Сауран ауданы бүгінде тек тарихи және мәдени құндылығы жоғары өңір ғана емес, сонымен бірге экономикалық тұрғыдан әлеуеті зор, болашағы жарқын инвестициялық аймақ ретінде қалыптасып келеді. Түркістан облысындағы жаңадан құрылған Сауран ауданы қысқа уақыт ішінде қарқынды дамып, инвестиция тарту бағытында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Ауданның инфрақұрылымдық мүмкіндіктері кеңейіп, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, энергетика және кәсіпкерлік салаларында жаңа жобалар жүзеге асуда. Бұл өз кезегінде өңір экономикасын жандандырып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлкен серпін беруде.

Соңғы жылдары ауданға қомақты көлемде инвестиция тартылып, бірнеше ірі жобалар іске қосылды. Атап айтқанда, құс шаруашылығы, мал және егін шаруашылығы бағытында жаңа өндірістер дамып, агроөнеркәсіп кешені заманауи технологиялармен жабдықталуда. Сауран аумағында құс етін өндіретін жоғары қуатты ферма құрылысы қолға алынып, ішкі нарықты қамтамасыз етуге және экспорттық мүмкіндік қалыптастыруға жол ашылды.

Жобаны «Eco-Chiken» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырып жатыр. Жалпы құны 2,5 миллиард теңгені құрайтын бұл өндіріс орны толық қуатында жұмыс істегенде, еліміздегі құс етіне деген сұранысты өтеуге елеулі үлес қоспақ. Құс фермасының басты ерекшелігі – оның заманауи талаптарға сәйкес салынуы. Өндіріс алаңы автоматтандырылған жүйелермен қамтамасыз етіліп, құстарды күту, жем-шөп беру, санитарлық жағдайды бақылау толықтай жаңа технологиялар негізінде жүзеге асырылған. Мұндай мүмкіндік жоғары сапалы өнім шығаруға, шығынды азайтуға және еңбек өнімділігін арттыруға жол ашады. Жоба толық іске қосылған кезде аудан тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті халықтың табыс көзі артады. Сонымен бірге, Сауран ауданында өндірілетін құс еті өңірдің ішкі қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, облыс және республика деңгейінде нарыққа шығаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, болашақта көрші мемлекеттерге де экспортталмақ. Экспорттық бағытта Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ауғанстан елдерінің нарығына шығу жоспарланып отыр. Бұл – өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуда маңызды қадам. Жоба аясында шамамен 150-200 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл – Шаға және оған жақын маңдағы елді мекен тұрғындары үшін жаңа табыс көзі.

Сонымен қатар, құс шаруашылығы саласына салынған инвестиция аудандағы кәсіпкерліктің дамуына, ауыл шаруашылығын әртараптандыруға және инвестициялық климаттың жақсаруына оң әсерін тигізуде. Мұндай өндіріс орындарының ашылуы инфрақұрылымның дамуына, қосымша сервистік қызметтердің қалыптасуына және экономиканың тұрақты өсіміне ықпал етеді. Сауран ауданындағы құс фермасы – тек бір кәсіпорын ғана емес, өңірдің болашағына салынған маңызды инвестиция. Ол ауданның экономикалық қуатын арттырып, әлеуметтік жағдайды жақсартуға, сапалы отандық өнім өндіруге зор мүмкіндік беретін стратегиялық жоба ретінде бағаланады.

Сонымен қатар, Сауранда өндірістік және кәсіпкерлік инфрақұрылым да қарқынды дамып келеді. Ауданда шағын индустриалды аймақтар мен өндірістік парктер құрылып, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалуда. Инженерлік инфрақұрылым тартылып, заманауи кәсіпорындар ашуға мүмкіндік берілуі – Сауранды инвестиция үшін тартымды аймаққа айналдырып отыр. Бұл жобалар жергілікті бизнестің дамуына жол ашып қана қоймай, аудан экономикасын әртараптандыруға ықпал етуде.

Түркістан маңында отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеуді қолдау мақсатында 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылып жатыр. Жоба аясында 152 ғимарат салып, 6040 жұмыс орнын құру жоспарланған. Жобаның І кезеңінде 40 ғимарат салынып, 32 жоба қосылды. 1 220 жұмыс орны ашылды.

Өндірістік парк аумағында жиһаз, жаңбырлатып суғару, сусын, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын зауыттар ашылған. Отандық өндірісті дамыту есебінен 27 млрд теңгеге импорттық тауарларды алмастыруға қол жеткізілді. Алдағы уақытта бейнекамера, медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық бұйымдармен елімізді қамтамасыз етуге және экспортқа шығаруға мүмкіндік болады. Шағын өндірістік алаңдарды дамыту үшін жергілікті кәсіпкерлер белсенді атсалысып келеді. Әрбір аудан мен қалада, халық тығыз орналасқан ауыл округтерінде өндірістік алаңдарын құрып, кәсіпорындар мен зауыттар ашу жұмыстары да басталып кетті.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Осы жұмыстар нәтижесінде Сауран ауданында жеке инвестиция есебінен 55 гектар аумақта 5 шағын өндірістік алаң құрылды. Мұнда 30 млрд теңгеге 115 жобаны іске асырып, 1 124 жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі таңда «Қарашық», «Иассы», «Шорнақ», «Үшқайық» және «Жүйнек» өндірістік алаңдарында 37 ғимараттың құрылысы жүргізіліп, нақты жұмыстар атқарылып жатыр.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*