Түркістан облысының орталығында Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Тұран даласының күйлері» атты күйшілер байқауы өтті. Ұлттық домбыра күніне арналған шараға қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев және Түркістан облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов және Түркістан қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы  Ұлжалғас Мұстафева, сондай-ақ Сауранбек Елеуов, Несіпкүл Өтебаева, Рыс Ташиметова, Гүлжанат Дюсенбаева тағы да басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.

Талантты жастар арқылы елдің рухын оятатын, жігерлендіретін, отаншылдықты насихаттайтын күйлерді ел арасына кеңінен на­сихаттайтын байқаудың қазылар алқасының құрамында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің «Спорт және өнер» факультетінің кафедра меңгерушісі, ҚР Мәдениет қайраткері, композитор Әлімбай Ботақарев, Түркістан балалар саз мектебінің ұстазы, оқушылар оркестрінің дирижері, Түркістан қалалық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Яссы» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі, қазылар алқасының мүшесі Ерлан Жақыпбеков, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, Райымбек Сейтметов атындағы театр актеры Қанат Садықбеков болды.

Айта кетейік, қазақ жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш академигі, атақты жазушы Мұхтар Əуезов: «Жалпы музыка атаулы нəрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй» деген болатын. Сондай-ақ, жазушы «…қалың қазақ елі тартқан сыбызғыдағы салқын саз, қобыздағы қоңыр күй, домбыраның да екі ішекті ғана емес, әдейі күйге арналған үш ішекті тіліне оралған көп күйлердің ескі-жаңасы тегіс — тарих үшін елеулі бұйым», — деген қанатты сөзін қазақ халқының ұлттық музыкасына арнап айтқан болатын.

Негізі қазақтың музыкалық мәдениетінің басты символы әрі ұлттық аспабы ол – домбыра. Қасиетті қара домбыраның аты қазақпен қатар аталады. Қос ішекті аспаптан шыққан күмбірлеген дыбыс терең ой-толғауларды сөзден артық жеткізе алады. Қазақ халқы домбыраны көне заманнан бері қуанышта да, қайғыда да бірдей қолданып келеді. Аспаптың үнімен елдің тарихын, салт-дәстүрін, мызғымас құндылықтарын жеткізген. Домбырада ойнау өнері мен күйлер ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жалғасып отыр. Бүгінде жеткіншектерді ұлттық аспапта ойнауға баулитын үйірмелер, музыкалық мектептер жетерлік. Кейбір мәліметтерге сүйенсек еліміздің ғалымдары мемлекет пен халықтың рухани дамуына, соның ішінде қалыптасуына ықпал еткен 7 ерекше мәдени құбылысты анықтаған екен. Бұл тізімге домбыра да кірген. Ал, 2010 жылы домбыра Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. Тарихи мәліметтерде домбыраның 4 мың жылдық тарихы бар екендігі жазылады.                                                                                                                        Домбыра – қазақтың жаны, ұлттың нағыз байлығы. Рухани кемелденуіміздің бірден бір жолы – ұлттық құндылықтарды ұлықтау және насихаттау болып табылады. Аспаптың сүймелдеуінде жыр орындап, төкпелетіп терме орындауға, күмбірлете күй шертуге де болады. Яғни, тактикасы мен орындау техникасына қарай шертпе және төкпе күй деп бөлінеді. Төкпе драмалық оқиғаларды, жауынгерлік, күшті бейнелерді жеткізеді. Шертпе күйлер әлдеқайда еркін, олар өзіндік импровизациямен ерекшеленеді, адамның терең сезімдерін жеткізіп, әйелдің нәзік бейнесін де сипаттайды.

«Әрбір шаңырақтың төрінде ілулі тұруы тиіс домбырамыз ұлттық өнерімізді ұлықтайды. Оны ұлтымыздың жаны десекте артық айтқандығымыз емес. Халқымыз бабаның көзіндей, қазақтың өзіндей болған қастерлі дүниенің қадір-қасиетін қашанда құрметтей білген. Ғасырлар бойы сақталған даланың рухы мен бабаның ғұрпын бүгінге жеткізген ұлттық құндылықтың тамыры тым тереңде жатыр. Домбыраның өзіне тән үні бар, сол қоңыр үнді нағыз шебер ғана өз нақышына келтіріп орындай алады. Қазақ пен домбыра егіз ұғым деп айтқым келеді. Екеуінің біртұтас ұғымға айналып кеткеніне тарихымыз куә. Сол қасиетті қара домбыраның күмбірлеген үні талай қазаққа рух беріп, жігерін, намысын оятты. Оның шанағынан төгілген әсем әуен мен тәтті күйге тәнті болып, құлақ құрышын қандырамыз ғой. Дегенмен домбыраның да алуан түрлі болатынын біле бермейді екенбіз. Қазақ даласының әр өңіріндегі домбыралар жергілікті жер жағдайына, тұрмыс-салты мен дәстүріне, ән, жыр, күй мектебі мен өнерпаздың орындаушылық мәнеріне қарай өзгеріп отырған. Міне осындай ұлттық құндылығымызды, ұлттық жәдігерімізді сақтай білейік, қадірлей білейік ағайын. Түркістан қаласы, жалпы облыста да ұлттық өнерден сусындаған талантты, талапты азаматтарымыз көп. Ал, бүгінгідей ұйымдастырылып жатқан байқау өнер майталмандарының қатарын аттыруға, тұнып тұрған таланттарды жарыққа шығаруға, өзіміздің мәдениетімізді, әдет-ғұрпымызды насихаттауға үлкен мүмкіндік береді, сеп болады. Бұл байқауды сайыстан өтемін деп емес, осынау далаға қазақ өнерін үлгі етемін, бабалардың ізін жалғап, сабақтастық пен үндестіктің негізін қалаймын деп қатысу керек деп ойлаймын. Барша талантты азаматтар мен азаматшаларға сәттілік тілеймін»,- деді Түркістан облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов

Айта кетейік, Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен «Тұран даласының күйлері» атты күйшілер байқауына кіші топ бойынша (10-16 жас аралығындағы) үміткерлерден 22 адам қатысса, үлкен топ бойынша (17-24 жас аралығында) 7 үміткер өзара бақтарын сынады. Шертпе және төкпе күйлерді домбыра, одан бөлек жетіген, қобыз аспаптарының көмегімен де байқау шартына сәйкес орындап шықты.

Түркістан қалалық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Яссы» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі, қазылар алқасының мүшесі Ерлан Жақыпбеков рухани мұра, қазақы құндылығымыз сақталған құнды дүниелердің бүгінгі қоғам бедерінде күнбе-күн көрініс бергені дұрыс деп есептейді.

«Көк сандықтан домбыра үнімен астастырылған салмақты дүниелердің көптеп жарық көруін де жанымыз қалайды.Өзінің қоңыр үні мен қоңыр болмысына сай, ұлтымыздың жадын қайта бір жаңғыртатындай күн болуы тиіс. Тағы бір айта кетерлігі, әр қазақ ұлты, қазақ баласы домбыраның тарихын біліп, оны көпшілікке насихаттай білуі тиіс. Қазақтың халық аспабы домбыра негізінен XIV ғасыр жазбаларында да кездеседі.
Қазіргі кезде домбыраның 20-дан астам түрі бар деген мәліметтер де бар. Мәселен, ән мен күй домбырасы, торсық, тұмар кең шанақты, балдырған, балашық, шіңкілдек, аша, үш ішекті, қуыс мойын, шертер. Домбыра аспабы халықтық кәсіби өнердің туып қалыптасуына, өркендеуіне негіз болған. Байжігіт, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Қазанғап, Сүгір, Тоқа секілді даңқты күйшілердің төкпе, шертпе күй дәстүрлерінің тууы, дамуы осы домбыра аспабымен тікелей байланысты. Олардың мұрасын бүгінгі күнге жеткізген Дина Нұрпейісова, Әбікен Хасенов, Науша Қашағанов, Махамбет Бөкейханов, Төлеген Момбеков, Мағауия Хамзин, Қали Жантілеуов, Сәдуақас Балмағамбетов, Лұқпан Мұхитов сынды күйшілерді айтуға болады. Домбыра – тек күй тартуға ғана емес, ән айтқанда сүйемел үшін қолданылатын аспап. Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Мұхит, Мәди, Кенен Әзірбаев, Әміре Қашаубаев, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Қайрат Байбосынов секілді есімі елге белгілі әншілер домбыраның әнге әр беріп, әншіге демеу болатынын дәлелдеді. Бүгінде «Руханият Әбу Нәсір әл-Фараби» музейінде қазақтың атақты ақын-домбырашылары Әселхан Қалыбекова, Қызыл жырау, Елеусіз Байырбеков, Көпбай Омаров, Төлеген Момбеков, Сүгір Әлиұлының домбыралары сақтаулы тұр», деді Түркістан қалалық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Яссы» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі, қазылар алқасының мүшесі Ерлан Жақыпбеков.

Жыл сайын өтетін үрдіске айналған байқауда жүзден жүйрік таланттардың есімін қазылар алқасы сараптап, қорытындысын шығарды. Сонымен байқау қорытындысы бойынша Үлкен топ арасында Бас жүлдені Абылайхан Нұрқұл иеленді. Жүлделі І орынға Нұржауған Рысқұлбекова лайық деп танылса, үш бірдей ІІ орынға Сейдуллақызы Зарина, Азамат Кудайберген, Олжас Есемхан ие болды. Қос ІІІ орынды Арман Әкетай мен Дәурен Елубай иеленді.

Ал кіші топ бойынша байқау жеңімпазы Дәурен Маханбет атанды. І орынға Жомарт Әбдірахман тұрақтаса, үш бірдей ІІ орынға Ұлбала Қуат, Мұхамедәлі Құрманғали, Балнұр Калыбай ие болды. Үш ІІІ орын Айнара Марат, Садир Сабиров, Алмаз Момиш бұйырды.

Байқауда арнайы номинациялар да қарастырылған. Дина Нұрпейісова атындағы номинациямен Аружан Амангелді марапатталса, Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы номинация Дархан Жетібай ұсынылды. Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы номинацияға Заңғар Мұхтар лайық деп танылса, Нұрғиса Тілендиев атындағы номинация Бақдәулет Егенберді бұйырды. Ал, Төлеген Момбеков атындағы номинациямен Айзере Байбосын марапатталды. Барлық жүлдегерлерге қаржылай сияпаттар мен дипломдар табысталды.

Айта кетейік, байқаудың мақсаты – дарынды жастарды насихаттау, музы­калық шеберлікті шыңдау, елдегі ұлттық мәдениеттің дамуына үлес қосу, төл өнерді насихаттау.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев домбыраға тіл бітсе, тебіренбейтін қазақ жоқ екенін, қандастарымыз мекендейтін қай елге барсақ та, домбыраның қоңыр үні күмбірлеп тұратындығын атап өткен болатын. Байтақ даланы дүбірлеткен күйшілердің асыл мұрасы – рухани қазынамыздың баға жетпес байлығы екенін мәлімдеп, ұлттық құндылықтарымызға ерекше құрметпен қарау керек екенін айтқан болатын.

«Бұл – халқымыздың тамыры тереңде жатқан төл өнерін дәріптейтін мейрам. Қазақ пен домбыра – бір-бірінен  бөле-жаруға болмайтын егіз ұғым. Домбыра – көне заманның аңыздарына  арқау болған киелі аспап. «Ақсақ құлан» күйінің шығу төркінін білмейтін қазақ кемде-кем. Ежелгі  дәуірден жеткен қастерлі домбыра ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келеді.  Қазақ сан ғасырлық шежіресінің куәсі болған қасиетті аспапты бойтұмарына балаған. Қазіргі тілмен айтсақ, бұл – біздің ұлттық брендіміз, – деді Президент.

Құдіретті қос ішектің үнінде ұлы даланың жыры, бабалардың сыры сақталған. Халқымыз қуанышы мен қайғысын, арман-тілегі мен үмітін күй арқылы жеткізген. Байтақ даланы дүбірлеткен күйшілердің асыл мұрасы – рухани қазынамыздың баға жетпес байлығы.

– Құрманғазының «Сарыарқасы», Тәттімбеттің «Саржайлауы» күй өнерінің  шыңы саналады. Нұрғисаның «Аққуы» – қазақтың қанына сіңген бекзат өнердің бірегей туындысы. Сондай дарын иелерінен аманат болған киелі мұра бүгінде адамзаттың асыл қазынасына айналды.  Күй өнері ЮНЕСКО шеңберіндегі құндылықтар қатарына қосылды. Домбыраны ұлықтап, күй өнерін дамыту үшін елімізде көптеген игі істер атқарылуда. Елордада күй атасы Құрманғазының ескерткіші ашылды. Ал кеше ғана күйші Дина апамыздың құрметіне  сәулет туындысы бой көтерді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент озық мәдениеті бар ұлттың рухы әрдайым биік болары сөзсіз екенін айтып, өскелең ұрпақ осы киелі өнерді лайықты жалғастыруы қажеттігін мәлімдеген. Мектепте домбыра үйренуге арналған факультатив сабақтарын енгізу жөніндегі бастаманы қолдаған Қасым-Жомарт Тоқаев, бұл сабақтар балаларымыздың ұлттық санасының күшеюіне және олардың көзқарасы мен мәдени танымының кеңеюіне оң ықпал ететініне сенім білдірген еді.

– Биыл бірінші мамырдан шығармашылық үйірмелер мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істей бастады. Балалар мұндай үйірмелерге тегін қатысатын болды. Осының барлығы жастардың ұлттық құндылықтарды игеруі үшін қажет. Сондықтан домбыраның қадір-қасиетін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру – өте маңызды міндет.  Қазір  жастарымыз домбыраны заманауи музыкамен ұштастырып, жер жүзіне танытуда. Бұл төл тарихымыз бен мәдениетімізге әлем халықтарының қызығушылығын арттырады, Қазақстанның бірегей бет-бейнесін  қалыптастырады, – деді Мемлекет басшысы.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*