Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүйелі түрде тазалық жұмыстары және сенбілік іс-шаралары ұйымдастырылып келеді. Оған зиялы қауым өкілдері де, мемлекеттік қызметшілер де, түрлі үкіметтік емес ұйымдар мен шахардың тұрғындары да белсенді түрде атсалысып келеді. Президент бастамасын жақсылыққа балайтын жандардың пікірі де қазіргі Түркістанның өркендеуімен үндеседі.

Мәдениет қараткері Ұлжан Мұстафаева:

« – Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауқымды сенбілік өтті. Оған, жалпы, облыс көлемінде оған 50 мыңнан аса тұрғын қатысып, 17 мың ағаш көшеті егілді. Экологиялық бастамаға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров те қолдау білдіріп, Түркістандағы «Парасат» саябағы аумағында көшет отырғызды. Аға буын мен зиялы қауым өкілдерімен, жастармен кездесіп, аймақты көгалдандыру, жасыл желекті көбейту маңызды екенін жеткізді. -Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы бәріміз үшін маңызды. Қоршаған орта таза болса, қоғам тазарады. Ағаш егіп, айналаны таза ұстау әрбір тұрғынның міндеті болуы керек. Бүгінгі экологиялық іс-шараде белсенділік танытқан ардагерлерге, жастарға, тазалық мекемесінің қызметкерлеріне, тұрғындарға алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров. «Парасат» саябағында 120 көшет отырғызылып, жасыл желек аумағы ұлғая түсті. Мен де көрікті қаламыздың тұрғыны және мәдениет қайраткері ретінде белсенділік танытып, қаладағы ардагерлер мен аға буын өкілдері, аналар алқасының мүшелерімен бірге іс-шараға арнайы қатысқан болатынмын. Мақсатым – туған қаланы жайқалтуға үлес қосу. Қаламыздың тазалығы мен көркеюіне себепкер болатын акцияға немеремді де ертіп бардым. Себебі біздің  ұрпағымыз еліміздің болашағы. Олар осындай игі істерді санасына сіңіруі тиіс. Туған жеріне жақсылық жасауды, тазалық мәдениетін білуі керек деп есептеймін. Сонымен қатар, барша түркістандықтарды «Таза Қазақстан» бағдарламасына үлес қосуға шақырамын!»

Түркістан қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Гүлнұр Жангелдіқызы:

 « – Мен – осы елдің, оның ішінде киелі мекен, мәдени-рухани астанамыз Түркістан қаласының тұрғынымын. Соңғы жылдары туған қаламның қалай жаңарып, өзгеріп, көркейіп жатқанын күн сайын көзіммен көріп келемін. Бұрын қарапайым шаһар болып көрінетін Түркістан бүгінгі таңда әдемі сәулеті бар, заманауи инфрақұрылымы дамыған, таза әрі жайлы қалаға айналды. Бұл – әр тұрғын үшін мақтаныш, әр жүрекке қуаныш. Қайта түлеген Түркістанның жаңа бейнесі,қала көшелерінің кеңейтіліп, абаттандырылуы, аулалардың тәртіпке келтірілуі, демалыс орындарының көбеюі Түркістанның көркін айрықша айшықтады. Жаңа саябақтар, гүлзарлар, жарық шамдармен көмкерілген аллеялар – қаланың ерекше келбетін қалыптастырды. Ең бастысы тазалық – қала мәдениетінің айнасы ғой. Қуантатыны – тек биліктің жұмысы емес, тұрғындардың да сана-сезімі өзгеріп келеді. Адамдар көшеге қоқыс тастамауға, өз аулаларын таза ұстауға, қоғамдық орындарды күтіп ұстауға үйреніп жатыр. Мектеп оқушылары, жастар, қоғамдық ұйымдар ұйымдасқан түрде сенбіліктер өткізіп, «Таза қала – ортақ жауапкершілік» деген түсінік қалыптасты. Түркістанның қазіргі көрінісі – осы бірліктің, ұйымшылдықтың нәтижесі.»

Түркістан қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Ақерке Айдарқызы:

« – Түркістан тек әсемдігімен ғана емес, рухымен де ерекше. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен тарихи орындар қаланың рухани тынысын сақтап тұр. Ежелгі тарих пен қазіргі заман үйлесім тапқандай. Таза қала – таза сана, тәртіп пен мәдениеттің белгісі екенін Түркістан дәлелдеп отыр. Қарапайым тұрғын ретінде баламыз таза, әдемі қалада өсіп жатқанына, қонақ келгенде ұялмай көрсетер шаһарымыз бар екеніне, күн сайын жаңарып, көркейіп жатқан Түркістанға шын жүректен қуанып, мақтанамыз. Бүгінгі Түркістан – тазалықтың үлгісі, жүйелі еңбектің нәтижесі, келешекке сенім сыйлайтын қала. Таза қала – тек жақсы көрініс емес, ол – мәдениет, тәрбие, жауапкершілік. Осы жолдан таймай, бірге еңбек етсек, Түркістан одан әрі көркейе беретініне сенемін. Әсем Түркістан – баршамыздың ортақ мақтанышымыз!»

Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз Жарынбек Құлбайымбетов:

« – Соңғы жылдары елімізде көтеріліп жатқан “Таза Қазақстан” бастамасы мен үшін жай ғана акция емес, қоғамдық сананы оятатын, елдің мәдени деңгейін көрсететін үлкен қозғалысқа айналды. Өйткені тазалық – тек аула тазалау емес, ол – тәрбие, жауапкершілік, ұрпаққа деген аманат. Табиғатқа құрмет – болашаққа қамқорлық. Біз табиғаты көркем, кең далалы елде өмір сүріп отырмыз. Бірақ кейде өз қолымызбен табиғатқа зиян келтіріп, қоршаған ортаға салғырт қарап жататынымыз жасырын емес. Жол бойындағы қоқыс, лас өзен, күтімсіз аула – бәрі өз мәдениетіміздің айнасы. Сондықтан “Таза Қазақстан” бастамасы ең алдымен бізді ойландырды. – Біз осындай елде өмір сүргіміз келе ме? – Балаларымызға қандай жер қалдырғымыз келеді? Жауабы анық – таза, көркейген, жайлы Қазақстан! Қуантатыны – халықтың көзқарасы өзгеріп келеді. Ауылда да, қалада да тұрғындардың бірігіп сенбілік жасауы, мектеп оқушыларының, жастардың белсенділігі, қоғамдық ұйымдардың атсалысуы – үлкен өзгерістің белгісі. Қазіргі кезде  көшелер тазалануда, саябақтар абаттандырылуда, су көздерін қорғау ісі күшейтілуде және қоқыс сұрыптау мәдениеті қалыптасуда. Бұл – науқандық шара емес, тұрақты үрдіске айналуы тиіс дәстүр. Менің ойымша, ең үлкен тазалық – әрбір үйдің, әр адамның жауапкершілігінен басталады. Егер әркім өз ауласын таза ұстаса, көшеге қоқыс тастамаса, табиғатты бүлдірмесе жіне бейжай қарамаса, онда бүкіл елдің келбеті өзгереді. “Меннен не өзгереді?” деген түсінік енді болмауы керек. Себебі үлкен өзгеріс – шағын әрекеттерден басталады. Балаларға қалдыратын ең үлкен мұра біз не деп ойлаймыз? Біз баламызға байлық, дүние қалдырғымыз келеді. Бірақ ең үлкен байлық – таза ауа, таза су, жасыл табиғат. Егер біз бүгін табиғатты қорғамасақ, ертең кеш болуы мүмкін. Сондықтан “Таза Қазақстан” – тек бүгінгі міндет емес, ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Менің бұл ретте айтарым Таза Қазақстанды билік те, ұйым да, бір адам да жалғыз жасай алмайды. Оны бәріміз бірігіп жасаймыз. Әрқайсымыз өзіміз тұрған жерден бастап үлес қосайық. Тек сонда ғана еліміз шын мәнінде таза, көркейген, жайлы мемлекетке айналады.»

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*