Елімізде соңғы аптада балық аулау кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтамау және-ауа райының қолайсыздығын ескермеу салдарынан 9 адам суға кетсе, оның 3-і кәмелетке толмаған балалар. Бұл жайында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Дүйсен Оразгелді брифингте мәлімдеді.

«Түркістан облысында тұрғындардың су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында департамент тарапынан жылдың барлық мезгілінде профилактикалық, рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Жалпы қысқы кезеңдегі рейдтік шаралар барысында судағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін 10 адамға айыппұл салынды. Ал, жыл басынан бері 76 жеке тұлғаға 1 млн теңгеге жуық айыппұл салынған. Атқарылған іс-шараларға қарамастан облыстағы су айдындарында балық аулау кезінде өткен жылы 1 қайғылы жағдай тіркелді. Жалпы облыс аумағында 2018 жылдан бері бүгінге дейін 16 адам балық аулау кезінде суға батып қайтыс болған»,- деді Дүйсен Нұрмаханұлы.

Сонымен қатар, брифингке қатысқан Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Нұрболат Педен жаңа жыл уақытындағы қауіпсіздік шараларын түсіндірді. Оның сөзінше, өңірдегі сауда орталықтарында пиротехникалық өнімдерді сату басталып кеткен.

«Негізінен пиротехникалық заттарды сатуға рұқсаты жоқ немесе сақтау тәртібінде заң бұзушылықтары бар сауда орындарына полиция қызметкерлері тарапынан айыппұл салынып, пиротехникалық заттар тәркіленеді. Бүгінде жаңа жыл мерекесіне орай пиротехникалық заттарды сату және сақтау тәртібіне бақылау жүргізу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Осы ретте мерекелеу кезінде өрт қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша қала тұрғындарының арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, жаңа жыл шыршасы өтетін орындарда мемлекеттік инспекторлармен өрт қауіпсіздігін сақтау, қадағалау жұмыстары атқарылады. Одан бөлек, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп, облыс аумағындағы сауда орталықтары мен базар басшыларымен және қоғамдық тамақтану орындарының өкілдерімен дөнгелек үстелдер өткізілуде»,- деді Нұрболат Нұржанұлы.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*