Түркістанда «Күлтөбе қалашығы» ашық аспан астындағы заманауи археологиялық паркін құру жұмыстары жалғасуда. Бұған дейін жобаның алғашқы кезеңі аяқталған болатын. Рухани-мәдени астанадағы «Күлтөбе қалашығы» қалашығы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайына тиесілі. Бүгінде, мұндағы барлық жұмыс ЮНЕСКО талаптарына сай жүргізіліп жатыр. Аталған жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру бойынша Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды сәулет, туризм, мәдениет саласына жауапты басшылар мен осы жобаға қызығушылық танытып отырған шетелдік компания өкілдерімен кеңес өткізді. Жиында Күлтөбе қалашығы маңынан заманауи туристік нысандар салу мәселесі талқыланды.
– Бұл қалашыққа келген саяхатшылар Қазақ халқының тарихынан, мәдениетінен, қасиетті Түркістан шаһарының өткенінен мағлұмат алатындай болуы тиіс. Біздің маңызды құндылығымыз – Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен үндесіп, туристер келетін орынға айналуы керек. Жан-жақты зерттеп, зерделеп барып, жұмысты жүргіземіз, – деді Дархан Сатыбалды.
Жобаның жалғасы ретінде келушілерге заманауи сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасауға мүмкіндік беретін нысан салынбақ. 3D форматының жетістіктері қолданылып, нысан түнгі уақытта жарқырап, ою-өрнектермен безендірілмек. Бұл жоба облыс орталығына келуші туристерді ерекше қызығушылығын арттыра түседі дейді мамандар. Яғни, болашақта археологиялық парктің қонақтары үшін сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасау мүмкіндігі де туады. Күлтөбе қалашығының маңнан табылған археологиялық жәдігерлер туралы да мағлұмат беріліп, қазақ мәдениеті, қолөнерінен сыр шертетін дүниелер жұртшылық назарына ұсынылады деп күтіліп отыр. Бұл жоба алдағы уақытта әлі де зерделеніп, тиісті шешім қабылданатынын айтқан өңір басышысы, жаңа бастамалар ұлт тарихын тереңінен насихаттауға мүмкіндік беретінен атап өтті.
Сондай-ақ, Күлтөбе туралы деректерге тоқталып өтсек. Қазақ халқы бүгінгі күнге дейін «Күлтөбенің басында күнде жиын» деген сөз тіркесін қолданып келеді. Тарихшылар мен ғалымдар бұл сөз сонау «Ақтабан шұбырынды» заманында шыққан деген мәліметтерді айтады. Сол кезеңдерде қазақ хандары мен сұлтандары, билері мен батырлары Мәртөбе мен Күлтөбенің басына жиналып, ел үшін өте маңызды болған мәселелерді талқылап, кеңес құрған екен. Тарихи деректерге сүйенсек, бұл кезең 1684 жыл мен 1723 жылдың арасына сәйкес келеді деген ақпараттар да бар.
Жалпы, Күлтөбе – елiмiздегi ең көне қалалардың бiрi болып есептеледі. Еліміздің рухани астанасы, Түркiстан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнен 350 метр қашықтықта орналасқан қалашыққа алғаш рет 1972 жылы археологиялық қазба жұмыстары жүргiзiлген екен. Күлтөбеден VII-VIII ғасырларда пайдаланылған Отырар зергерлерiнiң теңгелерi мен қыш ыдыстары табылып және көне жәдiгерлер табылып, сол кезеңдегі халықтың әдеп-ғұрпы мен мәдениетін айшықтап берген.
Мысалы бұл тұрғыда, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты жобасының ғылыми қызметкері, археолог әрі реставратор Руслан Шербаев күлтөбелік зергерлік құралдардың екі түрі бар екенін айтқан екен.
«Олар – ою-өрнек пен зер салуға арналған нақыштаушы құралдар. Оның бірі темірден жасалған, айтарлықтай нығыз, ұзындығы — 12 см, түбі үшкірленген. Екіншісі – мыстан жасалған, іші қуыс. Құралдардың беткі тұсы пайдаға жарап болғанын көрсетеді. Бұл құралды түркістандық зергердің ұзақ уақыт бойы қолданғаны байқалады», — деген археолог, осындай құралдармен бірге қалашықта мыстан жасалған құйма табылғанын да мәлімдеген. Археологтардың болжауынша, құйма әйелдердің сырғасын құюға қолданылған. Яғни мұндай ақпараттар, Күлтөбе қалашығында түрлі-түсті металлургияда қолданылатын айрықша құрал болғандығын және сол кезеңдердің өзінде-ақ қолөнердің осы түрі болғанын растайды.
Бұл бағытта этнограф әрі археолог Айсұлу Ержігітова, Күлтөбе қалашығының зергерлік бұйымдарының коллекциясы жеткілікті деңгейде бірегей екенін айтқан. Онда қаңлылар дәуіріне жататын ертедегі полихромды стильдегі үлгілер де бар екенін де атап өткен.
«Археологиялық қазба жұмыстары кезінде коллекция ежелгі және кейінгі орта ғасырлардағы зергерлік өнер жәдігерлерімен толықтырылып отырады. Бұл алтын, күміс, қола мен мыстан жасалған бұйымдар танымал қазақстандық этнограф Ш.Ж.Тоқтабаевтың сөзімен айтқанда – этностың ұлттық ерекшелігін терең көрсете отырып, өзін-өзі шығармашылық тұрғыда таныту түрі. Қазақтардың өзге де дәстүрлі кәсібіне қарағанда зергерлік өнер — өмірдің өзі көрсетіп отырғандай ең өміршең әрі қажет ететін түріне жатады. Сол себепті Күлтөбе қалашығынан табылған археологиялық артефактар – тарихы ғасырлардан ғасырларға ұласатын дәстүрлі зергерліктің кәсіптік тұрғыда талданған сипатының даусыз дәлелі», — дейді этнограф Айсұлу Ержігітова
Зерттеушілердің айтуынша, Күлтөбеде XIII-XIV ғасырларға тән керамикалық шеберханалардың орны бар. Себебі, бұл ол жерден табылған археологиялық қазба байлықтардың арасындағы ерекше назар аудартатын дүние. Мамандар екі қатарға орналасқан алты пеш кәдімгі керамикалық цехтың қызметін атқарып, онда ас ішуге арналған ыдыстар шығарылғанын дәлелдепті. Ал, тарихи деректерге сүйенсек, түркі дәуірінде керамика өнері, әсіресе, Қазақстанның оңтүстік-шығыс өңірлерінде кеңінен тараған. Онда су жүйелеріне арналған керамикалық бұйымдар дайындаудың орталық-азиялық дәстүрі көбірек әсер еткені байқалады. Мүндай өркендеген қалалардың тұтастай орамдарында қыш құмырашылар, темір ұсталары мен зергерлері бар қолөнер шеберлері жұмыс істеген. Олардың жасаған дүниелері Ұлы даланың аумағынан тысқары жерлерге де әйгілі болған екен.
Кейбір мәліметтерге сенсек, 1982 жылы Яссы-Күлтөбе қалашығында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде құмыра ішінен XIII ғасырдың соңғы ширегі мен XIV ғасырдың басында Шағатай мемлекетінің ақша сарайларында соғылған 202 дана күміс дирхем мен фельстерден тұратын көмбе табылған екен. Көмбе құрамында Алмалық, Әндіжан, Бұхара, Қашғар, Кенджде, Маргинан, Отырар, Самарқан, Тараз, Ходженд, Шаш және Янги ақша сарайларының өнімдері болған. Бұл жағдай сол кезеңде Шағатай ұлысына қарасты Түркістан қаласының айтарлықтай маңызға ие сауда орталықтарының бірі болғандығын аңғартып отыр. Бұл – өңірде сармат мәдениетінің тараған кезі. Сармат заманына тиесілі дүниелер өте көп. Күлтөбеде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде де , сармат тайпалары заманында қолданылған заттар мен белгілер көптеп табылыпты.
Өткен кезеңдерге тоқталатын болсақ, Күлтөбеге алғаш рет 1972 жылы археологиялық қазба жұмыстары жүргiзiлгенін атап өттік. Яғни ол кезде, 7-8 ғасырларда пайдаланылған Отырар зергерлерiнiң теңгелерi мен қыш ыдыстары табылып, сол жәдiгерлер туралы ғана ақпарат берiлген. Алайда, Археолог М.Массон осыны негiзге ала отырып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнiң оңтүстiк бөлiгiне зерттеу жүргiзу керектiгiн айтыпты. Осылайша араға он жылдай уақыт салып, 1981-1984 жылдары Түркiстан археологиялық отряды қазба жұмыстарын қолға алады. Ал, қазба жұмыстарының нәтижесiнде Күлтөбе қалашығының IV-V ғасырларда қалыптасып, XIV ғасырға дейiн өмiр сүргенi анықталған. Зерттеушілер белгiленген аймақтарды алты метрге дейiн қазып, тарихи жәдігерлерді табу мақсатында одан да әрі тереңдей түскен екен. Осындай жұмыстардың қорытындысында 23 қыш ыдыстың сынығы табылған екен. Археологтар бұл ыдыстар 4-5 ғасырларда кеңiнен қолданылғанын мәлімдеп, көне мекеннің тарихы тереңде екеніне көз жеткізген.
Зерттеуші Едiлбай Көшербайдың мәліметінше, қазбаның ортасынан үлкен шар тәрiздi мекенжай табылды. Оның оңтүстiк бөлiгiнiң еденiнде балқыма дағы бар екен. Балқыманың астынан қабiр аршылды. Одан аяқтарын бауырына басып жатқан басы жоқ жылқының қаңқасы тазартылып алынды. Алдыңғы аяғының жанынан сопақша келген темiр үзеңгi, төменгi жағынан төрт қырлы сырғалығы бар белдiк, белдiктiң күмiс қапсырмасы және жалғыз шығыршықты темiр ауыздық шықты. Мұндай заттарды Орта Азия мен Қазақстан аймағындағы жылқы көмiлген қабiрлерден де кездестiруге болады. Сондықтан, тарихшылар оны 6-7 ғасырлардың аяғына жатқызды. Сондай-ақ, тарихшылар 14-ғасырда Күлтөбедегi бекiнiс қиратылып жойылғанын, оның бүкiл аумағы зиратқа айналғанын айтады.
Ұлт тарихының жаңа парағына жол ашатын Күлтөбеде археологиялық зерттеу жұмыстары өткен кезеңнен кейін де тоқтаған жоқ. Белгілі қазақстандық ғалым Ерболат Смағұловтың бастамасымен Күлтөбе қалашығына 2010 жылы археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіле бастады. Кейін археологтар Күлтөбе Түркістан қаласының ең ежелгі бөлігі екенін анықтады. Біздің заманымызға дейінгі бірінші ғасырға жататын ғибадатхана мен бірқатар архитектуралық құрылымдардың табылуы Ясы қаласының тарихын тағы мың жарым ғасырға ұзартып, Ұлы даланың тарихы мен мәдениетін қалыптастыратын аспектілерді қайта қарауға алып келді.
Ал, 2017 жылы нысан ғалымдардың назарын өзіне аудартып, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының басшылығымен шағын ғылыми жоба аясында қолға алынды. Ал 2019 жылы ERG-дің қаржылай қолдауымен қалашық толыққанды зерттеле бастады. Бұл бағытта Күлтөбе-Ясы қалашығында күрделі зерттеу және толыққанды археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Аталған шаралар археологиялық нысандардың кәсіби сараптамасын да қамтыды. Сондай-ақ осы жылы Күлтөбенің ежелгі қонысының 27 гектар аумағына ауқымды георадарлық сканерлеу жүргізіліп, нысаналы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу үшін ең перспективалық учаскелер анықталды. Осының негізінде бірінші аймақта XII-XIV ғасырлардағы ортағасырлық кезеңге жататын бірқатар археологиялық нысан зерттеліп, табылған заттар Сармат-Каңғы дәуірінің (II-III ғасырлар) бұрын табылған ежелгі цитаделімен қатар, II-XIX ғасырлар аралығында Күлтөбе тарихи-мәдени ландшафтының негізгі төрт кезеңін нақты ажыратуға мүмкіндік береді. Тиісінше ғалымдар мен археологтар тарихи-мәдени зерттеулерге сүйене отырып, Күлтөбе қалашығының дамуын төрт кезеңге бөлуді де ұсынды.
Айта кетсек, Күлтөбе қалашығы 1-ші және 4-ші ғасырлар аралығында, яңни ерте кезеңде Сармат-Каңғы дәуіріндегі діни және рухани орталық болған болса, екінші кезең түркі дәуіріндегі кішігірім қоныс деп айтуға болады. Ол уақытты ғалымдар VII — IX ғасырларға жатқызады. Сондай-ақ үшінші кезең қалалық мәдениеттің дамуы және Қожа Ахмет Ясауидің дәуірі. Яғни бұл 10-шы және 13-ші ғасырлар аралығы болып саналады. Ал, төртіншісі Қазақ хандығының кезеңі. Бұл 16-шы және 19-шы ғасырларды қамтиды. Тарихи деректерде, Күлтөбе ол заманда маңызды саяси және экономикалық орталық болып, мәдениеттердің тоғысуы мен түрлі сауда — саттықтың мекеніне айналған. Түркістан — Қазақ хандығының астанасы болса, Күлтөбенің де маңызды қалашықтардың бірі болғанын аңғару қиын емес. Бүгінде Күлтөбе Түркістан өнерінің маңызды архитектуралық үлгілері болып саналатын, ерекше қорғалатын нысандар қатарында десек болады. Ежелгі мекеннен III-IV ғасырлардағы алтыннан жасалған әйелдердің зергерлік бұйымдары, ертедегі және орта ғасырдағы кремиканың түр-түрі, діни мазмұндағы ежелгі кітаптар да табылды. Түрлі зерттеулердің барысында табылған барлық құнды археологиялық мұралар, жәдігерлер мұражай коллекцияларының бір бөлігіне айналып отыр.
Елімізге белгілі өлкетанушы Ерлан Сыздық Күлтөбенінің орнында әкімшілік ғимарат және шағын тұрғын үй-жайлар, пеш, астық сақтауға арналған адам бойымен бірдей ыдыс тұрған шеңбер болғанын айтқан екен.
«Бұл жер – туристердің сүйікті жері. Олар бұл жерде 1-2 сағатқа тоқтайды. Жақында голландиялықтар да болды, олар тіпті кеткілері келмеді. Күлтөбенің біз біле бермейтін сырлары да көп. Мүнда ас үй керамикасының қалдықтары табылған шаруашылық шұңқыры сақталған. Жергілікті тұрғындар қоқыстан, иіс шығып, құрт-құмырсқа болмас үшін, оны ұдайы күлмен дезинфекциялап отырған. Тұрғын үй-жайлар шағын, пеш, астық сақтауға арналған адам бойымен бірдей ыдыс – хум тұрған шеңбер болған. Бұнда ғимаратқа қызмет көрсететін адамдар тұрған секілді. 21-22 ғасыр өтсе де тұрған кірпіштер жақсы сақталған. Қорған қандай қызмет атқарды дегенге келсек, бұның тұрғын үй емес ғимарат болғандығын сенімді түрде айтуға болады. Тұрмыстық ыдыстар онша көп кездеспейді, белгілі бір ошақтар да жоқ. Дұрысы, бұл әкімшілік ғимарат болған сияқты,» – дейді өлкетанушы.
Қалай десекте, Күлтөбенің қазақ тарихында алар орны ерекше. Ол өз маңыздылығын жоғалтпақ емес. Қазіргі таңда Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы да аталған мекеннің маңыздылығын айтып, «Күлтөбе қалашығы» ашық аспан астындағы археологиялық паркін салуда заманауи технологиялар қолданылатынын айтып отыр. Бұл дегеніміз жергілікті халық пен туристердің назарын аударып, оларға өткен тарихты насихаттауға мүмкіндік береді. Бүгінде Түркістан қаласының туристік әлеуеті өте жоғары. Мысалы өткен жылы рухани-мәдени астанаға бір маусымда 1,5 млн астам турист пен зияратшылар келген болса, алдағы уақытта олардың санын тағы да көбейту жоспарланып отыр. Түркістанның тарихи-мәдени орталығын қайта жаңғыртуға байланысты “Әзірет Сұлтан” қорық-музейінің де даму жоспарлары бар. Жоспарға сәйкес, өзінің ерекше тарихы бар, көне, ежелгі қоныстардың бірі – Күлтөбе қаласы қайта жаңғыртылып жатыр. Ортағасырлық мешіті бар Әбілмәмбет хан мен Тәуке ханның ордалары және басқа да бірқатар нысандар толықтай қайта қалпына келтірілуде. Жалпы, Түркістан шаһары облыс орталығы болғалы бері, ауқымды жобалар жүзеге асырылып, түрленіп келе жатыр. Салт-дәстүр мен мәдениетті қайта түлету, қазақтың тарихын ұрпаққа дәріптеу мақсатында да түрлі шаралар, игі істер де жасалып жатыр. Тарихы сонау тереңде жатқан Түркістанның бірқатар көшеріне бүгінде Күлтегін, Қазтуған жырау, Ханқорған, Алты Алаш, Мәңгілік Ел, Елім-ай, Болат хан, Есім хан, Тәуке хан және басқа да батыр бабаларымыздың есімдері берілген. Одан бөлек саябақтар мен демалыс орындары да қазақилықтың үлгісін насихаттап тұрады.