Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Ақсақалдар кеңесінің ІІ тоқсандық отырысы өтті. Аталған кеңес отырысына Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы С.Бекмұрзаев және кеңес мүшелері, Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиал басшысы Е.Айтжанов, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Б.Мақұлбек, Төлеби ауданының ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Е.Калибаев, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің кеңесшісі Г.Ерботаева, аудандық этномәдени бірлестіктерінің төраға орынбасарлары және жастар қатысты.

Күн тәртібінде «Этносаралық мәселелердің және құқық бұзушылықтың алдын алу» және «Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау» тақырыптары қаралды. Отырыста Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сеит Бекмұрзаев этносаралық мәселелердің алдын алу бойынша баяндама жасап, алдағы жоспарларды пысықтады.

«Этносаралық мәселелердің және құқық бұзушылықтың алдын алу өте өзекті мәселе. Себебі ұлттар арасындағы келісім мен тұрақтылық, ауызбіршілік пен ынтымақ сол елдің бірлігін бекемдеп, одан әрі дамыуына септігін тигізеді. Бұл бағытта қоғамдық келісім кеңестерінің мемлекетіміздегі ішкі саяси тұрақтылықты сақтап, этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған жұмыстарды жүзеге асыруда маңызды міндеттерді атқарып келеді. Бұл басқосуға қатысып отырғандардың да ынта –ықыласы бейбіт күннің қадірін ұғынып, алдағы жоспарларын айқындау болып отыр. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дегендей ауызбіршілікпен іс атқару ең басты мәселе. Құқық бұзушылықтарға жол бермеу ең алдымен тәрбиеден басталады. Жас ұрпақтың санасына егемендігімізді қастерлеуді, еліміздің әрбір азаматына тең қарап, әрбір ұлттың мәдениетін, әдет- ғұрпын сыйлауды, үлкенге құрмет көрсетіп, кішілерге ізеттілік танытуды ұғындыруымыз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына тоқталған болатын. Сондықтан Мемлекет басшысы қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін айтты. Президент Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту мәселесіне арнайы тоқталып, Ұйымның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсу керек екенін де атап өтті. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея жетекшілеріне мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысу, этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтау және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән беру, Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту міндеттерін жүктеген болатын. Біздің бүгінгі басқосуларымызда да осындай өзекті мәселелерді назарға ала отырып, елдің тыныштығы мен берекесін сақтауда түрлі құқықбұзушылықтардың алдын алуға әрекет жасауға бағытталуда. Президент де түрлі сын-қатерге қарамастан, еліміз стратегиялық мақсат-міндеттерінен айнымайтынын айтып, аз уақыт ішінде жүргізілген саяси реформалар нәтижесінде биліктің барлық тармағы адамның заңды мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға және оны ілгерілетуге негізделген жаңа жүйе бойынша жұмыс істей бастағанын мәлімдеген болатын. «Ендігі міндет – әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшу»,- деді Президент. Менің айтпағым да экономикасы қарқынды дамыған елдердің қатарында болу үшін, ең алдымен елдің бірлігіне бекемдік керек. Бірлік те тәртіппен келеді. «Тәртіпке бағынған ел құл» болмайды деген аталарымыз. Сондықтан, құқық бұзушылықтарға, қылмыстарға жол бермеу бағытында қоғам болып атсалысқан дұрыс. Этносаралық түсініспеушілік немесе араздыққа немқұрайлы, жәй ғана бір мәселе деп қарауға болмайды. Сөзге тоқтаған елдің ұрпақтары ретінде қос тарапты бір шешімге келуге, араздаспауға және адамдарды бір біріне деген бауырмалдыққа үгіттей білуіміз маңызды. Бұл тұрғыда ақсақалдар кеңесінің атқарып жатқан шаралары, жұмыстары да ауыз толтырып айтарлықтай. Оны аудан халқы да жақсы біледі. Кеңестің әрбір мүшесі кез келген жиындар мен басқосуларда тұрғындарды бірлікке, елдің жетістіктерін бағалай білуге және этносаралық мәселелердің және құқық бұзушылықтың алдын алудағы өте өзекті мәселелерге тоқталып, Мемлекет басшысының жолдауларында айтылған әрбір бастамаларын ел арасында насихаттап жүр. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Ақсақалдар кеңесінің ІІ тоқсандық отырысы да дәл осы бағытта пікір алмасып, тәуелсіз еліміздің ынтымағын арттыруға үлес қосуға негізделіп отыр», — деді Төлеби аудандық Ақсақалдар кеңесінің Сеит Бекмұрзаев

 

Сонымен қатар, Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша Төлеби аудандық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Беглан Мақұлбек те сөз сөйлеп, еліміздің әрбір азаматы мемлекет үшін, өз отаны үшін игі істер атқаруы керек екенін атап өтті.

«Жастар – еліміздің болашағы десек, сол жастардың үлкендерден өнеге, үлгі алып өсері анық. Яғни, келешекті қалыптастыруда мәдениетті, әдепті, ұлттық тәрбиені бойына сіңірген жастарды өсіру және олардың санасына елге деген сүйіспеншілік пен ерлік, рухты ояту, ата-бабамыз ұстанған ізгілікті сақтап,  бірлік пен бейбіт өмірді бағалай білеуге үндеу керек деп есептеймін. «Ел болам десең, бесігіңді  тузе» — деп дана қазақ халқы айтқандай, бүнгі жастар еліміздің болашағы. Болашағымыз ғұмырлы, салиқалы болуын қаласақ, жасөспірімдердің тәрбиесіне көңіл бөліп, қадағалауына атсалысуымыз қажет. Қазақстан Республикасының әр азаматының міндеті- заң талаптарын сақтау, өзге адамдардың құқығын бұзбау, өзіне жүктелген міндеттерін жете біліп орындау болып табылады. Заңды білмеу, оны бұзу-жауапкершіліктен құтқармайтыны анық. Жастар туған мемлекетімізді баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне қызмет етуге парыздар. Ол үшін әрбір жас еліміздің тұтастығын, жеріміздің  бүтіндігін, халқымыздың жарастығын аман сақтай білу қаншалықты үлкен тарихи жауапкершілік екенін жан-жақты сезіну керек деп ойлаймын. Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр.  «Тәртіпке бас иген адам құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деп Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, еңбек тәртібін сақтап, заңды құрметтеп, тыныш жүрсе, одан ешкім де ұтылмайды. Бүгінгі құқықтық мемлекет құрамыз деген заманда әрбір адам өз құқықтарын жете біліп,жалпы заң білімі саласынан мағлұмат алғаны дұрыс. Заңды аттамай, тура жолмен жүріп, еліне адал қызмет еткен азамат қана мұратына жетеді. Сондықтан заңды білу – заман талабы. Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу,кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр. Мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі-жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу , оның ішінде теріс қылықтар жасау үшін жағдайларды анықтау және жою бойынша тәрбиелік, ұйымдастырушылық, құқықтық, экономикалық шаралар өткізілді. Кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарының басты себебі-олар өз әрекеттерінің салдарын түсінбейді немесе дұрыс бағаламайды деп ойлаймын. Осы тұста ел ағаларының кеңесі, ақылы өте қажет дүние. Яғни ардан аттама, жат қылықтардан аулақ бол, біреудің ала жібін аттама деп отыратын ата-ана мен ағалардың тәрбиесі маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, кез келген оқу орындарында ұстаз ақылы мен білімі де маңызды. Білімді ұрпақ – елдің болашағын жарқын етеді дейміз ғой. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да кез келген елдің табысы өз азаматтарының жекелеген жетістіктерінен құралатынын айтқан болатын. Жастардың әрқайсысы алдарына қойған мақсатына қол жеткізіп, өз қабілеттерін арттырып отырса, мемлекет те табысты болатынын жеткізді. Президентіміз бүгінгідей жоғары бәсекеге қабілетті әлемде ешкім туғаннан табысты бола алмайтынын және оған кепілдік те берілмейтінін айтып,  елдің азаматтары үнемі еңбектену керек екенін, ең алдымен өз-өзіңді дамытуың қажеттігін де атап өтті. Бүгінде ауданның жастар орталығы да Президент жүктеген міндеттерді, жастар үшін жасалған бағдарламалар мен игі істерді жүзеге асырып келеді. Ал, елдің бірлігі мен ауызбіршілігін сақтау және жастар арасындағы қандайда бір кейкілжіңдердің болмауына үлес қосу, оның алдын алу, құқық бұзушылықтарға итермелейтін дүниелерден аулақ болуыға шақыру әрбір азаматтың міндеті деп есептеймін», -деді Төлеби аудандық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Беглан Мақұлбек

 

Сондай-ақ, жиында Төлеби ауданының ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Ерболат Калибаевтың кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тақырыбында баяндамасы тыңдалды.

Жалпы кәсіпкерлікпен айналысу мемлекеттік өркендеуіне, дамуына серпін беретін бағыттардың бірі. Қазынаға салық төлеп, азаматтарды жұмыспен қамтып, аймақттардың әлеуеттін арттыратын да кәсіпкерлік саласы. Төлеби ауданында өнімін еселеп, шаруасын кеңейтіп, халқты еңбекке тартып жүрген азаматтар аз емес. Ал, олаға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар да жетерлік. Президентіміз өз Жолдауларында кәсіпкерлікті дамытуға қатысты нақты ұстанымдарын айтып келеді. Мемлекет басшысының бастамаларымен шағын және орта бизнесті қолдауға да көп көңіл бөлінді. Бизнестің қаржылық қолдауы жаңа серпін алуы керек екенін атап өтті. Түсінікті және болжамды салық саясаты есебінен «көлеңкеден» шығу жағдайларын қамтамасыз ету міндеті қойылды. Бұл дегеніміз, шағын және орта бизнеспен айналысатындарға жеңілдіктер қарастыра отырып, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділіктерін дұрыс пайдалануға бағыттайды. Басқосуда Төлеби ауданының ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Ерболат Калибаев та аудандағы кәсіп иелері үшін атқарылып жатқан жұмыстар мен мемлекеттік бағдарламаларды да атап өтті.

«Кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау бойынша жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың бірі — 2025 жылға дейінгі кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба. Бұл ұлттық жоба 10 міндетті көздейді. Ал оның үшеуі  халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге бағытталған. Яғни, өз ісін ашу және дамыту үшін жағдай жасау, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне дағдыларды дамыту. Бірінші міндет шеңберінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жүргізіледі, сондай-ақ мемлекеттік тіркеу мерзімі дара кәсіпкер ретінде үш жылдан кем болатын жұмыссыз немесе дара кәсіпкер ретінде грант беруге өтініш берілгенге дейін олар тіркелген жағдайда халықтың әлеуметтік осал топтарына гранттар беріледі. Екінші міндет шеңберінде еңбек нарығында белгілі бір кедергілерге тап болған адамдарды жұмыспен қамтуға ықпал ететін іс-шаралар іске асырылады. Сондай-ақ, оқу орындарының түлектеріне арналған Жастар практикасы, «бірінші жұмыс орны» және «ұрпақтар келісімшарты» жобалары бар. Жастар практикасы мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алуға арналған. «Бірінші жұмыс орны» жобасы бірінші рет жұмыс іздеп жүрген жұмыссыздарға жұмыс орындарын және қажетті еңбек дағдыларын беруге бағытталған. Ал, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы кейіннен зейнеткерлік жасқа толған жұмыскерді ауыстыра отырып, жұмысқа орналастыруға негізделген. Сонымен қатар, қоғамдық жұмыстар деген бар. Яғни, қызметкерлерді алдын ала кәсіптік даярлауды талап етпейтін, олардың уақытша жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-пайдалы бағыты бар еңбек қызметінің түрлері. Қоғамдық жұмыстарға қатысуға: жұмыссыздар; жазғы демалыс кезеңінде жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары мен студенттері; бос тұруына байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдар қатысуға құқылы. Әлеуметтік жұмыс орындары жұмыссыздардың жалақысын субсидиялай отырып, оларды жұмысқа орналастыруға арналған. «Күміс жас» жобасы 50 жастан асқан жұмыссыздардың экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған. Жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқыту 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде келесі үш бағыт бойынша ұйымдастырылады. Біріншіден, жұмыс берушілердің сұранысы бойынша оқу ұйымдарында оқыту.

Оқыту оқытудан өткен адамдарды жұмысқа орналастыруға кепілдік беретін жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша ұйымдастырылады. Ол үшін тараптардың арасында тараптардың құқықтары мен міндеттерін көздейтін 4 жақты әлеуметтік келісімшарт жасалады. Екінші, жұмыс берушіде жұмыс орнында оқыту. Жұмыс берушілерде жұмыссыздарды жұмыс орнында оқыту білікті тәлімгерді бекіте отырып, кәсіпорындар базасында ұйымдастырылады. Оқу кезеңінде жұмыс беруші жұмыссыздармен еңбек шартын жасасады және оны уақытша жұмыс уақытына жұмысқа орналастырады. Үшінші, платформада онлайн оқыту. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін жеңілдетілген шағын несиелеу қарастырылған.Яғни,номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5% — дан аспайды. Қарыздың ең жоғары сомасы кепілмен қамтамасыз етудің міндетті шартымен 5 млн теңгеге дейін беріледі. Несиелеу мерзімі мал шаруашылығын қоспағанда, кез келген мақсат үшін 5 жылға дейін ұзартылады. Жалпы жұмысы бар, уақытын тиімді пайдаланатын адамдар қоғамда жат әрекеттер жасаудан аулақ болады деп есептеймін. Еңбегі адал азаматтар елдің берекесін арттырып, әр отбасының шаттыққа бөленуіне себепші. Сондықтан, біреуге қиянат жасаудан аулақ болып, шаруамен шұғылдану нағыз болашағы бар азаматтардың ұстанымы. Ауданымызда кәсіп ашып, оны өркендетемін деушілерге қашанда қолдау бар. Соңы кездері «Ауыл аманаты» жобасымен де өз өнімін еселеп, жаңа жұмыс орындарын қалыптастырып жатқандар да жетерлік. Ағымдағы жылы да Қазақстанда «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылардың санын көбейту жоспарлануда, оның шеңберінде ауыл тұрғындарына бизнесті дамытуға жеңілдетілген шағын несиелер беріледі. Айта кету керек, Үкіметтің 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатындағы «Ауыл аманаты» жобасы — ауыл тұрмысын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді. Жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып, қосалқы шаруашылықпен айналысып, есік алдындағы жерлерін игеріп, ауладағы мал шаруашылығын дамытып және өзге де кәсіп түрлерімен айналысуға мүмкіндік алды.» — деді, Төлеби ауданының ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Ерболат Қалибаев.

Жиын соңында Ақсақалдар кеңесінің төрағасы С.Бекмұрзаев этностар арасындағы татулықты сақтау үшін, этносаралық қақтығыстарға жол бермеуге шақырды.

«Бүгінде Қазақстан бірлігі мен ынтымағы жарасқан, ауызбіршілігі бар, бейбітшілікті қолдайтын, мақсаты мен мұраты айқын, 120-дан астам ұлт пен 20-ға жуық конфессия өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан мемлекетке айналды. Бұл толерантты мемлекет екенімізді айғақтайтын бірден-бір көрсеткіштің бірі. Ұлтаралық келісім,  татулық пен дінаралық толеранттылық Қазақстандағы тұрақтылық пен дамудың басты кепілі болып қала береді. Толеранттылық дегеніміз — өзгелердің діни сеніміне шыдамдылық пен төзімділік таныту ғана емес, сонымен қатар олардың сеніміне сый-құрметпен қарау дегенді білдірсе керек. Осы жетістігіміздің арқасында елімізде түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, өз қызметтерін емін-еркін атқаруда. Бұл қоғамдағы ішкі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық, дінаралық келісімді нығайтуға, қоғам мен мемлекеттің дамуына үлкен септігін тигізді. Әрине, дінаралық татулық дегеніміз бірден қалыптаса салған дүние емес. Оны бәріміз жақсы білеміз. Оған қол жеткізу де  бірден оңай болған жоқ. Ел тарихы – көптеген аумалы-төкпелі оқиғалардың куәгері болды. Халықтың өмірі, оның тілі мен діні жойылудың аз-ақ алдында тұрған да кезеңдер де болды емес пе? Қазақ халқы аса ауыр сынақтан өтіп, тәуелсіздігін алды, өз мемлекетін құрды. Біз секілді мың өліп, мың тірілген ұлттар қарап отырсақ саусақпен санарлық екен. Сондықтан, Қазақстан халқы елдіктің іргетасын нығайтатын, бірлік пен татулық құндылықтарына айрықша мән беретін мемлекет ретінде бүкіл дүниежүзін мойындатты. Демек, Төлеби ауданымызда  этносаралық татулықты сақтай отырып, конфессияаралық келісімді нығайта түсіп,  жаңғыру жолынан да жаңылмай, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, Жаңа Қазақстанды қалыптастыру үдерісі  өз жалғасын таба беретін болса, біздің  шығар белесіміз де аз болмайды деп ойлаймын. Елдің ішкі бірлігі жолында өзіміз еңбек етпесек, оны сырттан біреу келіп бізге жасап бермейтіні мәлім. Бұл бағытта қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікке бағытталған сан алуан жобалар жүзеге асуда. Барлық этностарды өз шаңырағының маңайына топтастырған ассамблея белсенділері тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп, мемлекеттік саясаттың басымдықтары жайында жұртшылықпен пікір алмасып, айтылған ұсыныс-пікірлерін ескеруді тәжірбеге енгізген. Олардың қатарында ақсақалдар кеңесі де бар. Ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдар жастар тәрбиесі, заң талаптарын сақтау, дау-дамайды реттеу үшін этнос өкілдері жинақы қоныстанған аумақтардың тұрғындарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Ел болған соң кемшіліктер мен қателіктер болып жатады. Өкінішке орай, қоғамда этнос өкілдері арасында орын алған кез келген деңгейдегі оқиғадан,  этносаралық шиеленіс шығарғысы келетіндер де кездесіп жатады. Ал,құндылықтарынан айырылып, бүгінде опық жеп отырған елдер  — бірлік пен бейбітшіліктің, тыныштық пен татулықтың қадірін жақсы біледі. Біздің әрбіріміздің мойнымызда осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу, теріс пыйғылдағылардың ісін болдырмау  үшін жүйелі жұмыс істеу міндеті тұр. Қазақстан құқықтық мемлекет болғандықтан қоғамдық келісімге сызат түсіріп, елдің ішіне бүлік салып, елді бірлігінен айырғысы келгендер заң аясында өз жазаларын да алуы тиіс деп есептеймін. Бөлінгенді бөрі жейді дегендей, бізге бірлігімізді сақтау маңызды. Мемлекет құраушы ұлт ретінде елдегі этносаралық татулық ең алдымен өзімізге керек екенін ұғынып, тәуелсіздігімізді мәңгілік сақтауға, айбынды ел болуға лайықты әрекеттер жасап, ынтымағы жарасқан мемлекет болып қала берейік», — деді Төлеби аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы С.Бекмұрзаев.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*