Осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысының жарлығымен Түркістан облысында Сауран ауданы құрылған болатын. Кезінде ірі сауда орталығы атанып, соның негізінде құрылып, Ақ орданың астанасы болған Сауран атауы өзінің тарихи мәртебесін қайта алды. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, тарихы терең Түркістан ұғымымен біте қайнасып жатқан ортағасырлық Сауран қаласының атауын жаңа ауданға беру Ұлыстың ұлы күні қарсаңында жүзеге асып, қалың елді қуантқан ерекше оқиға болған еді. Жаңа ауданның әкімшілік орталығы – Шорнақ ауылы болып, ал Кентау қаласының құрамынан Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері шығарылып, Сауран ауданына өтті. Міне, сол уақыттан бастап Сауран ауданы өзінің жаңа келбетін қалыптастырып үлгерді деуге болады. Бүгінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты өсім байқалады. Жаңа өндіріс орындары ашылып, ауыл шаруашылығы бағытында да көрсеткіштер артып келеді. Сондай-ақ, алдағы уақытта жаңа жобалар жүзеге асырылып, жаңа жұмыс орындары да ашылмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының басты тапсырмаларының бірі де әр аймақта жергілікті халықтың өмір сүру әлеуетін көтеру және тың идеяларды қолға алып, тұрғындарды еңбекке тартуды іске асыру болып отыр. Бұл бағытта құрылғанына үш жыл толып отырған Сауранда қандай жұмыстар атқарылып жатыр және алдағы жоспарлар жайында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровпен болған сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.
-Президент өз жолдауларында елімізді өркендету үшін ең бастысы халықтың әлеуетін арттыру керек екенін айтып келеді. Ол үшін жаңа өндіріс орындарын ашып, инвестицияны ұлғайту маңызды екенін мәлімдеген болатын. Бұл ауыл-аймақтардың да дамуына оң серпін берері сөзсіз. Мақсат Асылбекұлы бұл бағытта Сауран ауданында қандай жобалар жүзеге асырылуда? Ең бірінші осы бағыттағы жұмыстарды атап өтсеңіз?
-Ия,расында Мемлекет басшысы айтқандай халықтың жағдайы жақсы болса, әрбір азамат жұмыспен қамтылып, кәсіпкерлер кәсібін дамытса, онда ол елдің әлеуеті арта береді. Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдұлының тасырмасына сәйкес Сауран ауданында нақты жоспарларды орындап келеміз. Құрылғанына үш жылдың көлемі болса да ауданның экономикалық – әлеуметтік көрсеткіштері жақсаруда. Мысалы 2023 жылы ауданның жалпы өңірлік өнімі 120,4млрд теңгені құраған болса, ағымдағы жылы 132,4 млрд теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ал, бүгінгі таңда бес айдың көрсеткішімен 13,6 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағытының 84 пайызы ауыл шаруашылығына, 9,2 пайызы өнеркәсіп саласына және 4,7 пайызы құрылыс жұмыстарының, 1,4 пайызы тауар айналымының үлесінде.
Енді инвестиция бойынша айтатын болсақ, 2023 жылы ауданға 34,6 млрд теңге инвестиция тартылған, ал ағымдағы жылы 42 млрд теңгеге дейін арттыруды жоспарланып отырмыз. Жалпы бес ай көлемінде 9,8 млрд теңге көлемінде ауданға инвестиция тартылды. Олардың ішінде жеке инвестициялар 6,8 млрд теңге, бюджеттік инвестициялар 2,9 млрд теңгені құрайды.
Жалпы біз Сауран ауданы бойынша 2024-2025 жылдар аралығында жалпы құны – 61,4 млрд теңгені құрайтын 102 инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Атап айтсақ, өңдеу өнеркәсібі саласында 23 жоба. Олар:
Жиһаз жасау бағытында 12 цехті іске қосуды жоспарласақ, бүгінгі таңға 9 цех іске қосылды. Ал, 3 цех жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Сонымен қатар, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін 1 цех, Трансформатор құрастыру және жөндейтін 1 цех; Қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бағытында – 2 цех; Жаңбырлату қондырғыларын өндіретін 1 цех іске қосылды. Одан бөлек,тері өңдейтін 1 цехты, мақта және мақта шитін өңдейтін 2 цехты, жылыжай жабдықтарын өндіретін 1 цехты және 2 тігін цехы жұмысын бастап отыр. Сондай-ақ, өнеркәсіптік тоңазытқыш жабдықтарын өндіретін 1 кәсіпорын алдағы уақытта іске қосылады.
Демалыс аймағы және қоғамдық қызмет көрсету бойынша – 22 нысан жоспарланып, 2 нысан іске қосылды. Қалған 20 нысан 2025 жылы іске қосатын боламыз;
Әлеуметтік салада кәсіпкерлер есебінен – 15 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде;
Ауыл шаруашылығы саласында — 41 жоба жоспарланып отыр.
Сy ресурстарын үнемді пайдалану мақсатында 1051 гектарға жаңбырлатып және тамшылатып суару құрал-жабдығын орнату бойынша 5 жоба жоспарланып, орнатылды. Тамақ өнімдері бойынша — 3 жоба. Сүт тауарлы фермасы бойынша — 3 жоба. Мал бордақылау және мал сою алаңдары бойынша — 18 жоба. Құс фермасын салу бойынша — 3 жоба. Балық шаруашылығы бойынша — 5 жоба. Мал азығын дайындайтын комбикорм цехы және 4 гектарға өнеркәсіптік жылыжай және 1,7 гектерға фермерлік жылыжай салуды жоспарлап отырмыз. Жалпы қазіргі қазіргі таңда осы аталған жобалар бойынша барлығы 39 жоба іске қосылып, 650 жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл өз кезегінде, тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына мол мүмкіндіктер беріп отыр. Жалпы ауданда экономикалық белсенді халық саны 39 903 құрайды. Ал, жұмыссыздар саны 1974 адам. Бүгінде жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап отыр. Жұмыссыздық пен кедейлікті төмендету мақсатында ағымдағы жылы 6 840 тұрғынды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланып, 5 айда 2 654 азамат жұмыспен қамтылды. Бүгінде жоспардың орындалуы 40 пайызға жетіп отыр.
— Сауран ауданында кәсіпкерлікті қолдау мақсатында Оранғай ауылдық округінен «Turan» арнайы экономикалық аймағы және Шаға ауылдық округінен 30 гектар жерге өндірістік парк құрылып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өндірістік паркті индустриалды аймаққа айналдыру үшін қосымша 70 гектар жер бөлінінен хабардармыз. Қазіргі таңда бұл орындарда қандай жобалар жүзеге асырылуда?
-Шаға ауылдық округіндегі өндірістік паркінде бүгінгі таңда құны 2 млрд теңгені құрайтын және 250 адамды жұмыспен қамтитын тоңазытқыш жабдықтарын өндіру және машина жасау өндірісі қолға алынуда. Оны «UBC Group» ЖШС жүзеге асырады. Одан бөлек, «BNK Group Ltd» ЖШС — Жаңбырлату қондырғыларын өндіру. Жоба құны — 5,0 млрд.теңге. Бұл кәсіпорында 80 жаңа жұмыс орны ашылады.
Сондай-ақ, «World Medicine İlaç Sanayi ve Ticaret Anonim Şirketi» ЖШС — Фармацевтикалық өндіріс 50 жұмыс орындарын ашады. Жоба құны — 5,0 млрд. теңгені құрайды. Ал, «Ақниет Холдинг» Мүгедектер қоғамы» Қоғамдық Ұйымы Металл және мектеп жиһаздарын өндіру ісін жүзеге асырады. Жоба құны — 2,3 млрд.теңге болса, жаңа 70 жұмыс орындарын ұсынады. Өндірістік паркінде дәрі өндіру жобасы да бар. Мердігер «Жаңа Арна Құрылыс» ЖШС. Жобаның құны – 3,0 млрд.теңге шамасында. Ол жерде де 80 азамат тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндігі болады. Жоғарыда атап өткенімдей, жылыжай жабдықтарын өндіру жобасы да еніп отыр. «GEN GROUP KAZAKHSTAN» ЖШС –гі жобамен 2,4 млрд.теңгеге жүзеге асырады және 70 адамды жұмыспен қамтитын болады.Тағы да жоба құны 2,5 млрд теңге болатын «Ақниет Холдинг» Мүгедектер қоғамы» Қоғамдық Ұйымы әскери шатыр өндірісін іске қосады. Ол жерде 100 адамға еңбек орны қамтамасыз етіледі. Және де дәл осы ұйым корпустық, жұмсақ және медициналық жиһаз шығарумен айналысады. Жобаның құны – 3,5 млрд.теңгені құрайды және ол жерде де 100 жаңа жұмыс орындары пайда болады.
Аталған жобалардан бөлек, Қарашық ауылдық округінен 10 гектар жер телімі бөлініп, 21 цехты салуды жоспарлап отырмыз. Дәл осы бағытта Иассы ауылдық округінен 8 гектар, Оранғай ауылдық округінен 13 гектар жер бөліп кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілуде. Бұдан бөлек, Шорнақ ауылынан жеке кәсіпкер Абишов Ықпал меншігіндегі 8 гектар жерден өндірістік алаң құрылып, 1 гектар аумаққа жиһаз жасау цехының құрылысын бастады, қалған жерлерге инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.
-Өзіңіз атап өткендей, Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағытының 84 пайызын ауыл шаруашылығы құрайды. Шаруларға тиісті жағдайлар жасау, суармалы және жайылым жерлермен қамтамасыз ету және төрт-түлікті өсіруге қолайлы жағдай жасау мәселелері, Ауыл аманаты жобасы қалай жүзеге асырылуда? Сауран ауданы ауданы облыс орталығы мен бірқатар аудан-қалаларды азық-түлікпен қамтитын аймақтардың бірі болып саналады. Былтырғы өніммен, биылғы көрсеткіштеріңіз қандай деңгейде? Бұл салада қандай жобалар бар?
-Ауданның экономикалық дамуын анықтайтын басты сала – ауыл шаруашылығында 2023 жылы 101,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, ағымдағы жылы бұл көрсеткішті 112,1 млрд. теңгеге дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. 5 айда нақты 9,2 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Ағымдағы жылы аудан бойынша 43 396 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Ауданда мал басы саны – 682,7 мың басты құрайды. Есепті кезеңде етті және сүтті бағыттағы ауыл шаруашылығы жануарларынан 3 780 тонна ет және 14 696 тонна сүт өндірілді. Құс басы саны – 147,9 мың басты құрайды. Есепті кезеңде құстардан 2,9 млн-нан астам жұмыртқа алынды.
Ауыл халқының әлеуетін аттыру мақсатындағы «Ауыл аманаты» жобасы бойынша атап өтетін болсақ, 2023 жылы пилоттық жобасы аясында Қарашық, Оранғай, Ескі Иқан, Майдантал ауыл округтерінен 1 млрд. 267 млн. теңгені құрайтын 191 жоба іске асырылды. Нәтижесінде, 3 172 бас ірі қара мал сатып алынды, 1,7 гектар жерге жылыжай салынды, 2 кәсіпкер балық шаруашылығын дамытуды қолға алса, өндірістік кооперативтерде – 3 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Сондай-ақ, өз кәсібін ашу бағытында — 10 жоба қаржыланып, 190 жаңа жұмыс орындары ашылды. Ағымдағы жылы жоба аясында Үшқайық, Иассы, Жаңа Иқан, Шаға ауыл округтерінен 280 шаруа несие алуға ниет білдіріп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады. Ал, бүгінгі таңда жер аманаты бағдарламасы аясында 104 мың гектар ортақ жайылым қайтарылса, жыл соңына дейін 6 мың гектар жерді қайтаратын боламыз. Ауданның жалпы аумағы 646 мың гектар болса, оның ішінде суармалы жерлер – 56 мың гектар және жайылым жерлер – 248 мың гектарды құрайды. Сонымен қатар, өңірде ауыл шаруашылығы саласында өткен жылы 101,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Сондай-ақ, 44 082 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, 2022 жылмен салыстырғанда 1 945 гектарға артқан. Бұдан бөлек, 14 830 тонна ет, 55 506 тонна сүт, 9 млн. 128 мың дана жұмыртқа өндіріліп, жалпы өнім көлемі – 30,5 млрд. теңгеге жеткен.
-Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында, барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулері тұрақты жалғасын тауып келеді. Сауран ауданы бойынша ағымдағы жылдың 5 айында қанша кездесулер болып, халықтың тарапынан қандай сауалдар қойылды? Тұрғындардың талап-тілегі қалай орындалып жатыр?
-Өткен жылы облыс басшысы Дархан Амангелдіұлының қатысуымен өткізілген 2 кездесу барысында 29 мәселе көтерілген болатын. Бүгінгі таңда сол мәселелердің 22 –сі өз шешімін тапты. Ал жетеуі орындалу үстінде. Одан бөлек халықпен кездесулерде басым көпшілігі ауыз су, электр жүйсеімен қамту, көгілдір отынның жағдайын сұрайды. Бұл бағытты айтып өтетін болсақ, Аудан бойынша 1 елді мекен ауыз су жүйесімен қамтылмаған және 12 елді мекенде ауыз су кестемен берілуде. Аталған елді мекендерге 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз ету 12 елді мекеннің ауыз жүйелерін жөндеуге мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізілуде. Жалпы жобаның құны 400 млн теңге, бүгінгі таңда бөлінгені 148 млн теңге болып отыр. Қаражатты толықтай бөлу басты назарда. Бұл жұмыстар Қазақстанның 30 жылдығы, А.Үсенов, Жүйнек, Қарашық, Шаға, Нұртас, Шойтөбе, Бершінтөбе, Достық, Қаражон, Құмтиын, Қосқорған ауылдарында жүзеге асырылады.
Ал,жаңадан қоныстанған 5 елді мекеннің аумағына ауыз су жүйесі тартылмаған. Олар: Шорнақ, Қосмезгіл, Ескі Иқан, Еңбекші Дихан, С.Қожанов. Қазіргі таңда жоба әзірленіп жатыр, жобаның құны — 8,6 млрд. теңгені құрайды.
Электрмен қамту жұмыстарына келетін болсақ, жасыратыны жоқ аудандағы елді мекендердегі электр желілері мен бағаналарының тозығы жеткен. Қазіргі таңда, осы мақсатта 36 жоба әзірленіп, 27 жобаның сараптама қорытындысы алынды, жоба құны 12 млрд. теңгені құрап отыр.Елді мекендердегі электр жарықтарының қуаттылығын арттырып, қысымын реттеу бағытында аудан тарапынан 53 дана трансформатор орнатылды.
«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында, ағымдағы жылы 102 дана электр бағанасы ауыстырылып, 17 шақырым электр желілеріне қайта құру жұмыстары жүргізіледі. 4 елді мекенге жаңа трансформатор орнатылады.
Ауданда 10 елді мекенге табиғи газ тартылып, газбен қамту үлесі 43 пайызды құрады. Ағымдағы жылы Оранғай, Қарашық, Жүйнек ауылдық округтеріне магистральды газ құбырын салуға республикалық бюджеттен қаржысы мақұлданып, құрылысы басталатын болады. Ауылдарды табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 10 жоба әзірленді, жоба құны – 21 млрд. теңгені құрап отыр.Бабайқорған, Майдантал, Жібек Жолы ауылдық округтеріне баратын магистральды газ құбыры және Қосқорған, Бостандық, Еңбекші Дихан елді мекендерінің ішкі газ жүйелерінің құрылысына жоба әзірлеудеміз.
-Облыс әкімінің қатысуымен өткен халықпен кездесудегі баяндамаңызда 2024 жылға Сауран ауданының бюджетінің шығыс бөлігі 10,5 млрд.теңгені құрап отырғанын атап өткен болатынсыз. Ал, кіріс бөлігіне 2 млрд. 822 млн. теңге түсімдер жоспарланғанын мәлімдедіңіз. Биыл аудан бюджетінің кірістер көлемі өткен жылмен салыстырғанда 378 млн. теңгеге ұлғайтылыпты. Бұл көрсеткіштердің артып келе жатқандығын аңғартады. Одан бөлек, құрылыс, коммуналдық сала, әлеуметтік бағыттарда қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Атап өтсеңіз.
-Құрылыс саласына тоқталар болсақ, Сауран ауданының әкімшілік іскерлік орталығына 38 гектар жер бөлінген. Қазіргі таңда әкімшілік пен прокуратура, полиция бөлімінің ғимараттары пайдалануға берілді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және аумақтық органдар ғимараттарының құрылыстары жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Халықтың ең көп сұранысы тұрғын үй бойынша айтатын болсам, бірінші маусымға тұрғын үй кезегіне 1 379 адам тіркелген. Әкімшілік іскерлік орталығынан 24 пәтерлі, 3 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Алдағы уақытта қосымша 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізетін боламыз. Сонымен қатар, аудан орталығынан 1 гектар жерге рәміздер алаңын, 2,1 гектар жерге орталық балалар саябағын салуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда белгіленген аумақтың 1-ші кезеңінде 25 мың көшет егілді. 2-ші кезең құрылысы 2025 жылы аяқталатын болады.
Білім беру саласы бойынша Сауран ауданында жалпы 53 мектеп жұмыс жасайды. Оның 12 сі жекеменшік мектептер. Білім беру мекемелерінде оқушылар саны 25 519 оқушыны құрайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен бастау алған «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында ауданымызда 5 мектеп жоспарланып, қазіргі таңда 3 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда: С.Қожанов елді мекенінде 300 орындық мектеп; Еңбекші дихан елді мекенінде 600 орындық мектеп; Аша елді мекенінде 600 орындық мектеп;
Сонымен қатар, Ынталы және Құмтүйін елді мекендеріндегі 600 орындық мектеп құрылысы және облыстық бюджет есебінен Абай елді мекеніндегі 300 орындық мектеп құрылысы ағымдағы жылы басталатын болады. Биыл, Оранғай ауылдық округінен 150 орындық жаңа мектеп құрылысы аяқталды, жаңа оқу жылына ашуды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, кәсіпкерлер есебінен 5 мектептің құрылысы жүруде.
Олар: «M-School» Шаға ауылдық округінде орналасқан, 400 оқушыға арналған мектеп; «Гимназия Иқан» мектебі, Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан, 380 оқушыға арналған; Жаңа Иқан ауылдық округінде орналасқан 580 орындық білім ордасы; «Заңғар-М» 2 мектебі, Жүйнек ауылдық округінде салынып жатыр. 700 оқушыға арналған; «Жалил Абдуллаев зияткерлік мектебі» Жүйнек ауылдық округінде орналасқан 500 орындық мектеп.
Денсаулық сақтау саласына келетін болсақ, Ағымдағы жылы әкімшілік іскерлік орталықтан 500 адамға қызмет көрсететін емхана құрылысына жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Сонымен қатар, 3 медициналық фельдшерлік акушерлік бекеттің құрылыс жұмыстары басталады. Олар: «Шаға», «Құсшы ата» фельдшерлік акушерлік бекеттері және «Жалантөс» медициналық бекеті.
Бұдан бөлек, жеке кәсіпкерлер есебінен «Ойық» медициналық бекеті және «Шекербұлақ» фельдшерлік-акушерлік бекеті құрылысы жүргізілуде.
Ауданда мәдениет және спорт саласында да қуантарлық жаңалықтар бар. «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында Бабайқорған ауылында 120 орындық клуб және кітапхана ғимаратының құрылысы басталды. Ал, Ескі Иқан ауылындағы мәдениет үйінің ғимараты күрделі жөндеуден өтуде. Аудан орталығынан 500 орындық Мәдениет үйі мен Жастар орталығын салу үшін жобалық сметалық құжаттар әзірленіп республикалық бюджетке өтінім жолданды. Жобаның құны – 1,9 млрд. теңге.
Бабайқорған ауылындағы спорт зал ғимаратының құрылысы аяқталса, аудан орталығынан жаңа үлгідегі спорт кешенінің құрылысы басталды. Сонымен қатар, Ибата, Теке, Ынталы, Абай ауылынан спорт кешенінің жобалық сметалық құжаттары дайын, «Орталық стадион»-ның жобалық сметалық құжаттары әзірленуде. Ал, кәсіпкерлер есебінен 4 елді мекенде спорт нысандарының құрылысы жүргізілуде (Жаңа Иқан, Иассы, Шаға, Оранғай).
Балаларды спортқа баулу мақсатында 5 елді мекенде спорт алаңшасы мен балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілсе, қосымша жыл соңына дейін 3 елді мекенде балалар ойын алаңшасы салынады.
Коммуналдық сала бойынша автомобиль жолдарына тоқталсам, Аудан бойынша аудандық маңызы бар жолдар 119,3 шақырымды және елді мекен көшелері 731,9 шақырымды құрайды. 2024 жылы «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында 39,7 шақырымды құрайтын 29 ішкі көшелерге және облыстық бюджет есебінен 9 шақырымдық «Бабайқорған – Абай» жолына, 15 шақырымды құрайтын «Шорнақ – Ескі Сауран» жолына және 9 көпірге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары аяқталғанда, елді мекен жолдарының жақсы және қанағатты жағдайы 5,4% жақсарып, жалпы көрсеткіш 70 % жетеді.
Цифрландыру бойынша ағымдағы жылы «Кар-Тел» ЖШС-гі мен «Кселл» АҚ-ы операторлары тарапынан келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде 8 елді мекенге,яғни Бабайқорған, Ынталы, Аша, Шорнақ, Ибата, Ескі Иқан, Жүйнек, Қарашық жаңа базалық станцияларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта қосымша 5 елді мекенде жүргізетін болады.
-Сауран ауданың туристік ауданға, туризм орталығына айналдырудағы мақсат — туристік нысандарды көбейту, туризмнің даму деңгейін халықаралық деңгейге жеткізу, туристік саладан түскен табысты көбейту, жаңа жұмыс орындарын ашу қажет. Сондықтан, бұл мәселе күн тәртібіндегі негізгі мәселенің біріне айналып отыр. Сол мақсаттарға жету үшін туризммен байланысты салаларды және инфрақұрылымды дамыту, сервистік қызмет саласын жақсарту, туризм саласындағы білімді жетілдіру міндеттері қойылып отыр. Түркістан облысының әкімі Сауран ауданына жасаған сапарының бірінде осылай деп мәлімдеген болатын. Расында, Сауран – өз заманында Түркістанмен қатар дамыған көне шаһардың бірі. 2021 жылы наурыз айында Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған тарихи мекеннің даңқы қайта жаңғырды деуге болады. Енді Сауран ауданында туризм саласын дамыту және оның әлеуетін арттыру, әрі туристерге тартымды ету бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойында орналасқан ауданының әлеуеті өте жоғары екені анық. Ауданның ұйымшыл, еңбекқор халқы негізінен кәсіпкерлікке, ауыл шаруашылығына ден қойған деп атап өттіңіз. Бүгінде жаңарған ауданда жаңа әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеріп жатыр екен. Бұл қуантарлық жағдай. Жалпы туризм саласында қандай жаңалықтарыңыз бар?
— Ауданда 56 тарихи-мәдени нысан бар. Олардың ішінде туристер қызығушылық танытып, жиі келетін Ескі Сауран қалашығы, Үкаша ата кесенесі, Жүсіп ата кесенелері бар. Тарихи-мәдени нысандарына өткен жылы 85 579 турист келген. Тарихи нысандарға келуші туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында Сауран қалашығынан «Сапар» орталығының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда ғимарат қабырғалары тұрғызылған. Биыл құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып пайдалануға беріледі. Айта кетейік, демеушілер есебінен 97 млн.теңгеге Жүсіп ата кесенесінің айналасына абаттандыру құрылыс жұмыстары жүргізілді.
-Қазіргі таңда, Мемлекет басшысының бастамасымен Таза Қазақстан акциясы іске асырылуда. Бұл тұрғындарды тазалық мәдениетіне үйретіп, қоршаған ортаны таза ұстауға үндеп отыр. Аталған игі шараға атсалысып жатқан адамдар да жетерлік. Сауран ауданында бұл акцияның қарқыны қандай?
-«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында, аудан бойынша 53 ауқымды іс-шара жүргізілді. Оған 8 мыңға жуық адам қатысты. Нәтижесінде 32 мың дана көшет, 12 мыңнан астам гүл егілді. 50 мыңға жуық ағаштар бұталанып, 48 аялдамалар мен басты көшелер бойында тозығы жеткен 450 үйдің қоршаулары мен қасбеттері ретке келтірілді, 7,5 шақырымды құрайтын иригация жүйелері тазаланып, 1 084 тонна қоқыс шығарылды. Полиция тарапынан Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-505 бабтарына сәйкес 364 хаттама толтырылып, 3 млн. 636 мың теңге айыппұл салынды. Тазалық барлық игі істің бастауы деуге болады. Сондықтан Мемлекет басшысының бастамасын Саурандықтар қашанда қолдай біледі. Өз аула, көшелерін қоқыстардан тазартуға атсалысып жүр. Үлкендер кішілерге насихаттап, өздері де әр апта сайын өткізілетін шараға қатысып келеді. Бұл тазалық акциясы үрдіске айналды деуге болады. Қазіргі таңда барлық аудан-қалаларда мемлекеттік қызметкерлерден бастап, үкіметтік емес ұйымның өкілдері де, тұрғындарда тазалыққа барынша үлестерін қосуда. Сауран ауданы да аталған игі істерді жалғастырып, тазалықты басты назарда ұстайтын болады.
Сауран ауданын дамыту бағытында ауқымды жоспарлар бар екен. Өзіңіз атап өткендей, басты міндет аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында кешенді жұмыстарды жалғасын тауып келеді. Өнеркәсіп, туризм, ауыл шаруашылығы салаларын әрі қарай тұрақты дамыту бағытында қарқынды жұмыстар атқарылатынына сеніммен қараймыз. Бізге Сауран ауданындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларыңызбен бөліскеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Тұрғындар үшін жасалып жатқан жаңа бастамалар өз жемісін бере берсін!