2025 жылдың 30 мамыр күні еліміздің барлық өңірлерінде бір мезгілде «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясы өтті. Акцияның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң көмегін көрсету. Төлеби ауданында акция аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Іс-шараға Түркістан облысының Әділет департаментінің басшысы Нұржан Махамбетов, аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев, Төлеби аудандық сотының төрағасы Ғани Байарыстан, Төлеби ауданының прокуроры Дастан Мырзағали, Төлеби аудандық полиция бөлімінің басшысы Ғалымжан Қуашбаев, Түркістан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департаментінің аудан аймағы бойынша ауданаралық басқармасы, Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

Акция барысында тұрғындар әкімдікке қарасты дербес бөлім, мекеме мамандарынан, өңірдің ең үздік заңгерлері мен адвокаттарынан заң, құқық қорғау төңірегінде туындаған барлық сұрақтарын қойып, шешілмеген даулар бойынша тегін кеңестер алды. Осылайша азаматтар өздерін толғандырған заңдық мәселелер бойынша білікті мамандардан кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.

 

Шараның ашылуында сөз алған Түркістан облыстық Әділет департаментінің басшысы Нұржан Махамбетов бұл акцияның маңызын айрықша атап өтті. Ол құқықтық білімнің әр азамат үшін маңызды екенін, сондай-ақ осындай игі бастамалар халық пен билік арасындағы байланысты нығайта түсетінін тілге тиек етті. Шараға аудан тұрғындары да белсене қатысты. Қатысушылар түрлі сала бойынша – жер мәселесі, әлеуметтік көмек, отбасы құқығы, кәсіпкерлік, қаржылық пирамида және тағы басқа бағыттарда сұрақтар қойып, нақты әрі түсінікті жауаптар алды.

Іс-шарада аудан прокуратурасы, полиция бөлімінің өкілдері, нотариус, әділет және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлері тұрғындарға кәсіби көмек көрсетті. Олардың әрқайсысы өз саласы бойынша тұрғындарға заң аясында нақты бағыт-бағдар беріп, тұрғындарды толғандырған мәселелердің шешілу жолдарын көрсетті. Бұл күні тұрғындарға қаржы пирамидаларынан аулақ болу, интернет алаяқтардан сақтану, құқықтық мәдениет деңгейін және қаржылық, заңгерлік сауаттылығын арттыру, сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікке тәрбиелеу бойынша насихат жұмыстары жүргізілді.

« – Қазіргі таңда Қазақстан құқықтық мемлекет ретінде даму жолын жалғастырып келеді. Бұл бағытта әрбір азаматтың құқықтық сауаты мен мәдениеті – әділетті және өркениетті қоғам құрудың негізгі тірегі. Құқықтық мәдениет – бұл тек заңдарды білу емес, сонымен қатар оларды күнделікті өмірде қолдана білу, өз құқығыңды бұзбай, өзгелердің де құқығына құрметпен қарау. Бұл бағытта қаржылық және құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған нақты іс-шаралар қалыптасуда. Тұрғындарда жиі кездесетін қаржылық қиындықтар, алаяқтық әрекеттерден сақтану, несие шарттарын дұрыс түсіну жолдары, есеп-шоттарды бұғаттан босату үшін не істеу керектігі және оны шешудің нақты құқықтық жолдары жөнінде кәсіби кеңестер берілуде. Қатысушылар мұндай кездесулердің маңыздылығын жоғары бағалап, осындай еркін диалог алаңдарының жиі ұйымдастырылып тұруын қалайтындарын жеткізді. Мемлекет қазір халықтың құқықтық мәдениетін арттыру мәселесіне үлкен көңіл бөліп отыр. Азаматтардың құқықтық мәдениеті – бұл әр адамға белгілі бір құқықтар мен міндеттердің жүктелуі, қоғам және билік арасындағы қатынастардың ерекшелігі.азаматтардың құқықтық мәдениетін дамыту және жетілдіру біздің еліміз үшін бірінші кезектегі міндет болып табылады. Өйткені, елдің бас құжатына сәйкес халықтың құқықтық санасын арттырмасақ, Қазақстан Республикасы болып табылатын құқықтық мемлекеттің мәртебесін одан әрі нығайту мүмкін емес. Қазақстанда құқықтық өрістің қалыптасуының терең тарихи тамыры бар. Тәуке ханның “Жеті жарғысы”, “Есім ханның ескі жолы” мен “Қасым ханның қасқа жолы” заң жинақтары соның жарқын мысалы болып табылады. Тіпті сол бір зұлмат заманда өзінде біздің ата-бабаларымыз қазақ қоғамының келеңсіздіктерін реттеп, Азаматтық құқық нормаларының рөлі мен маңыздылығын жақсы түсінген. Біздің еліміздің азаматтары тек заңды білетін ғана емес, сонымен қатар сертификатталған маманға қарсы тұра алатындай деңгейде сауатты болатынына сенемін.» – деді, Төлеби аудандық сотының төрағасы Ғани Байарыстан.

Акция аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптасыру мәселелері де айтылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – бұл адамның саналы және адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қабілетін айтады. Яғни, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет дегеніміз ол жемқорлыққа қарсы белсенді азаматтық позиция, дейді мамандар. Іс-шара соңында қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*