Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиевтің төрағалығымен «Заң және Тәртіп» қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мен өзара іс-қимылдың басымдықтарын талқылау бойынша Үйлестіру кеңесі өтті.
Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Қалмұрзаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев, Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев, Түркістан облыстық Әділет департаментінің басшысы Нұржан Махамбетов, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы Асқар Сапарғалиев, облыстық ТЖД бастығы Асқар Төлешов, облыстық мәслихаттың депутаттары Алмас Салимов, Инара Намазбаева, Жанар Темірбекова, Динара Егамбердиева, сондай-ақ құқық қорғау және мемлекеттік органдар, мемлекеттік емес ұйымдардың басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Облыс прокуроры өз сөзінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен өмір сүру сапасын арттыру – басым міндеттердің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, кибершабуылдардың алдын алуға және заманауи қауіп-қатерлерге ден қоюға, интернет алаяқтықпен күресті күшейтуге және қоғам дерті болған лудоманияның алдын алуға ерекше назар аударуды тапсырды. Жиын барысында қатысушылардың назарына құмар ойындардың жетегінде кеткен адамның қандай қадамдарға баратын және оның зардабы жақындарына, отбасына қалай әсер ететіні жайында әзірленген бейне материал ұсынылды.
Түркістан облыстық полиция департаментінің қызметкерлері де лудоманияға шалдыққан азаматтар өзінің мінезқұлқын басқара алмайтынын және көбінесе құмар ойындарды ұйқы, тамақ сияқты физикалық қажеттіліктерден және оқу, жұмыс, отбасы сияқты әлеуметтік қажеттіліктерден жоғары қоятынын атап өтті. Олардың көпшілігі үлкен ақшаға қол жеткіземін, ұтып аламын деп сенеді де, көп мөлшерде қарызға ақша алып, қарызға батып қалады. Қазіргі заманғы әлемдік медициналық практика ойынқұмарлық, яғни лудоманияны нашақорлық, токсикомания және алкоголизм сияқты басқа тәуелділік түрлерімен қатар қояды.
Психикалық денсаулық саласында жұмыс істейтін мамандар құмар ойындарға эмоциялық тәуелділіктер белең алып бара жатқанын мойындап, жіті назар аудару қажет екенін хабарлап отыр. Сонымен қатар 14- 28 жас аралығындағы әрбір бесінші жас адамның ойынқұмарлыққа деген төзімділігі байқалған. Қазақстандық сарапшылар ойынқұмарлық героинге тәуелділіктен де жойқын болуы мүмкін екенін мәлімдеп отыр. Оның әсері отбасындағы қарым-қатынастан бастап кәсіби қызметке дейін өмірдің барлық саласында елеулі әлеуметтік және экономикалық салдарға әкеледі.
Кеңес барысында IT –технологияларды қолдана отырып, құқық бұзушылықтарды жедел анықтайтын жобаларды іске асыру қажеттігі атап өтілді. Прокуратура бастамасымен іске асырылып жатқан «Бұзушылыққа тоқтам», «Алаяқтан сақ бол», «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобалары, сондай-ақ Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің «Прокурорлық фильтр», «Қылмыстар картасы», «Қамқор» жүйелерінің жұмысытуралы презентациялар көрсетіліп, анықталған құқық бұзушылықтар туралы ақпарат берілді.
« – Түркістан облысының үйлестіру кеңесінің отырысы өте нәтижелі өтті. Күн тәртібіндегі “Заң және Тәртіп” қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мен өзара іс-қимылдың басымдықтары жөнінде баяндамашылар пайдалы ақпараттармен бөлісті. Өздеріңіз білесіздер, қазіргі таңда Қазақстан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардың жаңа кезеңіне аяқ басты. Президентіміз Әділетті, Жаңа Қазақстанды құруды тапсырды. Әділетті Қазақстан құру үшін дұрыс құндылықтар жүйесі мен саяси мәдениет қалыптастыру қажет екенін, сол жолда қажырлы еңбек ету керектігін айтты. Бұл ретте, азаматтармен тиімді ашық диалог жүргізу, жүзеге асырылып жатқан бастамаларды ел арасында түсіндіру, азаматтардың талап-тілектеріне жедел жауап беру өте маңызды. Сондықтан, бүгінгі өткізілген жиынның маңызы зор деп ойлаймын. Прокуратура мен құқық қорғау органдары бірлесе атқарып жатқан жұмыстар жөнінде жақсы ақпараттар берілді. Солардың ішінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қылмыстарды ашуға құқықтық статистиканы қалыптастыруға бағытталған табысты жұмыс атқарылуда» – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров
Кеңес қорытындысында мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылын күшейтіп, жұмыс барысында озық технологияларды қолдана отырып цифрлық шешімдерді жетілдіру туралы шешім қабылданды.