі іске еліміздің әр өңіріндегі білім беру ұйымдары – мектептер, колледждер мен оқу орындары – белсенді атсалысып, үлгі болатын деңгейде еңбек етіп келеді.
Мектеп – тек білім беретін орын емес, жас ұрпақты тәрбиелейтін, жауапкершілікке баулитын орта. Осы акция аясында білім ұйымдары сенбіліктер ұйымдастырып, мектеп аумағын, көшелер мен қоғамдық орындарды тазалап және жас көшеттер егіп, көгалдандыру жұмыстарын да жүргізді. Сонымен қатар экология, табиғат қорғау жөнінде түсіндіру шараларын өткізді. Бұл жұмыстар оқушылардың бойына туған жерге деген сүйіспеншілікті, табиғатқа жанашырлықты қалыптастыруға зор ықпал етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына қолдау білдірген Түркістан қаласында орналасқан білім ордалары да аптаның әр сенбісінде тазалық жұмыстарын жүргізуде.

Атап айтар болсақ, Түркістан қаласы білім бөліміне қарасты Хамза атындағы N2 жалпы білім беретін мектебінде 2025 жылдың 20 желтоқсан күні «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілік ұйымдастырылып, аталған шараға мектеп ұжымы, кіші қызметкерлер белсене қатысып, мектеп ауласын жапырақтар мен қоқыстан тазартып, тәртіпке келтірді.
Сенбіліктің басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, жасыл желекті көбейту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және ұжымдық жауапкершілікті арттыру болды.

«- Мұндай іс-шаралар экологиялық мәдениетті қалыптастырып, мектебіміздің тазалығы мен көркіне ортақ жауапкершілікті арттыра түседі.Таза табиғат-денсаулық негізі.Өз қаламыздың, білім ордамыздың табиғатын көркейтуге үлесімізді қосайық! Сенбілікке атсалысқан ерікті ұстаздар және кіші қызметкерлерге белсенділігі мен табиғатқа деген жанашырлығы үшін алғыс айтамыз!!» – дейді білім ордасының басшылығы.
Сонымен қатар, Түркістан қалалық білім бөліміне қарасты «Ж.Жабаев атындағы №11 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 20 желтоқсан күні «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында мектеп аумағында сенбілік тазалық жұмыстарын өткізді. Қоршаған ортаның тазалығын сақтау әр адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші. Мектеп ұжымы және кіші қызметкерлер де сенбілікке белсене атсалысты.

Сондай-ақ, шахардағы “Әл-Фараби атындағы N10 жалпы білім беретін мектебінде де “Таза Қазақстан” экологиялық жобасы аясында әр аптаның сенбісінде тазалық жұмыстары жүргізіледі. Кезекті тазалық шарасында мектеп қызметкерлері ғимараттың ауласы мен жақын орналасқан көшелерді қоқыстардан тазартты. Мектеп мұғалімдері мен қызметкерлері қоршаған ортаның ластанбай таза болуына өз үлестерін қосты. Сенбілік — бұл қоғам болып жиналып, қоршаған ортаны тазалау, абаттандыру үшін өткізілетін ерікті еңбек күні. Мақсаты — тазалықты сақтау, экологиялық мәдениетті арттыру.

Одан бөлек, бұл күні «М.Маметова атындағы жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде Түркістан қалалық білім бөлімінің 08.12.2025 жылғы №41-03/4500 санды хатын басшылыққа ала отырып,«Таза Қазақстан» акциясы аясында мектеп ауласына ұжым мүшелері сенбілік жұмыстарын ұйымдастырды. Сенбілік барысында қоқыстардан, ағаш жапырақтары мен шөптерден таратылды.

Аталған акцияға Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясы да өз үлесін қосты. Іс-шара барысында оқу ордасының ауласы тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, ағаштардың түскен жапырақтары жиналды. Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бұл игі іске ұжым мүшелері белсене атсалысты. Тазалық пен жауапкершілікті басты құндылық ретінде ұстанған барша әріптестерге мектеп басшылығы шынайы алғыстарын білдірді.

Тазылық жұмыстарына кейде өз еріктерімен оқушылар да белсенді түрде атсалысады. Бұл қуантарлық нәтиже, себебі акция кезінде оқушылар таза орта үшін өз еркімен еңбек етеді, жасөспірімдер қоғамдық жауапкершілікті сезінді, “тазалық – әркімнен басталады” деген түсінік нығайды және ұжымдық еңбек, ұйымшылдық, бірлік арта түседі. Осылайша балалардың табиғатты қорғауға деген көзқарасы өзгеріп, экологиялық мәдениет деңгейі жаңа сатыға көтерілді.

Бұл тұста мұғалімдер мен ата-аналардың қолдауы да ерекше. Олар ұйымдастырушылық жұмыстарды үйлестіріп, балаларға үлгі көрсетеді. Түсіндірме, насихат шараларын да жүргізеді.Осының нәтижесінде “Таза Қазақстан” акциясы тек науқандық емес, үздіксіз жалғасатын игі дәстүрге айналып келеді.
“Таза Қазақстан” акциясына білім ордаларының қосқан үлесі – мемлекет бастамасына жасалған қолдау ғана емес, болашақ ұрпақтың экологиялық санасын қалыптастыру жолындағы үлкен қадам. Табиғатты аялаған ұрпақ – елдің ертеңі. Сондықтан білім ұйымдарының белсенді еңбегі – еліміздің экологиялық қауіпсіздігіне қосылған нақты үлес деп толық айтуға болады.