2025 жылы Түркістан облысында табиғи газға қосылу жұмыстары жоғары қарқынмен жүзеге асырылуда. 80 жобаның іске асырылуы нәтижесінде 37 елді мекен газ желісімен қамтылып, 73 000-нан астам адам табиғи газға қол жеткізеді. Бұл жұмыстың нәтижесінде облыстың 1,9 млн тұрғыны бар 600 елді мекені көгілдір отынға қосылуы жоспарлануда.

Сонымен қатар, газдандыру жұмыстары 2027 жылға дейінгі кезеңге жоспарланып, қосымша елді мекендер мен тұрғындар көгілдір отынмен қамтылады.  Түркістан облысының газдандыру көрсеткіші 2025 жылы айтарлықтай өсуде, бұл өңірдің инфрақұрылымдық дамуында маңызды қадам. Елді мекендерді газға қосу тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартып, әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етеді. Осындай игі істер өңірдің әр аудандарында атқарылып жатыр. Солардың бірі мереке қарсаңында Жетісай ауданында орындалды. Жалпы ауданда тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде атқарылып келеді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бүгінде аудандағы 105 елді мекеннің 92-сі көгілдір отынмен қамтылып, газ пайдаланушы елді мекендердің үлесі 87,7 пайызға жетіп отыр.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қолайлы орта қалыптастыру, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту тапсырмасына сәйкес Тәуелсіздік күні қарсаңында тағы бір елді мекенге көгілдір отын берілді.

Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Жаңа ауыл елді мекеніне газ беру рәсіміне аудан әкімі Серік Мамытов пен «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалы Жетісай газ шаруашылығының директоры Бақтыбай Акеев, аудандық мәслихат депутаты Мақсат Айнабеков қатысып, тұрғындарды қос қуанышпен құттықтады. Жылдар бойы қатты отынмен бойларын жылытып, күл шығарып келген 2460 тұрғын енді қаладағыдай табиғи газды тұтынатын болады.

« – Бүгінгі қуанышты сәтте ауыл тұрғындары атынан баршаңызға шынайы ризашылығымызды білдіруге рұқсат етіңіздер. Елді мекенімізді табиғи газбен қамту – көптен күткен, халық үшін аса маңызды әрі тарихи оқиға болып отыр. Бұл – ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін үлкен игілік. Ең алдымен, еліміздің тұрақты дамуы жолында жүйелі саясат жүргізіп отырған мемлекет басшылығына, облыс және аудан басшылығына, осы игі істің жүзеге асуына тікелей атсалысқан сала мамандарына, құрылысшылар мен инженерлерге ауыл халқының атынан зор алғысымызды айтамыз. Сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасында ауылымызға көгілдір отын келіп, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі едәуір жеңілдеді. Табиғи газ – бұл тек жылу мен жайлылық қана емес, бұл – уақыт үнемдеу, денсаулықты сақтау және өмір сапасын арттыру деген сөз. Бұрынғыдай көмір тасып, күл шығарып, от жағудың машақаты артта қалып, енді әрбір отбасы үшін таза, қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасалып отыр. Әсіресе, бұл үлкен кісілер мен жас отбасылар үшін үлкен жеңілдік екені анық. Сонымен қатар, табиғи газдың келуі ауыл экономикасының дамуына да мол мүмкіндік береді. Ендігі жерде шағын кәсіпкерлік нысандарын ашуға, жылыжайлар мен өндіріс орындарын дамытуға жол ашылып отыр. Бұл – жаңа жұмыс орындарының құрылуына, жастардың ауылда тұрақтап, еңбек етуіне үлкен ықпал етеді. Экологиялық тұрғыдан алғанда да бұл бастаманың маңызы зор. Табиғи газды пайдалану арқылы қоршаған ортаға келетін зиян азайып, ауылымыздың ауасы тазарады. Бұл – келешек ұрпақтың денсаулығына жасалған қамқорлық деп білеміз.Табиғи газбен қамту – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты әрі нәтижелі жұмыс. Осындай халық игілігіне арналған бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз. Ауыл халқы атынан баршаңызға зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс, елге қызмет етудегі істеріңізге сәттілік тілейміз. Бірлігіміз бекем, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» – деген ауыл ақсақалдары өз ризашылықтарын білдірді.

Елді мекендерді газдандыру жұмыстарының қарқынды жүргізілуінің нәтижесінде өткен жылы Жетісай ауданда 4 елді мекен көгілдір отынға қосылса, жыл басынан бері 13-ші елді мекенге газ беріліп отыр. Жыл соңына дейін тағы 7 елді мекенді көгілдір отынға қосу жоспарланған. Қазіргі таңда 3 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатса, тағы 10 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Жалпы, Түркістан облысы – Қазақстанның оңтүстік бөлігінде орналасқан ірі өңір. Облыс бойынша елді мекендердің газбен қамтамасыз етілу деңгейі биыл жоғары қарқынмен өсіп келеді. Табиғи газбен қамтамасыз ету – елді мекендер инфрақұрылымын дамыту мен тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартудың маңызды компоненті болып табылады. Қазақстан Республикасының 2025 жылға арналған газдандыру бағдарламасы аясында Түркістан облысында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде.Облыс тұрғындарының шамамен 85,5%-ы табиғи газбен қамтылған, бұл республика бойынша газдандыру көрсеткішінің орташа деңгейінен жоғары көрсеткішке сәйкес келеді. Одан бөлек биыл Сайрам ауданының Көлкент елді мекені табиғи газға толық қол жеткізді. Бұл ауылда газ желілері іске қосылып, шамамен 3 000 абонент көгілдір отынға қосылды.

Айта кетейік, 2024 жылдың қорытындысымен республика халқының орташа газбен қамтылу көрсеткіші 62,4% құраған болатын. Оның ішінде, Түркістан облысы халқының 85,5% немесе 563 елді мекеннің 69,7%-ы табиғи газға қосылып, қамту көрсеткіші бойынша республикада 8-орынға жайғасқан. Өткен жылы бюджеттен 27,3 млрд теңге бөлініп, 115 нысан құрылысы іске асырылып,  оның ішінде, 70 нысан құрылысы аяқталса, 45-і 2025 жылға өтпелі болған. Сондай-ақ, 2026 жылға өтпелі 26 нысанға 23,5 млрд теңге қаржы қарастыру жұмыстары жүргізілуде. Энергетика министрлігі арқылы «Самұрық-Қазына» қоры есебінен облысқа 9,4 млрд теңге қаржы бөлу жоспарланған. Қажетті қаржы бөлінген жағдайда, жыл қорытындысымен 45 елді мекендегі, яғни 84 мың халық табиғи газға қосылады. Нәтижесінде 89,4% облыс тұрғыны табиғи көгілдір отынмен қамтылмақ. Сонымен қатар, құны 25,7 млрд теңгені құрайтын 45 нысан республикалық бюджеттің кезекті нақтылауына ұсынылған.

« – Негізі, табиғи газ тұрғындар үшін ең қолайлы әрі таза отын түрі болып саналады. Газбен қамтылған елді мекендерде халықтың тұрмыс деңгейі айтарлықтай жақсарады. Көмір немесе отын жағумен салыстырғанда, газды пайдалану жеңіл, қауіпсіз әрі уақытты үнемдейді. Сонымен қатар, түтін мен күйенің азаюы тұрғындардың денсаулығына оң әсер етіп, тыныс алу жолдары ауруларының алдын алуға мүмкіндік береді. Газдың қолжетімді болуы шағын және орта бизнестің дамуына жол ашады. Наубайханалар, жылыжайлар, өндірістік цехтар мен қызмет көрсету нысандары үшін табиғи газ – тиімді энергия көзі. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті экономиканың жандануына ықпал етеді. Бастысы экологиялық маңызы да ерекше. Табиғи газ көмірмен салыстырғанда қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды әлдеқайда аз бөледі. Ауаның ластануы төмендеп, елді мекендердегі экологиялық жағдай жақсарады. Газдандырудың инфрақұрылымдық және стратегиялық маңызы бар. Табиғи газдың тартылуы өңірлердің дамуына серпін беріп, ауыл мен қала арасындағы өмір сүру деңгейінің айырмасын азайтады. Сонымен қатар, мектептер, балабақшалар, ауруханалар сияқты әлеуметтік нысандар тұрақты әрі үнемді жылумен қамтамасыз етіледі. Табиғи газбен қамту – халықтың әл-ауқатын арттыратын, экономиканы дамытатын және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды бағыт. Сондықтан Түркістан облысында елді мекендерді газдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын таба береді.» – деді «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалы Жетісай газ шаруашылығының директоры Бақтыбай Акеев.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*