— Түркістан өңірі адамзаттың ең ерте қоныстанған аймақтарының бірі саналады. Біздің дәуірімізге дейінгі 500 мыңыншы жылдардан бастап адамдар мекен еткен аймақта, отырықшылық мәдениеті де сөзсіз ерте қалыптасты деп айтамыз. Түркістан аймағында қызмет атқарған археологтар бұл өңірдің тарихы тереңде жатқанын дәлелдеп берген. Түркістан қаласының айналасындағы Шоқтас, Қошқорған сияқты тас дәуірі ескерткіштері бұл өңірде әуелгі адам кем дегенде 550 мың жыл бұрын мекен еткенін көрсетеді.
Енді, Түркістан оазисіндегі ерте ежелгі дәуірдің археологиялық ескерткіштері (б.з.д. ҮІ – б.з.д. І ғғ.) туралы қысқаша ақпарат беріп өтуді жөн көрдік:
- Қарашық төбе І Ақтөбе қалашығы, б.з.д. ҮІ – б.з. ІІ-ІІІғғ. Түркістан қаласынан 11 шақырым жерде орналасқан.
- Қарашық төбе IІ қалашығы, б.з.д. Ү-ІҮ – б.з. ІІ-ІІІғғ. Түркістан қаласынан 10 шақырым жерде орналасқан.
- Қарашық төбе ІІІ қалашығы, б.з.д. ІҮ-ІІІ – б.з. ІҮғ. Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 9 шақырым жерде орналасқан.
- Қазтөбе қалашығы б.з.д. Ү-ІҮ – б.з. І-ІІғғ. Түркістан қаласынан солтүстік шығысына қарай 13 шақырым жерде орналасқан.
- Мейрам төбе қалашығы б.з.д. Ү-ІҮ – б.з. І-ІІғғ. Түркістан қаласынан 11 шақырым жерде орналасқан.
- Шаштөбе қалашығы, б.з.д. Ү – б.з. І-ІІғғ. Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 29 шақырым жерде орналасқан.
- Бершін қалашығы, б.з.д.Ү-ІҮ – б.з. ІІ-ІІІғғ. Түркістан қаласынан шығысқа қарай 17 шақырым жерде орналасқан.
- Ақтөбе (Ибата) қалашығы, б.з.д. ІІІ-ІІ – б.з. ІҮ-Үғғ. Түркістан қаласынан шығысқа қарай 30 шақырым жерде орналасқан.
- Көксарай І қалашығы, б.з.д. ІҮ-ІІ – б.з. ІҮ-Үғғ. Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 40 шақырым жерде орналасқан.
- Құлан төбе қалашығы, б.з.д.ІІ-І – б.з. ІҮ-ҮІІІғғ. Түркістан қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан.
Бұл қалаларға зерттеу жүргізген археологиялық экспедициялар:
— 1969 жылы Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (К.Ақышев) Қарашық төбе І, ІІ, ІІІ, Шаштөбе, Бершін төбе, Ақтөбе (Ибата) қалашықтарына алғашқы зерттеу жүргізеді. Қалашықтардың координаттары нақтыланып, өмір сүру кезеңдері белгіленеді.
— 1998 жылы ХҚТУ-нің археологиялық экспедициясы (М.Елеуов, Д.Ф.Винник). Қазтөбе қалашығына археологиялық зерттеу жүргізген.
— 1998-2003 жж. Түркістан Археологиялық Экспедициясы (М.Тұяқбаев) 1998 жылдан бастап археолог Марат Тұяқбаев басшылық жасаған экспедиция ерте ежелгі дәуірге жататын барлық қалаларға археологиялық зерттеулер жүргізді. Оның ішінде Мейрамтөбе, Көксарай І, Құлан төбе қалашықтарына алғаш болып археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, ескерткіш туралы алғашқы деректерді ғылыми айналымға ұсынды.
0,5 гектардан 6 гектарға дейінгі өлшемдегі ерте ежелгі дәуір қалаларының сызбаларын түсіріп, археологиялық ескерткіштердің датировкасын нақтылады.
Қорыта айтқанда Түркістан оазисіндегі ежелгі ерте дәуір ескерткіштері отырықшылықтың дамуы мен қала мәдениетінің қалыптасуының алғашқы кезеңі саналады. Және б.з.д. Ү ғасырда пайда болған қалалардың тек кішігірім қоныстар емес, сонымен қатар өзіне тән цитадель, шахарістан бөліктерінің болуы Түркістан өңірінің үлкен өркениет ошағы болғанын айғақтай түседі.
А.Тұрсынов — Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау бөлімінің инспекторы.
— Түркістан өңіріндегі қалалық мәдениеттің көне тарихы да осы кезеңмен байланысты деген пікірдеміз. ХVІІІ ғасырдың ортасына қарай Ресейдің қазақ сахарасындағы саясатына жауап берген адамдардың бірі П.И.Рычков Түркістанға қатысты Шығыстың ескі мәліметтерін көп жинап, бұл өңірдегі қалалардың көне дүниенің ескерткіші екенін жазады: «Түркістан мен оның аймағындағы жерлердің көнелігі жағынан барлығынан да алда екенін айтқанымыз жөн; себебі Түркістан қаласы татарлардың тарихи шығармаларында Бұхара қаласынан көп бұрын салынған деп айтылады, айтуларына қарағанда ерте замандарда билік осы қаладан басталған және бүкіл Азияға тараған. Оренборда өмір сүретін ахун осы қаланы Яфеттің ұлы Түріктің немерелері салды және сол тұста атын да алды дейді, сол себепті сол аймақтағы қалалар, тіпті Үндістан мен Қытайға дейінгі, атап айтсақ: Кашкар, Табат, Еркень, Ходжант, Ташкент, Мартикан, Фантак, Янгы, Хасар, Хитяк, Утрар, Сабран, Барзягин және басқалары Түркістан билігіне қарап тұрған. Осы аймақты олар ескі заманда Яссы деген атаумен де атаған, ол Түркістаннан да кәрі делінеді. Осы мағлұматтардың барлығын жоғарыда аталған ахун арабша және татарша кітаптардан көшіріп алған».
Жоғарыдағы деректерде аталатын Яссы қорғаны қазіргі күні Ахмет Ясауи кесенесінің алдындағы Күлтөбе. Көне тарих осылайша жаңа заманның қасиетті ғимаратымен астасып, рухани тамырлармен жалғасып жатыр. Осы төбенің жоғарғы қабаттарында жасалып жатқан археологиялық қазбалар біздің жыл санауымызға дейінгі бірталай уақыт мөлшерін береді. Қорғанның орналасқан жері Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қарай 350 метр жерде. Биіктігі 9 метрді құрайтын ауқымды төбешік сопақша пішіндес. Мұнда қазір ғылыми-зерттеу және қайта қалпына келтіру жұмыстары қатар жүргізілуде. Біздің ойымызша Күлтөбе қорғанының төменгі қабаттары қазіргі жыл санауымызға дейінгі екінші, тіпті үшінші мыңдық жылдыққа қатысты деректерді берсе керек. Себебі П.И.Рычковқа ақпарат берген ғұламалар Түркістанды Бұхарадан гөрі көне қала, өркениет пен мемлекет осы Түркістаннан басталады деп отыр. Ал Бұхара қаласының іргесі б.з.б. 1-мыңжылдықтың орта шенінде қаланған. Бір қызығы, Әзірет Сұлтан күмбезіне таяу орналасқан қасиетті Күлтөбе, ежелгі тарихтағы Яссы Әз Тәуке хан заманында да ел басшыларының бас қосып, «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деп мемлекет ісін талқыға салатын қасиетті қара орын қызметін атқарды.
Түркістан қаласының солтүстік-батысына қарай 25 шақырым жерде, Қаратау бөктерінде Қарнақ аталатын көне қалашық тарихы да бізді көне заманға жетелейді. Кезінде бұл жерде А.Н.Бернштам, Г.И.Пацевич, Е.И.Агеева сияқты археологтар қазба жұмыстарын жүргізді, бірақ белгілі бір қорытынды шығара алмады. Археологтардың бір тобы Қарнақты ортағасырлық Ишкент деп жорамалдаса, екіншілері Қарнақты Әмір Темір әулеті тұсында салынған деп тұжырым жасады. Біз бұл пікірлер қаланың ең төменгі қабаттары әлі де зерттелмегендіктен туындаған үстірт жорамал деп білеміз. Қарнақтың тарихи қала екендігі, ол жерде оғыздар мекендегені ХІ ғасырда қалам тербеген М.Қашқари сөздігінен белгілі. Біздің ойымызша Қарнақ ерте заманда ғылым мен білімнің дамыған гүлденген үлкен қала болып кейін біртіндеп құлдырай бастаған.
Түркістан аймағында «нақ» жалғауымен Қарнақтан басқа Шобанақ, Суғнақ (Сығанақ), Тошанақ, Шорнақ, Жүйнақ (Жүйнек) қалашықтары кездеседі. Түркістан аймағында «жеті нақ өзара жер асты жолдарымен жалғасқан, жау шапқанда ел бір қаладан екіншісіне жан сақтап кетіп отырады екен» деген аңыз бар. Қазіргі күні осы қалалардың арасын қосқан жер асты жолдары табылып та жатыр және болашақта тарих үшін де, туризм ісі үшін де керемет нысан болады деп сенеміз. «Нақ» жалғауы қазақ тіліндегі «нақты» деген ұғыммен байланысты. Егер бұл сөздің тамырын қуалайтын болсақ, онда тым ерте, яғни біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ-ІІ мыңжылдықтардағы ариан-тұран халықтарының сөздік қорындағы «нақ» сөзіне барып жалғанатынын анықтаймыз. Неміс тарихына қатысты деректерден «Дранг нах остен», яғни «Нақ Шығысқа қарай» деген сөзді кездестіреміз. Сонымен нақ сөзінің көне мағынасын қабылдасақ, Суғнақ – суға жақын қала, Тошанак – тасқа жақын қала, Қарнақ – Қаратау баурайындағы, Қаратауға жақын елді мекен. Оның алғашқы түпнұсқасы «Қара нақ» болса керек деген пікірдеміз. Қара (Хара) – бұл жерде Қаратаудың көне заманнан бергі атауы. Ең бастысы біз осы атаудың этимологиясын іздеу барысында Францияның батыс аймағы Бретаньда орналасқан Қарнақ атты көне қорымның, Мысырдың оңтүстігінде, Ніл дариясының бастауында тұрған Қарнақ ғибадатханасының тарихы өзіміздің Түркістан алқабымен, қасиетті Қаратау мен Сырдария жағалауымен байланысты екенін аңғарамыз. Біздің жыл санауымызға дейінгі ұлы көштердің заманында Қарнақ атауы Түркістан өңірінен Еуропаға да, Африкаға да барып қалғанына дау болмаса керек.
Егер Түркістан қашан қала болып қалыптасты десек, онда біз қола дәуірін, сол дәуірде қазақ даласында керемет қанат жайған көне индустрияны, металлургия мен металл саудасын еске түсіргеніміз жөн. Қазақ жерінде өндірілген металл әлем өркениеттеріне Түркістан, яғни тарихи Қырық қақпалы Қарашық арқылы жеткізілді деген пікірдеміз.
Жамбыл Артықбаев — Профессор