Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Шаньдун провинциясындағы Линьи қаласында орналасқан бірқатар ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Делегация ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін «Shandong Huasheng Zhongtian» зауытымен, электр желілеріне арналған металл тіректерді шығаратын кәсіпорын және көше жарығын қамтамасыз ететін жабдықтар өндірісімен де танысты. Барлық өндірістік орындар заманауи технологиялармен жабдықталған және өнімдерін сыртқы нарыққа экспорттайды. Компания жоғары берік әрі ұзақ мерзімділікке негізделген металл тіректерді өндіреді. Бұл электр желілері мен қоғамдық жарықтандыру секторларында қолданылады. Көшелерге арналып арнайы LED шамдар мен толық жарық жүйелері шығарылады, қалалар мен өнеркәсіптік аймақтарды жарықтандыруға қолданылады.
Күн сәулесінің жарықдиодты шамдары – күн сәулесін электр энергиясына түрлендіреді, экологиялық таза. Облыс әкімі Түркістан облысында жаңадан салынып жатқан зауыт, фабрикаларға ыңғайлы жарықтандыру құралдарын кеңінен пайдалану жолдарын қарастыруды құптап, жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берді. Түркістан облысында жергілікті инфрақұрылымды жаңғырту бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Былтыр өңірде 21 мыңнан астам көше шамы орнатылып, оның 14 мыңға жуығы бюджет есебінен, қалғаны демеушілік есебінен іске асырылды. Биыл қосымша 7 522 көше шамын орнату жоспарланған. Шетелдік жаңа технологияны өңірде қолдану жолдары қарастырылады. Сондай-ақ облыс әкімі бастаған ресми және іскерлік делегация ауыл шаруашылығы техникасы көрме орталығына да барып, әмбебап бензин қозғалтқыштары, бау-бақша, саябақ және орман шаруашылығы техникаларының соңғы үлгілерін көрді.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, жаңа өндірістер ашу, технология трансфері және кадрлар даярлау мәселелері бойынша нақты ұсыныстармен алмасып, келіссөздер жүргізді. Түркістан облысы әкімдігі шетелдік серіктестермен тығыз байланыс орнатып, өңірге инвестиция тарту және жаңа өндірістерді іске қосу арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруды басты мақсат ретінде қойып отыр. Сапар барысында делегация әлемге танымал «Shandong Kamoya Smart Culture and Tourism Technology Co., Ltd.» компаниясының зауытыттарына барып, смарт капсулалы үйлер, тасымалданатын модульдік құрылымдар және заманауи туристік инфрақұрылым нысандарының өндірісімен танысты. Компания мен BNK GROUP LTD ЖШС арасында капсулалы үйлерді құрастыру бойынша бірлескен жоба басталып кетті. Алдағы уақытта бұл үйлер Түркістанда «KHAN TAU» брендімен өндірілетін болады. Қазіргі таңда алғашқы дайын өнім Түркістан өңіріне жөнелтуге әзір.
Мұндай үйлерге жер телімін рәсімдеудің қажеті жоқ, құрылыс экологиялық таза және энергия үнемдейтін принциптерге негізделген. Капсула ішкі жабдықтарына келсек, панорамалық терезелер, жатын және тұрғын аймақтар, толыққанды ас үй мен санитарлық тораппен қамтылған. Сонымен бірге «ақылды үй» жүйесі, кондиционер, мультимедиа жабдықтары және тағы басқа жаюдықтармен жабдықталған. Мұндай ғимараттарды туристік кешендер мен глэмпингтер, модульдік кеңселер мен мобильді үйлер, көрме павильондары, дала зертханалары, қонақүйлерге пайдалануға болады. 50 жылға дейін қызмет етуге жарамды. Кездесу соңында делегация өкілдері компания басшылығына жылы қабылдауы мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасағаны үшін алғыс айтты.
Айта кетейік, бұл Түркістан облыстық делегациясының көршілес елге жасаған алғашқы сапары емес. Өткен жылы да инвесторлармен кездесулер, тәжірбие алмасулар болып, нәтижесінде жүйелі жобалар да жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ, экологиялық мәселелерге үлкен мән беретін елдегі тәжірибені меңгеру, тың жобаларды бастау, озық технология шығару, оны меңгеру және басқа да жобалар талқыланған болатын. Кез келген мемлекет экономиканың барлық салаларын қолдайды және бұл тұрғыда өңдеу өнеркәсібіне негізгі басымдық берілетіні түсінікті. Инвесторлар жұмысқа қолайлы Түркістан өңірінде жаңа жоба бастауды қуана қолдайтындарын жеткізіп жатыр. Өңір халқының еңбекқорлығында ерекше бағалап келеді. Әсіресе ауыл шаруашылығын дамыту, табиғи тыңайтқыш түрлерін көбейту, құрылыс сапасына озық технология ендіру, өндірісті дамытуға қызығушылық танытуда. Сондай-ақ жаңа технологияларды меңгеруде маман дайындауға ерекше назар аударуда. Соңғы уақыттарда кен, өңдеу саласы, фармацевтика салалары бойынша ұсыныстар да жан-жақты талқыланып жатыр. Кезекті сапардың да маңыздылығы айрықша. Себебі қос елдің кәсіпкерлері арасында қарым-қатынастар нығайып, жаңа идеялар мен тың жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндіктер пайда болады.