Абай ауылында 35/10 кВ «Төртши» деп аталатын қосалқы подстанция іске қосылып, ауыл тұрғындары көптен көтеріп жүрген түйткілді мәселенің түйіні шешілді. Жаңа станцияны іске қосу рәсіміне аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, жергілікті тұрғындардың қуанышына ортақтасты. Жаңа подстанцияны іске қосу арқылы Балдысу және Қарабұлақ елді мекендерінің де электр энергиясы қуатын арттыру көзделгенін атап өтті. Сондай-ақ алдағы уақытта ауданда халық сұранысына орай атқарылатын өзге де жобаларға жеке-жеке тоқталып, жоспарларымен бөлісті.
Өз кезегінде сөз алған «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС техникалық қауіпсіздік қызметінің басшысы Мерей Төленбекұлы жаңа станцияның қуаттылығымен таныстырды.
Ауыл қариясы Өтелбай Шардарбеков
-«Біздің бірнеше жылдан бергі көтеріп келген мәселесіміз оңынан шешілді. Тұрғындардың уәжін тыңдап, халықпен етене жұмыс істейтін ашық үкімет осындай болар. Биылғы жылдың мамыр айында жаңадан қосалқы подстанция салу ісі қолға алынды дегенде қуанып едік. Міне енді қыс мезгілінің алдында қуанышымыз еселеніп, сапалы электр энергиясын тұтынатын болдық”,-деп өз қуанышын жеткізді.
Еске сала кетсек, өткен жылдың қаңтар айында Абай ауылына келетін 10 кВ құрайтын әуе желісі желдің өтіне қолайсыз орналасқанның салдарынан 13 шақырымдағы 200-ге жуық бағана құлап, тұрғындар бірнеше күн әуре-сарсаңға түсті. Орын алған жайттан соң тұрғындар электр желісін қолайлы бағытқа алмастыру жөнінде бірнеше рет мәселе көтерді. Бұған қоса Балдысу және Қарабұлақ елді мекендерінде электр энергиясы қуатының жетіспеуі сынды мәселелер де айтылып келді. Бұл бойынша аудан басшысы құзырлы мекеме басшыларымен өзара келіссөздер жүргізді.
Нәтижесінде Абай ауылы Шолаққорған-Созақ бағытындағы 35 кВ жоғарғы кернеулі әуе желісіне қосылды. 9,5 шақырымды құрайтын қашықтыққа 84 дана СВ164 маркалы бағаналар тұрғызылды. Ауыл маңынан қуаттылығы 1600 кВА сыртқы үлгідегі қосалқы подстанция салынып, іске қосылды. Тұрғындар жаңа станцияны «Төртши» деп атау жөнінде де бірауыздан ұсыныс берген.
Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*