Түркістан облысы, Созақ ауданындағы Қызылкөл ауылы маңында орналасқан археологиялық ескерткіште далалық зерттеу жұмыстары аяқталды. Зерттеу объектісі Қызылкөл тарихи-мәдени нысанда орналасқан Ғибадатхана және екі қорған болатын. Нәтижесінде, Қазақстан Республикасы мемлекеттік орталық музейінің археология бөлімінің мамандары қаңлы мәдениетіне қатысты, б.з.д. ІІ ғасырға жататын бірегей артефактілерді тапты.

Қазба жұмыстары кезінде ірі қара және ұсақ малдың сүйектері мен мүйіздері, тас дәнүккіш, келі, диірмен тағы да басқа еңбек құралдарының бөліктері, қыш ыдыс тұтқалары, киімге арналған түйме фрагменттері алынды. Ғибадатхананың батыс бөлігінде ашылған бөлменің ішінде 60 см тереңдікте ғұрыптық бұйым ыдысының кішкене бөлігі сақталған цилиндр пішінді, табаны жайпақ тұғыр табылған.

Ескерткіштің биік таулар мен көлдерге жақын орналасуы, ғибадатхананың ерекше құрылымы мен табылған жәдігерлердің түрлері құрылыстың ғұрыптық ғибадатхана ретінде пайдаланылғанын көрсетсе, тас құралдар егіншіліктің, атап айтқанда, егін жинаудың дамығанын көрсетеді.

Жалпы, қазақ халқының құрамына енген ірі тайпалардың бірі ол — қаңлылар. Олар Қытай жазба деректерінде кангюйлар деп аталса, ал парсы және үнді діни кітаптары «Авеста» мен «Махабхарата» кангха болып кездеседі. Түркі руналық жазушыларында Кангю-тарбанд деген кенттің аты бар.Қаңлы тайпаларын Қытай жазба деректері бойынша, алғаш рет қазақ халқының тарихына таныс еткен ғалымдар көрнекті Қытай тілінің мамандары Н. Я. Бичурин мен Н. В. Кюнер деп айтылады. Жазба деректерді пайдалана отырып, қаңлылардың қысқаша болса да тарихына көңіл бөлген академик В. В. Бартольд. Ол қаңлы тайпаларын Сырдарьяның орталық ағасында өмір сүрген деген тұжырымға тоқталған екен.

Тарихи деректерге сенсек, біздің заманымыздан бұрынғы ІІ-III ғасырларда қаңлы тайпалық бірлестігі құрылған. Олардың астанасы – Битянь қаласы болған. Олардың саны 600 мың, немесе 120 мың үй болған деген деректер бар. Қаңлылар Қытай, Рим, Кавказ және Орта Азия елдерімен сауда байланыс жасап тұрған. Олардың негізгі кәсібі егіншілікпен ұштасқан мал шаруашылығы, сонымен қатар аң аулау мен балық аулаудың қосалқы маңызы болды. Қоныстар мен қорымдарды қазған кезде балық аулау құралдары – шанышқылар, сүңгілер, қармақтар, жүкшелер де табылған. Қаңлылар қоғамында әр түрлі кәсіптер,қол өнер, сауда және ақша айналысы дамыды.Олардың қоныстарында ондаған тұрғын үй мен қора – қопсылар болды.

Көптеген археологиялық қазба жұмыстарында дән, астық сақтайтын ұра, еденді сылайтын балшыққа, шикі кірпішке қосылған сабан, толып жатқан дәнүккіштер, астық, бақша дақылдарын сақтайтын қыш кеспектер табылған екен. Олар жерді тас кетпендермен өңдеген, сүйектен жасалған егіншілік құралдарды да пайданған. Тарихи деректерге сенсек, қаңлы тайпалары сонау ерте кезден бастап мемлекеттік дәрежеге дейін көтерілген тайпа бірлестіктері болды деп айтуға болады. Ғалымдардың айтуынша, ежелгі Қаңлы және одан арғы мемлекеттердің қалалары Қарнақ, Шорнақ, Йүгнек, Шобанақ, Ташанақ, Сығанақ болып, қазірге дейін аталып келеді. Тағы бір осыдан кейінгі түркіше көне атаулар Құмкент, Саудакент, Өзкент, Жанкент, Сүткент, Манкент сияқты болып келеді. Бұлардың соңындағы кент атты бөлігі ел, халықтың тұрғын жайы деген мәнді білдіретін сөз екені белгілі. Ал нақ сөзінің тап сондай елді-мекен деген мағынасын ешбір түркі халықтарының сөз қорынан кездестірмейміз. Соған қарағанда бұл сөз өте ежелгі заманда қолданылып, кейін оның орнын басқа сөзқолданысы иемденген тәрізді.

Созақ ауданы Құмкент ауылдық округіне қарасты Қызылкөл елді мекені жанынан табылған құнды мұралар да қазақ тарихымен үндескен ұлттық жәдігерлер деп айтуға болады. Себебі, ел тарихы оның өткен кезеңдері мен байырғы дәуірлерден сабақтасып келеді.

Енді, орталық музей археологтары Қазақстанның көне тарихының жаңа парақтарын аша отырып, еліміздің әр өңіріндегі тарихи нысандарда архологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыруды жоспарлап отыр.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*