Мемлекет басшысы өз Жолдауында туризм саласын жүйелі түрде дамыту және туристік инфрақұрылымды жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар беріп, бұл бағыттың ел экономикасын әртараптандыру мен халықаралық имиджді арттырудағы маңыздылығын атап өтті. Бұл бағытта Түркістан облысында туризм саласы қарқынды дамып келеді. Президенттің қолдауымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі өңірдің туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтерді. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді. Оның айтуынша жыл басынан бері Түркістан облысына 500 мыңнан астам турист келіп, осы сала арқылы 6,6 млрд. теңге табыс түскен. 2025 жылдың IIІ тоқсанымен орналастыру орындарында демалғандар саны 251 мың адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңінен 6,6%-ға өскен. Жыл басынан бері өңірдегі табиғи аумақтарға 144,6 мың адам, тарихи орындарға 959 мың адам саяхаттаған. E-qonaq жүйесіндегі дерек бойынша 2025 жылдың 10 айында облысқа шетелден 43,8 мың адам келген, яғни басым бөлігі Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей, Германия, Франция мемлекеттерінен саяхаттауға келген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 еседен астам артып отыр. 2025 жылдың 10 ай қорытындысымен туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 97,6 млрд. теңгені құрады.

Туристерге жаңа бағыттар мен өнімдер ұсыну мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Түркістан қаласында «Есу арнасы» каналы мен Қолөнершілер орталығының құрылысы аяқталды. Жыл соңында 99 гектар аумақты қамтитын жаңа ипподром пайдалануға беріледі. Аталған нысандар халықаралық деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Түркістан облысы – Қазақстанның туризм саласын дамытудағы стратегиялық өңірлердің бірі. Бұл аймақ тарихи-мәдени мұралары, табиғи байлықтары және экотуризм мүмкіндіктерімен ерекшеленеді. Соңғы жылдары Түркістан облысына келетін туристер саны өсіп, туристік инфрақұрылым нығайып, саланың экономикалық үлесі айтарлықтай артып отыр.
Тарихи және мәдени туризмнің даму көрсеткіштері де жоғарлаған. Түркістан қаласы түркі дүниесінің рухани орталығы ретінде халықаралық деңгейде танылып келеді. Мұнда орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген нысан ретінде шетелдік және отандық туристердің басты бағыты саналады. Сонымен бірге Арсанбаб, Укаш ата, Отырар, Сауран, Күлтөбе сияқты тарихи орындарға келушілер саны жыл сайын артып келеді. Айта кетейік, өткен жылы Түркістан облысына жалпы 500 мыңнан астам турист келген, ал бір күндік келушілер саны 1 миллионнан асып, бұл өңірді республиканың ең көп баратын туристік орталықтарының қатарына шығарды. Сол жылдың өзінде 235 мың турист орналастыру орындарын пайдаланса, 136,4 мың адам сауықтыру және демалыс аймақтарында, 128,6 мың адам табиғи саябақтарда демалған. Сондай-ақ шетелдік туристер легі де жыл санап артып келеді.Өткен жылы Түркістан облысына 21 121 шетелдік турист келген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда шамамен 45 пайыздық өсімді құраған болатын. Биыл бұл көрсеткіш тағы да екі есеге еселене түсті. Сондай-ақ, “Әзірет Сұлтан” музей-қорығына 638,8 мың адам, ал Отырар тарихи аймағына 241 мыңнан астам турист барған. Бұл көрсеткіштер Түркістанның тарихи және рухани туризм орталығы ретіндегі маңызын айқын дәлелдейді.

Сонымен қатар экотуризм – болашақтың басым бағыты екені белгілі. Бұл бағытта Түркістан облысы табиғи байлығы мен экожүйелік әлеуеті жоғары өңір ретінде экотуризмді дамытуда қарқынды өсімді көрсетуде. Өңірде Ақсу–Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы, Сайрам–Өгем ұлттық табиғи паркі, Сырдария–Түркістан өңірлік табиғи саябағы секілді өзіндік керемет, қайталанбас табиғаты бар, ерекше қорғалатын аумақтар орналасқан. Бұл жерлерде табиғатты тамашалау, жаяу серуендеу, ғылыми-танымдық туризм, фото-экспедициялар, этноэкологиялық бағыттар дамып келеді. Қазақстан бойынша экотуризм соңғы үш жылда 40 пайызға өссе, оның айтарлықтай үлесі Түркістан облысына тиесілі. Табиғи аймақтарға келушілер саны жыл сайын тұрақты түрде артуда.

Туризм саласының экономикалық тиімділігі және әлеуметтік әсері өте мол. Түркістан облысында туризм саласы тек мәдени және рухани саланың дамуына ғана емес, өңір экономикасына да қомақты үлес қосып жатыр. 2025 жылдың өзінде туризм саласы облыс қазынасына шамамен 6,6 миллиард теңге табыс әкелген. Соңғы жылдары экотуризм саласына 64 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, қонақүйлер, демалыс орталықтары, туристік кешендер салынған. Қазіргі уақытта өңірде шамамен 40-тан астам ірі туристік жоба іске асырылып жатыр. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына, өңірдің халықаралық имиджінің нығаюына үлкен мүмкіндіктер беріп отыр.
Жоғарыдағы нақты көрсеткіштер Түркістан облысының туризм саласын жүйелі түрде дамытып жатқанын айқын көрсетеді. Туристер санының артуы, инфрақұрылымның жақсаруы, шетелдік келушілер легінің көбеюі – өңірдің халықаралық туристік бренд ретінде орныққанын дәлелдейді. Сонымен қатар экотуризмнің дамуы табиғатты қорғау мәдениетін күшейтіп, өңірдің тұрақты дамуына серпін беріп отыр. Жалпы Түркістан облысы – өткен тарих пен бүгінгі өркендеуді ұштастырған, экологиялық туризм саласында да еліміздің ғажайып табиғатын танытатын, болашағы зор аймақтардың бірі болып есептеледі.