Түркістан облысы Сауран ауданы Оранғай ауылдық округінде қуаты 300 МВт болатын ірі күн электр станциясының құрылысы ресми түрде басталып, уақыт капсуласын салу рәсімі өтті. Аталған жоба – өңірдегі жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған ең ауқымды бастамалардың бірі. Күн электр станциясының іске қосылуы аймақтың энергетикалық әлеуетін арттырып, жасыл энергетика үлесін ұлғайтуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөз сөйлеп, жобаның өңір үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама облыс экономикасының әртараптануына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және экологиялық таза энергия өндіруге жол ашады.

«– Бүгін өңіріміздің ғана емес, бүкіл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен «жасыл экономикаға» көшу жолындағы маңызды жобалардың бірі – қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясының іргетасын қалау рәсіміне жиналып отырмыз. Түркістан облысы – ауа температурасы ең жоғары аймақтардың бірі. Сондықтан жаңартылатын энергия жобаларын дамыту, күн қуатын пайдалану – өңіріміз үшін аса тиімді әрі болашағы бар бағыт. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін құйылатын инвестиция құны шамамен 160 млрд. теңгені құрайды. Жоба аясында 500-ге жуық жұмыс орны ашылады деп көзделуде және жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі бастама – экологиялық таза, тұрақты даму жолына түскен Түркістанның болашағына салынған инвестиция. Бұл жоба облысымыздың энергия инфрақұрылымын нығайтып қана қоймай, халықаралық инвесторлар үшін өңірдің тартымдылығын арттыра түседі. Осы жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасының Президентіне, Үкіметіне, барлық министрліктер мен мекемелерге, сондай-ақ серіктес компания «Energy China» басшылығына алғыс айтқым келеді. Ынтымақ пен сенімге негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да табысты жалғаса беретініне сенімдімін. Бүгінгі салтанатты рәсім – үлкен жұмыстың бастамасы. Жобаның табысты жүзеге асуына тілектеспін,» – деді Нұралхан Көшеров.

Бейнебайланыс арқылы сөйлеген «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қор тарапынан жаңартылатын энергия жобаларына жүйелі қолдау көрсетіліп келе жатқанын айтып, 300 МВт-тық күн электр станциясы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосатынын жеткізді.

Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь бұл жобаны Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің жарқын үлгісі ретінде атап, жасыл энергетика саласындағы бірлескен бастамалардың маңызына тоқталды. Сонымен қатар бейнебайланыс «China Energy Group» президенті Ни Чжэн сөз сөйлеп, жобаның ұлттық энергетика саласы үшін мәні мен халықаралық әріптестікті дамытудағы рөлін атап өтті.

« – Күн электр станциясының пайдасы – таза энергия мен тұрақты табыстың көзі. Қазіргі таңда электр энергиясына деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Ауылдық жерлерде жарықтың тұрақты болуы – тұрмыстың жайлылығы мен шаруашылықтың дамуы үшін аса маңызды. Осы тұрғыда күн электр станциясы – тиімді әрі болашағы зор шешімдердің бірі болып отыр. Ең алдымен, күн электр станциясының ең үлкен артықшылығы – күн сәулесі тегін әрі таусылмайтын энергия көзі. Күн жыл сайын, күн сайын шығып тұрады, оны сатып алмаймыз, тасымалдамаймыз. Күннен алынатын электр энергиясы қоршаған ортаға зиян келтірмейді, түтін шығармайды, ауаны ластамайды. Бұл – ауыл табиғатын таза сақтауға үлкен үлес. Күн электр станциясы электр жарығын тұрақты қамтамасыз етуге көмектеседі. Әсіресе алыс ауылдарда немесе жарық жиі өшетін аймақтарда күн панельдері үлкен көмек береді. Үйге, қора-қопсыға, су сорғыларына, көшені жарықтандыруға күн энергиясын пайдалануға болады. Бұл халықтың тұрмысын жеңілдетеді. Экономикалық жағынан алғанда, күн электр станциясы шығынды азайтып, үнемдеуге мүмкіндік береді. Алғашқы орнату белгілі бір қаржыны талап еткенімен, кейінгі жылдары электр үшін төленетін төлем азаяды немесе мүлде болмайды. Шаруалар үшін бұл – ұзақ мерзімді тиімді инвестиция. Сонымен қатар, артық өндірілген электр энергиясын ортақ желіге өткізу мүмкіндігі де бар. Ауыл шаруашылығында күн электр станциясы үлкен пайда әкеледі. Суару жүйелері, тамшылатып суару, құдық сорғылары, қойма мен жылыжайларды жарықтандыру – барлығы күн энергиясымен жұмыс істей алады. Бұл дизель отыны мен қымбат электрге тәуелділікті азайтады. Күн электр станциясы жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етеді. Панель орнату, күтіп-баптау, бақылау жұмыстарына жергілікті тұрғындар тартылады. Сонымен қатар, бұл сала жастарды жаңа технологияға баулиды. Экологиялық тұрғыдан алғанда, күн электр станциясы таза әрі қауіпсіз энергия көзі. Ол көмір мен газ жағудан болатын зиянды қалдықтарды азайтады, табиғи тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі. Бұл – келер ұрпаққа таза орта қалдырудың бір жолы. Күн электр станциясы – өңір үшін тиімді, үнемді және болашағы бар жоба. Ол жарық мәселесін шешеді, шығынды азайтады, шаруашылықты дамытуға жол ашады және табиғатты қорғауға үлес қосады. Күн энергиясын пайдалану – бүгінгі күннің ғана емес, ертеңгі болашақтың таңдауы.» – деді мамандар.

Жиында «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов жоба компанияның төмен көміртекті генерацияға және заманауи энергия жүйесін дамытуға кезең-кезеңмен көшу жөніндегі стратегиясының маңызды бөлігі екенін атап өтті.

« –  «Самұрық – Энерго» үшін бұл станцияны салу – инвестициялық жоба ғана емес, сонымен қатар еліміздің ұзақ мерзімді орнықты дамуына қосқан үлесі. Біз серіктестерімізбен бірлесе отырып, объектіні ең жоғары сапа мен сенімділік стандарттарына сәйкес іске асыра алатынымызға сенімдіміз», – деді «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов.

«China Energy Engineering Overseas Investment Company» директорлар кеңесінің төрағасы Линь Сяодань жобаның техникалық, экологиялық және инвестициялық қырларына тоқталып, оны сапалы әрі белгіленген мерзімде іске асыруға дайын екендерін мәлімдеді.

Капсуланы салу құрметі Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровке, «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовқа және «China Energy Engineering Overseas Investment Company» директорлар кеңесінің төрағасы Линь Сяоданьға берілді.

Аталған күн электр станциясы толық іске қосылғаннан кейін Түркістан облысында жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артады. Сонымен бірге инвестиция тартуға, зауыттар ашуға қажетті энергия көзі молайып, өңірдің тұрақты әрі экологиялық қауіпсіз дамуына серпін береді.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*