Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары Дулат Әбіш пен Ғани Раймбеков Ордабасы ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелер талқыланып, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары тыңдалды. Депутаттар қойылған сұрақтарға жауап беріп, жергілікті мәселелерді шешу жолдарын қарастырды.
Кездесуге Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, мәслихат депутаттары, сондай-ақ аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округтердің әкімдері, дербес бөлімдердің басшылары, депутаттар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиын барысында облыстық мәслихат депутаты Ғани Раймбеков Ордабасы ауданына бөлініп жатқан облыстық және республикалық бюджет қаражатының игерілуі, өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылым мәселелері, су және жол жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуына тоқталды.
Тұрғындар өз кезегінде ауыз су мен ағын судың жетіспеушілігі, дренаж жүйелерінің жағдайы, ауылдарды газбен қамту, көшелерді асфальттау және топырақ көшелерге тас төсеу, қаңғыбас иттерді аулау мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, Қараспан ауыл округіндегі қазанарықтан мал суаратын суатпен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібіне қойылды.
Облыс мәслихатының төрағасы Нұралы Әлмаханұлы көтерілген барлық мәселелердің назарға алынатынын, тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылатынын жеткізді. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар облыстық және аудандық деңгейде жалғасын табатынын айтты.
Кездесу соңында тұрғындардың талап-тілектері мен өтініштері бойынша аудан әкімдігіне ұсыныстар беріліп, арнайы хаттама түзілді. Депутаттар бұл мәселелердің орындалуын өз бақылауына алатынын мәлімдеді.
Жиынға қатысқан тұрғындар билік өкілдерімен ашық диалог орнатып, өзекті мәселелерді жеткізуге мүмкіндік алғандарына ризашылықтарын білдірді. Олар халық игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарға алғыстарын айтып, депутаттарға сәттілік тіледі.