Өндіріс пен экспортты қатар дамыту – Түркістан облысының экономикалық серпінінің өзегі. Түркістан облысы соңғы жылдары еліміздің экономикалық картасында жаңа қарқынмен дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналды. Әсіресе өндіріс пен экспортты қатар дамыту бағыты аймақ экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға нақты ықпал етіп отыр. Бұл үрдіс өңірдің географиялық орналасуымен, табиғи ресурстарымен, инфрақұрылымдық мүмкіндіктерімен және мемлекеттік қолдау шараларымен тікелей байланысты.

Өндірістің тұрақты өсуі – экономиканың тірегі. Түркістан облысында индустриялық-инновациялық даму бағдарламалары аясында өңдеу өнеркәсібі, құрылыс материалдары, тамақ өнеркәсібі, тоқыма және ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу бағыттары ерекше дамып келеді. Аудан-қалаларда индустриялық аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтардың жұмысы жанданып, кәсіпкерлерге инфрақұрылым, жеңілдіктер және қолайлы инвестициялық орта ұсынылуы өндірістің кеңеюіне мүмкіндік беріп отыр. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу – мақта, жеміс-жидек, көкөніс, бақша дақылдарын қайта өңдеу кәсіпорындары құрылып, қосылған құны жоғары өнім өндіру үлесі өсіп келеді.

Құрылыс индустриясында цемент, кірпіш, құрылыс материалдары өндірісінің дамуы өңірдегі қарқынды құрылысқа қызмет етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруда. Тоқыма және жеңіл өнеркәсіп – халықаралық нарыққа бағытталған өнім шығару ісі жолға қойылып, экспортқа шығатын бәсекеге қабілетті брендтер қалыптасуда.
Өндірістің дамуы экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтумен қатар жүруі тиіс. Түркістан облысы үшін бұл – үлкен стратегиялық басымдық. Өңірдің Орталық Азияның дәл торабында, көршілес Өзбекстан мен Қырғызстанға жақын орналасуы, халықаралық көлік дәліздерінің өтуі логистикалық артықшылық береді. Облыстан негізінен ауылшаруашылық шикізаты ғана емес, қайта өңделген дайын өнімнің үлесін арттыру – басты мақсат. Дайын өнім экспорттау арқылы өңір бюджетіне түсетін табыс көбейіп, аймақтық экономиканың тұрақтылығы нығаяды.

Осы бағытта Ордабасы ауданындағы ауыл шаруашылығы саласында тұрақты жұмыс жүргізіп келе жатқан ірі кәсіпорындардың бірі – Төрткүл ауылындағы «Рамазан-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл шаруашылық 2009 жылы құрылып, егін шаруашылығымен айналысып келеді. Компанияның негізгі бағыты – суармалы жерлерде мақта егу және оны өңдеу арқылы ішкі және сыртқы нарыққа жоғары сапалы өнім ұсыну.
Бүгінгі таңда серіктестіктің қарамағында 723 гектар суармалы жер бар. Кәсіпорын осы алқаптарға Түркиядан әкелінген жоғары сапалы мақта сорттарын егіп, жыл сайын шамамен 4500 тонна мақта шикізатын жинайды. Жиналған өнім кәсіпорынның өз мақта өңдеу зауытында өңделіп, жылына 35 000 тоннаға дейін мақта талшығы өндіріледі. Шаруашылық құрамында 77 тұрақты қызметкер еңбек етеді, ал маусымдық жұмыстар кезінде бұл көрсеткіш 300 адамға дейін жетеді. Бұл ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға айтарлықтай үлес қосуда.

«Рамазан-Агро» серіктестігі өндіріс тиімділігін арттыру мақсатында заманауи ауыл шаруашылық техникаларын кеңінен қолданады. Кәсіпорынның меншігінде 120-дан астам техника бар, олардың қатарында John Deere маркалы мақта жинайтын комбайндар, тракторлар, тіркемелер, тиегіштер мен басқа да заманауи жабдықтар бар. Сонымен қатар шаруашылық өз алқаптарына жаңбырлатып суару жүйесін орнатқан. Бұл өздігінен жүретін инновациялық техника су ресурстарын үнемдеуге, сонымен қатар тыңайтқыштарды тиімді пайдалануға мүмкіндік беруде.

«Рамазан-Агро» ЖШС өнімдері тек отандық нарықта ғана емес, шетелде де жоғары сұранысқа ие. 2016–2017 жылдары серіктестік Чехияның Cotton CZ S.R.O. компаниясымен үш келісімшарт жасап, тұрақты серіктестік орнатты. Сонымен қатар, шаруашылықтың өнімдері Беларусь, Ресей және Молдова елдеріне экспортталады.
Компания мақта шаруашылығын дамыту арқылы өңірдегі агроөнеркәсіптік кешеннің өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Сондай-ақ, Қазақстандық мақтаның сапасын арттыру және оны әлемдік нарықта ілгерілету мақсатында мақта шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу мен енгізу жөнінде ұсыныстар білдіріп отыр. Өндіріс пен экспортты қатар дамытып отырған «Рамазан-Агро» ЖШС – Ордабасы ауданындағы ғана емес, күллі өңірлердегі мақта шаруашылықтарына үлгі болып отыр.