Сайрам – Түркістан облысындағы халық саны көп аудандардың бірі саналады. Аудан халқының саны 238 мың адамнан асады, 11 ауылдық округке біріктірілген 42 елді мекені бар.
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы аудан тұрғындарының сұраныстарын тыңдау үшін, оларды қолданыстағы заңдар аясында және мемлекеттік органдардың қабылдаған жоба-жоспарларының шеңберінде оң шешілуіне мүмкіндіктерді кеңейтуде, аудан орталығы – Ақсукентте және Қожақорған ауылында көшпелі қоғамдық қабылдау жиындарын өткізді.

Азаматтарды тыңдауға арналған көшпелі жиындар Түркістан облыстық және Сайрам аудандық мәслихат депутаттары – партиялық фракция мүшелерінің қатысуымен өтті.
Айта кету керек, халықтың қолдауына ие болған «AMANAT» партиясына азаматтар үлкен сенім артады, көптеген мәселелерін көтеріп, партия көмегіне жүгінеді. Облыстық мәслихат депутаты Сайдирасулхан Ералиев, Қоғамдық ықпалы, саяси салмағы артқан партиямыз, қоғамда қордаланған әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерді ақыл-парастпен, диалог арқылы, қоғамдық келісім аясында шешілгені абзал. Депутаттар қоғам мен билік арасында алтын көпір міндетін атқарып отыр,- деді депутат .

«-Қоғамдық қабылдау бұл біріншіден, халықпен кері байланысты одан әрі жақсарта түсуге ықпал етсе, екіншіден, көптеген мәселелердің созбалаңға салынбай тез шешілуіне жәрдем көрсетіп отырмыз. Бүгін Сайрам ауданының екі елді мекенінде кездесу өткіздік, бізге үміт артып келген азаматтардың қарасы көп болды, азаматтарға жайлы тұрмыс, қолайлы орта түзуде әлі де өзекті мәселелпер бар екені белгілі болды. Барлық сұраныстар хаттамаға енді, олардың орындалуын бақылауда ұстайтын боламыз», – деді С.Ералиев.

Ақсукент ауылында және Арыс ауылдық округінің Қожақорған елді мекенінде өткен қабылдауларда азаматтар қоғамдық өмірдің көптеген салаларын қамтитын сауалдарын қоюға, оларға нақтылы жауап алуға мүмкіндік жасалды. Тұрғындар тарапынан жер қатынастары саласына қатысты сауалдар, инженерлік инфрақұрылым мәселелері, заңсыз салынған нысандарға қатысты түйткілдер, ағын суды реттеу, субсидия мәселесі, жеңілдетілген несиелермен қамту, иесіз ит пен мысықты аулау, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны, елді мекендерді абаттандыру, әлеуметтік нысандар құрылыстары, спорт кешендері мен спорт алаңшаларын салу мүмкіндіктері, елді мекендерде ішкі жолдарды жөндеу, жаңа қоныстанған аймақтардың инфрақұрылымдық ахуалын жақсарту мәселелері көптеп көтерілді.