«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы өкілді билік тармақтарындағы өз мүшелерінің қоғам алдындағы есеп беру кездесулерін өткізуде. Партия филиалы ашып берген брифинг алаңына бұл жолы Түркістан облыстық мәслихатына Келес, Жетісай және Мақтарал аудандарынан сайланған депутаттар Жаңабай Ағабеков, Бахыт Басымбек, Ербол Ералиев, Талғат Қаржауов, Жарқынбек Қанаев, Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы Медет Қасымов, Келес аудандық мәслихатының төрағасы Нұржан Шәулиев арнайы келіп, журналистер қойған саулдарға жауап берді.

Атқарылған жұмыстар жөнінде қысқаша хабарлама жасаған Келес аудандық мәслихатының төрағасы Нұржан Шәулиев 133 мыңнан астам халқы бар Келес ауданындағы депутаттық корпус 18 адамнан тұратынын, аудандық мәслихатта 5 тұрақты комиссия жұмыс жүргізетінін айтты. Биыл мәслихаттың 10 сессиясы өтіп, олардың қорытындысымен барлығы 73 шешім шығарылғанын тілге тиек етті. Тұрақты комиссиялардың отырыстарында аудандық және ауылдық округтердің бюджеттерін нақтылау, аудан әкімдігі жанындағы ведомствоаралық комиссиялардың дербес құрамдарына өзгерістер енгізу, ауданның әкімшілік аумақтық құрылысы және жергілікті атқарушы органдардың есептерін тыңдау туралы мәселелер қаралғанын атап өтті.

Жергілікті мәслихат құрамы халықты толғандыратын проблемалар бойынша атқарушы мемлекеттік органдарға 57 депутаттық сауал жолдап, оның 50-і толықтай орындалғанын хабарлады. Депутаттық мандат иелері тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, құрылыс, инфрақұрылым, жер қатынастары, денсаулық сақтау салаларын, заң мен тәртіпті орнықтыру мәселелерін көтергені айтылды. Сондай-ақ аудандық мәслихат өзінің өкілеттілігіне сәйкес, жүмыс сессияларында аудандық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелерін қарастырғаны түсіндірілді.

Осы мазмұндағы хабарламаны жалғастырған Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы Медет Қасымов 104 елді мекеннен тұратын Жетісай ауданы өңіріміздегі халық саны ең көп аймақтың бірі екенін айтты. Ауданның әлеуметтік және экономикалық мiндеттерін орындауда мәслихаттың қызмет ауқымы кең екенін айта отырып, биыл аудандық мәслихат депутаттары 9 сессия өткізіп, аймақ тұрғындарының тыныс-тіршілігін қамтитын маңызды мәселелер бойынша 54 шешімнің қабылдануына ұйытқы болғанын мәлімдеді. Тұрақты комиссияларда аудан тұрғындарының тұрмыстық ахуалын жақсартуға тікелей қатысы бар міндеттер бойынша 45 мәселе қарастырылғанын жеткізді. Мәслихат қызметінің ашықтығын қамтуда және маңызды мәселелер бойынша қабылданған шешімдердің жариялылығын үйлестіруде мәслихат сессияларының отырыстары «Youtube» платформасындағы онлайн-көрсетілімдерін жүргізу, бейнежазбаларын сақтау қолға алынғанын атап өтті.

Мәслихат төрағасы ретінде мектеп құрылысы, ауыз су жүйелерін тарту, ауыл шаруашылығы саласына қолдау көрсету, электр энергиясының сапасын көтеру, табиғи газбен қамту мәселелері бойынша 12 депутаттық сауал жолдағанын айтып, оның 11-і толықтай орындалғанын жеткізді. Ал ауданның депутаттық корпусы 107 депутаттық сауал жолдап, оның 98-і бойынша нақты шешім қабылдануына бастамашы болғанын атап өтті. Депутаттар көтерген сауалдар ауылшаруашылығы саласын дамыту, ауданда сайлау процесстерін жетілдіру, халықты жұмыспен қамту, интернет сапасын арттыру, инфрақұрылымдарды жаңарту, мектептер мен мәдениет үйінің және өрт сөндіру бекетінің құрылыстарын жүргізу, елді мекендерді абаттандыру, білім беру ісін жетілдіру, әлеуметтік қамсыздандыру шаралары, экология мәселелері, тағы басқа өзекті мәселелерді қамтығаны жария етілді.


Облыстық мәслихат депутаттарының есептері әрі қарай сұрақ-жауап форматында өтіп, масс-медиа өкілдері халық қалаулылары өкілдік ететін аудандардың өзекті мәселелерін көтерді. Қызу талқыға түскен мақта шаруашылығы бойынша қойылған сұрақтарға депутаттар мақтаның экономикаға беретін әсері мол екенін айтты. Бұл шаруашылық түрі экономиканың тұтас сегменттерін қамтуға қауқарлы деп бағалады. Рас, өндіріліп жатқан мақтаның, оның сатып алу құнын белгілеуде бірқатар қиындықтар бар екенін айта отырып, оларды еңсерудің жолдары да бар екенін білдірді. Биыл көп жылдардан бері алғаш мәрте облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қолдауымен Жетісай, Мақтарал аудандарының дихандары ағын судан тапшылық көрмегендерін жеткізді. Мақташыларға қолдау айрықша болғанын атап өтті.

Ауылшаруашылығы саласына инвестиция тартудың маңызды екенін айтқан депутаттар, бұл бағытта да іргелі өзгерістер бар екеніне тоқталды. Аграрлық салаға қаржы бөлуге даяр шет елдік инвесторлардың үлесі артып жатқанын қуанарлық жағдай деп бағалады. Өңірімізде жеміс-жидек өсіру, қауын қақ даярлау технологияларын дамыту болашағы бар жобалар екенін мәлімдеді.

Еркін мазмұнда өткен жиында журналистер аудандардағы «Жайлы мектептердің» құрылысы, жұмыс күші тапшы солтүстік облыстарға облыс тұрғындарының көші-қонын ұйымдастыру, жергілікті футбол командасын қолдау бағытындағы депутат ұстанымы, көлік тығыны орын алып жатқан аймақтарда айналма жолдардың құрылысы, халықтың жерге байланысты сұраныстары, тұрғындармен тиімді кері байланыс арналарын түзу міндеттері, азаматтардың өзекті деген мәселелеріне байланысты депутаттық сауалдардың көтерілуі сынды мәселелер қозғалып, депутаттар тарапынан нақты жауаптар берілді.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*