Төлеби ауданында балаларды жазғы сауықтыруға арналған модульді лагерь ашылды. Жаңадан салынып, пайдалануға берілген қосымша 14 нысанда 7 ауысым бойынша 2 мыңнан астам бала жаз бойы демалмақ. «Төлеби нұры» отбасы үлгісіндегі балалар үйінің лагері алғашқы ауысымда Қазығұрт ауданының 300-ден астам оқушысын қабылдап үлгерді. Барлығы көпбалалы және аз қамтылған отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар. Халықтың игілігі үшін пайдалануға Халықтың игілігі үшін пайдалануға берілген нысандардың салтанатты лента қию рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев арнайы келіп қатысып, құттықтауын арнады.
— Жазғы демалыс – балалар үшін қуаныш пен шабытқа толы ерекше кезең. Лагерь ашу – болашаққа салынған инвестиция. Жас буынның жан-жақты дамуына, бос уақытын тиімді әрі мазмұнды өткізуіне бағытталған модульді жазғы лагерь өз жұмысын бастады. Бұл жоба — мемлекеттің қаражатын тиімді пайдалана отыра, қажеттіліктерді қамтамасыз етеді. 5 мемлекеттік лагерьде 52 модульді лагерь салынып жатыр. Жоба негізінде 7500-ден астам қосымша орын ашуға мүмкіндік туды. Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы қолдау көрсетті. Осы апта Сарыағаш ауданындағы «Балдәурен» лагері 487 баланы қабылдады. Маусымдық нысандардың құрылысы қолға алынған сәттен басы-қасында жүріп, сапалы іске асырылуын бақыладық. Бүгін жасөспірімдердің бақытты жүздеріне тағы куә болып тұрмыз. Ендігі мақсат — балаларға шынайы шаттық пен қауіпсіз орта сыйлау. Осы ортақ міндетті абыроймен атқаруға шақырамын. Ұйымдастыруға атсалысқан барша әріптестерге, ата-аналарға және тәрбиешілерге алғыс білдіреміз! Оқушыларға көтеріңкі көңіл-күй мен ұмытылмас сәттер тілейміз! — деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Іс-шарада облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ж.Нұрпейісов, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары М.Әшірбаев, Төлеби ауданы әкімі аппаратының басшысы А.Өміртай, аудандық білім бөлімінің басшысының м.а Г.Абилхасова бой көрсетті. Қос ауданның ардагерлері игілікті бастаманы жүзеге асырған азаматтарға алғыс білдіріп, баталарын берді. «Төлеби нұры» лагерінде 14 модульді нысаннан бөлек, асхана, бассейн, қыздар мен ер балаларға жеке әжетхана мен жуынатын орындар, шатырлар бар. Әр модульді ғимаратта 20 оқушыға арналған жатын орындары қарастырылған. Бәрі жаңа жиһаздармен қамтылған. Балалардың бес мезгіл тамақтануы, қауіпсіздігі, күнделікті бағдарламасы, ойындары мен сайыстары, интеллектуалдық және мәдени шаралары бақылауда.
Жазғы лагерь — тек демалыс орны ғана емес, шығармашылықты ұштайтын, достықты нығайтатын, жаңа қабілеттер мен қызығушылықтарды дамытатын орта. Әлеуметтік теңдікті, патриоттық тәрбиені насихаттайды. Мұнда әр бала өзін еркін сезініп, өнері мен спорттық қабілетін шыңдайды. Көшбасшылық қасиеттерін жетілдіреді. Салауатты өмір салтын ұстануға бейімдейді. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді. Балаларды қылмыстан, көшедегі қауіп-қатерден қорғайды. Айта кетейік, Түркістан өңірінде жалпы 43 мыңнан астам бала жазғы сауықтыру аймақтарында тынығады. 10 мемлекеттік және 24 жекеменшік лагерь қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, 300 мыңнан астам оқушы мектеп жанындағы лагерьлер мен арнайы экскурсиялар, танымдық шараларға қатысады. Жауапты басқармалармен бірлесіп ұйымдастыру жалғасады.
Сонымен қатар, Сарыағаш ауданындағы «Балдәурен» жазғы сауықтыру лагерінде жаңа модульді корпустар іске қосылып, балалар үшін жайлы да қауіпсіз орта қалыптастыру жолында облыс әкімінің қолдауымен үлкен қадам жасалды. Биылғы жазғы маусым балалар үшін ерекше қуанышпен басталды. 487 сарыағаштық оқушы лагерьде демалысын бастап үлгерді. Ең басты жаңалық – лагерь аумағында заман талабына сай модульді корпустардың тұрғызылуы. Жалпы саны 10 модульді үйшік толықтай аяқталып, балалар игілігіне берілді. Әрқайсысы 20 балаға лайықталған бұл корпустар жайлы жатын орынмен, жаңа жиһаздармен, жеке шкафтармен, салқындатқыш және арнайы тазартылған ауызсу құрылғысымен қамтылған. Бұл – балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін басты назарда ұстайтын, заманауи инфрақұрылымға негізделген шешім.
Мұндай форматтағы модульді құрылыстардың артықшылығы – тез құрастырылып, ыңғайлы әрі тиімді пайдалануға берілуінде. Нәтижесінде, бұған дейін 300 балаға ғана қызмет көрсететін лагерь бүгінде бір маусымда 2000-нан астам баланы қабылдай алады. Сонымен қатар балалардың белсенді және қызықты демалысы үшін воркаут алаңы мен бассейн салынды. Лагерь бағдарламасында ойын-сауық, спорттық жарыстар мен шығармашылық үйірмелер қарастырылған. Жазғы маусымда 7 ауысым бойынша 3500-ге жуық бала лагерьде тынығып, жарқын естеліктерге толы демалыс өткізеді деп жоспарлануда. Балалардың алаңсыз демалысы – ел болашағына жасалған инвестиция. Ал модульді корпустар – сол игілікті істің нақты көрінісі.