Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Созақ ауылында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған заманауи үлгідегі «Созақ спорт кешенінің» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ауыл тұрғындары үшін үлкен қуанышқа айналған игі шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев және ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.

Салтанатты шарада аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы сөз сөйлеп, ауыл жұртшылығын жаңа спорт нысанының ашылуымен және ел үшін қастерлі Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.
« – Ең алдымен баршаңызды Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздік – ата-бабамыздың арманы, халқымыздың баға жетпес қазынасы. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем болсын! Әр шаңыраққа құт-береке, мол табыс, жарқын болашақ тілеймін! Бүгінгі жетістіктеріміз де егемендіктің үлкен сыйы деуге болады. Сондай-ақ, қазіргі таңда Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Президент өз Жолдауларында халықтың денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру және спортты баршаға қолжетімді ету – ел дамуының маңызды бағыты екенін атап өтті. Бұқаралық спортты дамыту арқылы балалар мен жастарды спортқа тарту, зиянды әдеттердің алдын алу және ұлт саулығын жақсарту көзделеді. Осы мақсатта өңірлерде спорт инфрақұрылымын дамыту, жаңа спорт нысандарын салу, аула және ауыл спортын қолдау жөнінде нақты тапсырмалар берілген. Спортпен жүйелі түрде айналысатын қоғам – дені сау, еңбекке қабілетті және болашаққа сенімді қоғам. Сондықтан бұқаралық спортты дамыту – тек спорт саласының ғана емес, жалпы мемлекеттік маңызы бар міндет. Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес ауданда спорт инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқын алуда. Жаңа нысан ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге үлкен мүмкіндік береді,» – деген аудан басшысы спорт саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды да тілге тиек етті.

Сонымен қатар, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров құттықтау сөз сөйлеп, жаңа спорт кешенінен еліміздің көк Туын әлемдік ареналарда абыроймен желбірететін дарынды спортшылар өсіп шығарына сенім білдірді. Шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов ауыл тұрғындарын құттықтап, жаңа спорт нысаны ел игілігіне ұзақ жылдар қызмет ететініне тілектестік білдірді.

Ауыл қариясы, ауданның Құрметті азаматы Биімбет Байғараев сөз сөйлеп, өскелең ұрпақтың болашағы үшін маңызды нысанның бой көтеруіне атсалысқан азаматтарға ризашылығын жеткізді. Салтанатты рәсімнен кейін қатысушылар жаңа спорт кешенін аралап, ішкі құрылымы мен көрсетілетін қызмет түрлерімен танысты.

Айта кетейік, спорт кешенінің жалпы жер аумағы 1,5 гектарды құрайды. Ғимараттың жалпы көлемі – 1356 шаршы метр. Екі қабатты нысанда футбол, волейбол және баскетбол алаңдары, бокс, күрес және жаттығу залдары орналасқан. Бұған қоса медициналық кабинет, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер, қызметкерлерге арналған жеке кабинеттер қарастырылған. Кешен аумағы толық қоршалып, ғимараттың сыртқы фасады заманауи үлгідегі металпанельдермен қапталған.

Жаңа спорт кешені ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың спортпен жүйелі айналысуына және бұқаралық спорттың дамуына тың серпін береді.