Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің 2024 жылғы бекітілген жылдық жоспарына сәйкес, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында этнос жастарының қатысуымен ұлттық ою өрнек сайысын ұйымдастырып, өткізді. Аталмыш сайысқа аудандық этнос жастары мен Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің төрайымы А.Рахишова және кеңес мүшелері, балабақша қызметкерлері мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің психолог маманы М.Оразбай қатысты. Аналар кеңесінің төрайымы ою-өрнек – ежелгі халық өнерінің бір түрі екенін және  бұл өнердің бастаулары ежелден бері келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, ою-өрнектердің түрлеріне тоқталып, сайысқа қатысушыларға ұлттық құндылықты насихаттай білді.

«Қазақ даласында ою-өрнектер әртүрлі бағыттарда жетілген екен. Қазақстанның әртүрлі өңірлері өздерінің ерекшеліктерімен, оларға тән ою-өрнектермен, олардың өзіндік көріністерімен ерекшеленіп тұрады. Бірақ соған қарамастан, барлық ою-өрнектердің негізгі түрлері мүйізге ұқсас, доға тәрізді желілерде басым болған «Мүйіз» ою-өрнегі болып есептеледі. Қазақ халқының дәстүрлі бұйымдарында: қару өнерінде, киіз үйлерді жинауда, зергерлік бұйымдарда, кілем тоқуда, алаша өргенде, жүн бұйымдарында, қоржындарда, ыдыстарда, өру, тігу әдісімен дайындалатын киімдерде,  пұшпақ тіккенде, ерітуде, кесуде ою-өрнектермен әшекейлеу кеңінен қолданылған. Бұл үрдіс әлі де жалғасын тауып келеді. Кейбір ғалымдардың айтуынша, қазақ ұлттық ою-өрнектерінің 230-дай түрі анықталған екен. Солардың ішіндегі халық арасында ең көп тараған «мүйіз» тектес ою-өрнекті айтуға болады. «Мүйіз» оюы қазақ халқының ою-өрнегінің төркіні деуге болады, өйткені барлық жаңа элементтер соның негізінде жасалып, тек атаула­ры ғана өзгеріп отырған. Мысалы: «қошқар мүйіз», «арқар мүйіз», «бұғы мүйіз», «қырық мүйіз», «қос мүйіз», «сыңар мүйіз», «сынық мүйіз», «төрт құлақ», «түйе табан», «сыңар өкше», «қос алқа», «құс қанаты», «қаз-табан». Колөнер шеберлері осы элементтердің сан түрлі композициясын жасап, бұйымдарға ұтымды пайдаланып келеді. Қазақ оюларының мазмұны мал өсіру, аңшылықты жер-су, көшіп-қону көріністерін, күнделікті өмірде кездесетін әртүрлі заттардың сыртқы бейнесін тұспалдайды, бірақ қолөнер саласындағы қай бұйымды алсақ та, сол заттың бетінде түрлі нұсқада бейнеленген «мүйіз» элементін байқаймыз. Әрбір оюшы ою-өрнек  жасап, оған  ат  беріп, оны тұрмыста қолданған.  Сондықтан қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің ең басты мәнері, әртүрлі мәнер жасауда жиі қолданылатыны «мүйіз» тектес ою-өрнектер. Мүйіз тектес ою-өрнектер кейде өте ұсақ, кейде өте ірі болып келеді. Ұсағы зергерлік, кесте тігу, ағаш, сүйек, мүйіз ұқсату сияқты нәзік істерге қолданылса, ірісі кілем, алаша, терме алаша, текемет, сырмақ, ши орау, қоржын, киім-кешек, құрылысқа қолданылады. Халық шеберлері мүйіз өрнегінен сан қилы мәнерлермен құбылта, бір элементке екінші, үшінші элементтерді қосып, молықтырады да, қүлпырған әдемі де мазмұнды композиция жасайды. «Мүйіз» тектес ою-өрнектердің негізі қойдың, арқардың, ешкінің, сиырдың, бұланның, бұғының, қодастың, еліктің мүйіздерін тұспалдаудан пайда болған. Шеберлер жаңа ою-өрнектерді тұрмыс тіршілігіне өз дәуіріндегі заман ағымына қарай лайықтап пайдаланып келеді.» — деді Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің төрайымы А.Рахишова

Жалпы ою-өрнектердің сюжеттік мазмұны және атауы халықтың әрбір жаңа кезеңдеріндегі өмірлік бағдарлардың ерекшеліктеріне сәйкес ауысып отырады және қайта жаңғырып, жетіле түседі. Бүгінгі күні ою-өрнектерді жасау өнері сапалы жаңа бай мазмұнға және жаңашылдыққа ие бола отырып, қазақ халқының рухани және материалдық қазынасына айналды деуге болады. Шығармашылық қызметтің өзге түрлері секілді, ою-өрнекті жасау өнері игерілген білімді жетілдіруге көмек көрсете отырып, интеллектуалдық деңгейді арттыруға ықпал етеді.

Төлеби ауданында ұйымдастырылған түрлі этнос жастары арасындағы сайыстың мақсаты да патриоттық сананы ынталандыратын ұлттық құндылықтарды жаңғырту және ою-өрнек түрлеріне сипаттама беру арқылы қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін және ұлттық құндылықтарын дәріптеу болды.

Айта кетейік, аталған игі шара Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында өткізіліп отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік беретінін айтқан болатын.

«Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы.

Біздің ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқанын айғақтайды. Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ. Сонымен бірге ұзақ уақыттан бері біздің жерімізде өмір сүріп келе жатқан көптеген этностарға ортақ Қазақстан тарихы туралы сөз болып отырғанын атап өткеніміз жөн. Бұл – түрлі этностардың көптеген көрнекті тұлғалары өз үлестерін қосқан бүкіл халқымызға ортақ тарих.

Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды. Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бірлескенде жеке адамдардың да, тұтас халықтардың да өміріне қайталанбас реңк береді. Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек. Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз.»- деді Президент

Жалпы еліміздің өткен дәуірі мен  қазіргі кезеңдері де түрлі этностардың көптеген көрнекті тұлғалары өз үлестерін қосып жатқан,  бүкіл халқымызға ортақ тарих деуге болады. Ынтымағы мен ауызбіршілігі бар, бірлігі бекем мемлекет қашанда биік белестерді бағындырары сөзсіз. Ұлттық сананы қалыптастырып, оны үлгі, өнеге ете білу әрбір азаматтың міндетіне айналуы тиіс. Оның ішінде қазақ халқының болмысын, мәдениетін, салт-дәстүрлері мен ұлттық өнерлерін насихаттап, сан ғасырлық мұраларымызды қайта жаңғырту маңызды. Ал іс-шараның басты тақырыбы болған ою-өрнек өнері көпетеген ғасырлар бойы сақталып келген және оған қолданбалы өнер шеберлерінің толық көлемдегі дәстүрлері енгізілген. Қолда бар деректерге сүйенсек, шеберлер өздерінің біртумасын құра отырып, оған табиғаттың өзінен алынған үлгілерді нақты беруге тырысқан екен. Суреттерде жануарлар денесінің бір бөлігі: мүйізі, тұяғы, құстың тұмсығы, түлкінің басы, қасқырдың құлағы, иттің құйрығы, сонымен қатар көптеген өсімдік түрлері бейнеленді. Ою-өрнектер ауызша халық шығармашылығына іспеттес, қазақ халқының мәдени шежіресі болып табылады. Біздер уақыт өте келе жоғалып бара жатқан өнер түрлерімен таныс болуымыз қажет. Ол өзге өнер түрлерінің: қолданбалы, бейнелеу, сәулет және т.б. өнерлердің арасында өзіне лайық орынға ие болуы тиіс.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*