Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазығұрт ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Шарбұлақ елді мекенінде ашық және жабық спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысты. Азаматтардың денсаулығын нығайтып, белсенді өмір салтын қалыптастыруға, балалар мен жасөспірімдерді спортпен шұғылдануға жетелейтін әлеуметтік маңызы ауқымды нысанның ашылуына Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Нұржан Әшіров, Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов, бокстан екі дүркін әлем чемпионы Сәкен Бибосынов, ауыл тұрғындары, елге сыйлы қариялар қатысты.

Нысан құрылысын Қазығұрт аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің тапсырысы бойынша «Vertex Build» ЖШС-гі жүргізді. Спорт кешенінің аумағы 2,83 гектар болып белгіленіп, кешен ғимаратының жалпы аумағы 1720 шаршы метрді құрайды. Кешен жобасы бойынша атқарылған жұмыстарды мердігер ұйымның басшысы Нұрдәулет Рысқұл таныстырды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Үлгілі ауыл» байқауында жеңімпаз атанған ауыл тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтады.

– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы туралы бастама көтерген болатын. Бұл акция елімізде кең қолдау тауып, елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарын жүргізу бойынша ауқымды іс-шаралар атқарылуда. Осы акция аясында ауылдық аймақтарда тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мақсатында облыс әкімдігінің бастамасымен «Үлгілі ауыл» облыстық байқауы ұйымдастырылды. Байқау нәтижесінде Шарбұлақ ауылы жеңімпаз болып танылып, тұрғындардың өтінішіне сәйкес осы спорт кешенін салуға қаражат бөлінді. Ашылып отырған спорт кешенінде спортшылар үшін барлық жағдай жасалған. Жаңа нысан Қазығұрт ауданының спорттық әлеуетін жаңа деңгейге көтереді деп сенемін, – деді Нұралхан Көшеров.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Қалмұрзаев та құттықтау сөз сөйлеп, жаңа кешенде бұқаралық спорт дамитынына сенім білдірді. Сонымен бірге Сәкен Бибосынов, Қайрат Ералиев, Шынболат Райханов сынды әлем чемпиондары да жаңа спорт нысанына оң бағаларын берді. Облыс әкімі мен ауыл ақсақалдары, қонақтар спорт кешенін ресми түрде ашқан соң нысанның ішін аралап, жаттығу залдарының жабдықталуымен танысты. Әкім жас спортшылармен кездесіп, оларға сәттілік тілеп, бұқаралық спортты дамыту өңір үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтті

.

Спорт кешенінің жобасына 500 млн теңгеден астам қаржы қаралған. Нысанның ішкі бөлігінде күрес, бокс, заманауи тренажер залдары және жабық футбол манежі орналасқан. Ал сыртқы аумағында баскетбол, волейбол, футбол, жеңіл атлетика алаңдары, «street workout» (көше жаттығулары) құрылғылары мен балалар ойын алаңшалары орнатылған. Қазіргі таңда спорт кешенінде бокс, еркін күрес және футбол спорт секциялары жұмыс істеп, 300-ге жуық жасөспірім тұрақты түрде спортпен айналысуда. Нысанның ашылуымен 10 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды. Айта кетейік, биыл Түркістан облысында 112 спорт нысанының құрылысы қолға алынған. Оның ішінде 102 спорт нысаны жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал 10 нысанның құрылысы 2026 жылы аяқталады. Ауыл ақсақалдары да салауатты ұрпақ тәрбиелеуге арналған нысанның ашылуын тарихи сәтке балады.

« – Бүгін біздің ауылымыз үшін тарихи әрі қуанышты күн. Ауылымызда заманауи талаптарға сай салынған жаңа спорт кешенінің ашылуы – тұрғындар үшін үлкен қуаныш пен зор игілік. Ауыл халқы атынан осы маңызды нысанның бой көтеруіне қолдау көрсеткен мемлекетке, облыс және аудан басшылығына, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытында аяқтаған мердігер азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз. Бұл спорт кешені – тек ғимарат қана емес, болашаққа салынған берік инвестиция. Жаңа спорт кешені ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне, балалар мен жасөспірімдердің спортпен жүйелі түрде айналысуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға зор мүмкіндік беріп отыр. Бұрын мұндай жағдай болмаған ауыл тұрғындары үшін бұл – көптен күткен арманның орындалуы. Енді ауылымыздың балалары мен жастары түрлі спорт түрлерімен шұғылданып, жарыстарға қатысып, биік белестерді бағындырады деп сенеміз. Спорт кешені ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтып қана қоймай, ел ішіндегі бірлікті арттыратын ортақ ордаға айналатынына күмән жоқ. Біз, ауыл тұрғындары, осындай игі бастамалардың алдағы уақытта да жалғасын табуына тілектеспіз. Жаңа спорт кешені ауылымыздың дамуына, жастардың тәрбиесіне және ұлт саулығына қызмет етсін! Спорт – денсаулықтың кепілі, күш-қуат пен жігердің қайнар көзі. Осы кешенде балаларымыз бен жасөспірімдеріміз шеберлігін шыңдап, денелерін шынықтырып, рухани дамуға жол аша алады. Ересектер де осы жерде белсенді өмір салтын қалыптастырып, отбасылық және қоғамдық бірлікті арттырады. Тағы да барша қолдау көрсеткен азаматтарға үлкен алғыс білдіреміз және ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілейміз!», – деген ауыл ақсақалдары мерейлі сәтпен және тұрғындардың қуанышымен бөлісуге келген спортшыларға да ризашылықтарын білдірді.

Жұмыс сапары аясында облыс басшылығы Қазығұрт ауылы, О.Жандосов көшесінде орналасқан, Қазығұрт аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысы бойынша жөндеуден өткен екі қабатты, 10 пәтерлі тұрғын үйдің қазіргі техникалық жағдайымен танысты. Ресми өкілдер тұрғын үйлердің ішіне кіріп, әр пәтердің жай-күйін көзбен көріп, жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасын жан-жақты қадағалады.

Атап өтуіміз керек, 2024 жылғы 10 қаңтарға қараған түні осы мекенжайдағы №35Б тұрғын үйдегі пәтерлердің едендері шөгіп, ішкі аралық қабырғалары жарылған болатын. Аталған жағдай бойынша шұғыл шаралар қабылданып, ақау анықталған көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары басқа мекенжайға уақытша көшірілген еді. Аудан бюджеті есебінен №35А және №35Б тұрғын үйлерге жөндеу жүргізіліп, тұрғындарды өз үйлеріне орналастыру жұмыстары атқарылды. Қазіргі таңда тұрғындар өз пәтерлеріне қайта қоныстанып, қалыпты тұрмысын жалғастыруда.

Облыс басшысы тұрғындармен арнайы кездесіп, атқарылған жұмыстардың сапасы жөнінде пікір алмасты. Пәтер иелері көрсетілген қолдау мен уақтылы жасалған жөндеу жұмыстарына ризашылықтарын білдіріп, үйлерінің қазіргі жағдайы талапқа сай екенін атап өтті. Сонымен қатар, өңір басшысы жауапты сала мамандарына тұрғын үйлердің қауіпсіздігін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Тұрғындардың алаңдаушылығын туғызған бұл мәселені облыс әкімдігі мен депутаттар және «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы бақылауында ұстады және жергілікті атқарушы билікпен азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған шаралардың атқарылуын бірлесе үйлестірді.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*