Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының тапсырмасы бойынша Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу және сақтық шаралары туралы халықты ақпараттандыру мақсатында кездесу өткізді. Оған Төтенше жағдайлар департаментінің 150 қызметкері қатысты. Басқосу барысында тәртіп сақшылары интернет-алаяқтықтың кең таралған схемалары туралы айтып, алаяқтардың тұзағына түспеуге көмектесетін жеке ақпаратты қорғау бойынша практикалық кеңестерімен бөлісті. Күдікті сілтемелерге мұқият болуға, банк шоттары мен деректері және кодтарын бөгде адамдарға бермеуге шақырды.

Соңғы кездері қазақстандықтарға өздерін банк қызметкеріміз деп таныстырып, қоғырау соғатын алаяқтар көбейген. Олар адамдардың депозиттеріне қауіп төнгенін хабарлайды, ақшаны жедел шешіп алуды немесе депозитті «қауіпсіз шотқа» аударуды ұсынады. Бұл айлаға берілмей, керісінше банкке жедел түрде қоңырау шалған дұрыс дейді мамандар. Жиында полицейлер алаяқтардан бір қадам алда болуға және ақшаны үнемдеуге көмектесетін тағы бірнеше кеңестерді атап өтті.

« – Жеке деректеріңізбен ешкіммен бөліспеңіз! Телефон алаяқтарының, әсіресе несиелерді немесе шоттарды жабу туралы өтініштерінен сақ болыңыз. Ақшаны аудармас бұрын алушының мәліметтерін тексеріңіз. Ешқашан SMS-те көрсетілген код пен PIN-кодтарды үшінші тұлғаларға, тіпті туыстарыңызға айтпаңыз. Құрылғыларыңызға AnyDesk және RustDesk сияқты бағдарламаларды орнатпаңыз. Күдікті жағдайларға тап болсаңыз, банкке немесе құқық қорғау органдарына хабарлаңыз. Интернет-алаяқтықтың ең көп таралған түрлері телефондық алаяқтық. Мұндай жағдайларда арам пиғылды адамдар абоненттік нөмірді ауыстыру үшін көбінесе IP-телефонияны пайдаланады, өйткені өздері Қазақстанда тұрмауы мүмкін. Әдетте алаяқтар қоңырау шалып, шоттағы күдікті операциялар туралы хабарлайды. Адамның бойын үрей билеп, уайымдай бастайды, зиянкестер осы сәтті пайдаланады. Қорқынышқа бой алдырған адам психологиялық айла-тұзаққа оңай түседі. “Банк қызметкерлерінің” немесе “ІІМ органдары немесе прокуратура қызметкерлерінің” атын жамылғандар клиентке қаражатты дереу “сақтандыру” шотына аударуды ұсынады. Олар үрейдің әсерін күшейте отырып, ақшаны ұрлатып алмау үшін дербес деректерді тезірек жіберу қажет екендігіне сендіреді. Мұндай жағдайда алдымен терең тыныс алып, жүрегіңізді басып, басыңызды іске қосыңыз. Дереу сөйлесуді доғарып, кеңес алу үшін банкке немесе полицияға қоңырау шалу керек. Шын банк қызметкері ешқашан жеке деректерді нақтылау үшін қоңырау шалмайды. Банкте барлық клиенттердің деректері жинақталған ақпарат қоры бар. Тек алаяқтар ғана мұндай ақпаратты кез-келген жолмен алуға тырысады.» – деді , киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері

Сондай-ақ алаяқтар әртүрлі қазақстандық банктердің клиенттеріне солардың қызметкерлері ретінде қоңырау шалып, адамға оның картасынан әлдекімдердің халықаралық ақша аударымын жасауға, несие рәсімдеуге, ақшаны “қауіпсіз” шотқа аударуға немесе басқа да күмәнді операция жасауға тырысқанын хабарлайды. Ақшаны сақтап қалу үшін қаскөйлер өз құрбанын AnyDesk немесе TeamViewer бағдарламасы болып табылатын арнайы қосымшаны орнатуға иландырады. Қосылу кодын алғаннан кейін ғана олар смартфонда сақталған логиндерге, парольдерге және мобильді банкингке қол жеткізеді. Ал, дипфейктер — алаяқтықтың әлеуметтік инженерия мен жасанды интеллект — дауысты өзгерту технологиясын қолданатын жаңа түрі. Дипфейктердің көмегімен зиякестер банк шотына қол жеткізу, оны қолма-қол ақшаға айналдыру және жалған несиелер беру үшін біреудің бет әлпетін өз пайдасына жарата алады немесе ойдан шығара алады. Мұндай жағдайда оның бет әлпетіне мұқият назар аударыңыз, көзі әдеттен тыс жыпылықтап, еріннің жыбыры мен айтылған сөздің арасында сәйкестік болмауы мүмкін, аздап тұтыққандай немесе робот сөйлеп тұрғандай болуы, жауаптар біржақты берілуі мүмкін. Жалпы біртүрлі болып көрінген нәрсенің бәріне күмәнмен қараған жөн.

 Жалпы мамандар қарапайым ережелерді сақтау арқылы айлакерлердің,  қылмыскердің қақпанынан аулақ болуға болатынын айтады. Ол үшін, ешкімге төлем картаңыздың деректемелерін айтпау, SMS-тегі кодтарды хабарламау, біреудің өтініші бойынша мобильді банкингтегі телефон нөмірін өзгертпеу, мобильді банкингтегі логин мен құпиясөзді ешкімге бермеу маңызды. Белгісіз, әсіресе ресми емес ресурстардан жүктелген бағдарламалар мен қосымшаларды орнатуға болмайды. Міне осындай талаптарды орындаған адамдар интернет алаяқтардың құрбаны бола бермейді. Полицейлер атап өткендей, интернет-алаяқтықтан қорғау әдістері туралы мұндай ақпараттандыру шараларын өткізу – қауіпсіздік кепілі.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*