Қожа Ахмет Ясауи қабірінің үстіне Әмір Темір тарапынан тұрғызылған теңдесіз ғимарат БАҚ-тарда, оқулықтарда және де ғылыми әдебиеттерде де осы күні кесене атауымен беріліп жүр. Бірақ бұл шартты атау ғана екендігін ескеру қажет.

Жалпы қабір үстіне зиярат үшін тұрғызылған құрылыс “кесене” деп аталады, ал батыс терминологиясында бұл ұғым “мавзолей” деген атаумен беріледі. Бауырлас түрік халқы “түрбе” деп атайды. Қазақтың да кей жыр-дастандарында “дүрбе” деп келеді. Этимологиясына тоқталсақ, кесене – парсының “кашане” сөзінен шығып, зәулім сарай деген мағына береді. Қабір үстіне тұрғызылған құрылысты қазақтар “бейіт” деп те атайды. Арап тіліндегі “бәйт” сөзі үй мағынасын береді. Еліміздің кей аймақтарында қабір үстіндегі құрылыстар “там” деп те аталады. Қазақ халқының мазар үстіне түрғызылған ескерткішті үй мағынасын білдіретін “там”, “кесене”, “бейіт” сөздерімен атауы қызық құбылыс. Қабырғалары мен шатыры болғандығы үшін ғана осылай атады ма, әлде басқа да себептер бар ма, бұл әрине басқа зерттеу жұмысының тақырыбы.

Қызығы жергілікті тұрғындар аталмыш таңғажайып тарихи ескеркішті көбіне “мешіт”деп атайды. Түркістан жұрты «мешіт» дегенде бірден Ясауи кесенесін меңзеп тұрғандығын біле қоясыз. Қарапайым халық діни құрылыстың бәрін жалпылама мешіт деп атай берген секілді (мысалы, сопылық құрылым саналатын қылуетханалардың жер асты мешіті деп аталуы. Ал қылуетхана мен мешіт мүлдем екі бөлек нәрсе). Осыған сүйенген болса керек, көптеген зерттеушілер мен саяхатшылар да жазбаларында аталмыш кешенді “мешіт” деп береді. Мысалы, Ж.Аймауытов «Әзірет Сұлтан» мақаласында Ясауи кесенесін “мешіт” деп атаған, А.Л.Кун «Түркістан альбомында» Ясауи кесенесін – “мечеть Азрета Яссави” деп белгілеген (сондай-ақ Ахмеров П. “Надписи мечети Ахмеда Ясави”, Бекчурин М. “Описание мечети Азрета”). Хазрат Султан емес, қазақшаланған нұсқасы бойынша “Әзірет Сұлтан” (“Азрет Султан”) деп берілуі сол кезде де қалада басым ұлттың кім болғандығын айғақтайды.

Асылында Ясауи кесенесін мешіт деуге келмейді. Кесене атауы да функцияналдық қырын толық аша алмайды. Бұл тұрғыдан Көреген Темірден алдын Қарахандықтар тұсында Әзірет қабіріне тұрғызылған құрылысты нақты кесене деп есептеуге келеді. Әмір Темірден мирас қалған бұл теңдесіз ескеркеткіш кесене, мешіт (намазхана), кітапхана, жамағатхана мен бірнеше құжыраны қамтиды. Мұсылман елдерінде бұл тип құрылыстар “куллия” деп аталады. Бұл атау XIX ғ. Османлыда қолданысқа енген. Батыс терминологиясындағы баламасы “комплекс”, қазақшаласақ “кешен” болады. Кейбір куллиялардың хамамы мен базары қоса болған. Бірақ куллия негізінен жекелеген ғимараттардан құралады. Ал Ясауи кесенесінде мұның барлығы бір шатырдың астына жинақталумен ерекшеленеді.

Көреген Темір тарапынан кесенеге сыйға берілген тудың лаухасында, мұның Ясауи ханакасына сыйға берілгендігі жайында жазу бар. Демек бұл құрылыс әу баста ханака ретінде салынғандығын айғақтайды. Ханака – сопылық құрылым (ханакалардың қалыптасуы мен дамуы, Түркістан мен Хорасан аймағы ханакаларының ерекшелігі өз алдына бөлек тақырып). Бірақ белгілі бір кезең ғана ханака қызметін атқарып, әр кезеңде тарихи себептерге байланысты функциясы ауысып отырған.

Кейінірек Әзірет Сұлтанның жанына қожалар мен діни тұлғалар, қазақтың ел билеген хандары мен сұлтандар, билер, ел қорғаған батырлар жерленіп, кесене іші мен айналасы үлкен мазарға айналды. Бұл тұрғыдан кесене ұлттық пантеонға айналды десе де болады. Дегенмен кесене орны Ясауи бабамыз жерленбей тұрып-ақ мазар орны болғандығы зерттеулер мен қазба жұмыстарынан белгілі. Әмір Темірдің Ясауиден алдын өмір сүрген Ілияс хан, Қоқырас хан, Шорнағат хан, Жолбарыс хан (Сағд әулие) рухтарына құрмет білдіріп, кесене құрылысында олардың мазарлары орнына арнайы ойық-ниша қалдыруы да соның айғағы.

Кесененің бір кезеңдері қазақ хандарының резиденциясы қызметін атқарғандығы турасында тезис тағы бар. Десе де бұған қатысты тарихи деректер бұлыңғыр, іргелі зерттеуді қажет етеді. Хан Ордасы Жеті Ата магистралі бойында болғандығы қазба жұмыстарынан мәлім. Дегенмен кесененің үлкен және кіші ақсарай бөлмелерінің қазақ хандарына қатыстылығын мүлдем жоққа шығаруға болмайды. Пайымдауымызша мұнда хандарымыз белгілі бір рәсімдер өткізіп тұрған болса керек.

Әулиелердің Сұлтаны болған Ахмет Ясауи бабамызға құрмет ретінде салынған бұл ғимаратты қалай атасақ та әлемде теңдесі жоқ, бірегей, уникалды тарихи ескерткіш болғандығымен ерекшеленеді.

Шыңғыс Жүнісбаев, «Әзірет Сұлтан»

музей-қорығы экскурсоводы.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*