Cауран ауданындағы “өндірістік парк” аймақтары өндіріс орналастыруға қолайлы инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Аудан аумағындағы өндіріс бағыттары да айқын әрі сан салалы.
Мысалы: Құрылыс материалдары шығаратын – 36 цех; Жиһаз өндірісі – 35 цех; Азық-түлік өнімдерін өндіру – 25 цех; Резеңке және пластмасса бұйымдарын өңдеу – 8 цех; Тігін өндірісі – 5 цех; Электротехникалық өндіріс – 5 цех; Дәрі-дәрмек өндіретін – 1 өндіріс орны; Ауылшаруашылық жабдықтарын жасайтын – 8 цех; Қағаз өңдейтін – 1 цех іске қосылатын болады. Өндірістік жобалардың қарқынды дамуы Сауран ауданының индустриалдық әлеуетін өсіріп, өңірдегі экономикалық белсенділікті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға кең мүмкіндік беруде. Негізі облыс бойынша жалпы 21 шағын өндірістік алаңдары құрылған. Бүгінгі таңда, 192 ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Айта кетейік, Түркістан қаласында өткен халықаралық «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» форумында жалпы құны 432,2 млрд теңге болатын 7 маңызды меморандум бекітілген болатын. Оның бірі Сауран ауданында іске асатын 16 млрд теңгелік агроөнеркәсіптік жоба. Жоба аясында шетелдік «Xiang Hopi i Ma Aerial Machinery» компаниясымен екіжақты меморандумға қол қойылды. Бұл жобаның Сауран ауданында жүзеге асырылуы – ауыл шаруашылығы саласын технологиялық жаңғыртуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға, заманауи агротехникалық шешімдер енгізуге мүмкіндік беріп отыр. Компания – топырақ өңдеу, егін жинау және агроөндірістік процестерді автоматтандыруға арналған жоғары технологиялы ауыл шаруашылығы техникасын өндіруге маманданған. Олардың өнімдері тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар көрші елдерге де экспортталады. Енді алдағы уақытта, Сауран ауданы инвесторлармен серіктестікті нығайтып, ауыл шаруашылығы саласын технологиялық тұрғыда жаңғыртуға дайын.

Жалпы облыста 2025-2028 жылдар аралығында 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Жоба толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Биыл 58 инвестициялық жоба қолға алынып, нәтижесінде 8 250 тұрақты жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар биыл 10 айдың қорытындысымен облыстың капиталына 1 178,4 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылыпты. Облысқа 2025 жылға 475 млн. АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тарту индикаторы бекітілген. II тоқсанның қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалған.
Айта кетейік, Түркістан облысының әкімдігі жыл басынан бері 90-нан астам шетелдік компаниямен кездесулер өткізіп, Қытай, Иран және Өзбекстан елдеріне ресми сапарлар ұйымдастырды. Нәтижесінде арнайы аймақтарда белсенді қоспалар мен дәрумендер өндірісі, кеңселік қағаз өндірісі, сэндвич-панельдер мен еден жабындарын өндіру, тамшылатып суару жүйелерін енгізу, балыққа арналған құрама жем өндіру және өсімдік майын өндіру бойынша ауқымды жобалардың тізімі айқындалды. Сонымен қатар, энергетика саласына да ірі инвестициялық жобалар бағытталуда. Күн электр станциясы сияқты жасыл энергетика нысандарының салынуы – өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, экологиялық тұрғыдан таза әрі тұрақты даму мүмкіндігін береді. Бұл – болашақ ұрпақ үшін жасалған маңызды қадам.

« – Түркістан – еліміздегі халық тығыз орналасқан облыс. Өңірде еңбекке қабілетті жастағы тұрғындар үлесі 33,7% деңгейінде, бұл Түркістан облысының кадрлық әлеуетін күшейтіп, инвесторлар үшін тұрақты еңбек ресурстарын қамтамасыз етеді. Қытай мен Еуропа арасында тасымалданатын жүктің 85 пайызы Түркістан облысынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізі арқылы тасымалданады. Бұл дәліз әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Сонымен қатар, Қытайдағы Ляньюньган портындағы қазақ-қытай логистикалық терминалы және Сианьдағы құрғақ порт сияқты бірлескен жобалар біздің транзиттік әлеуетімізді одан әрі нығайта түседі. Қазіргі уақытта облыста инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелерін ұсынатын индустриалды аймақтар және дайын ғимараттарды жеңілдетілген шарттармен жалдау немесе сатып алу құқығымен берілетін шағын өнеркәсіптік парктер бар. Арнайы экономикалық аймақта да инвесторларға мүмкіндік мол. Түркістан облысында инвестициялық ахуал өте жақсы. Маңызды жобаларды сүйемелдеп, толық қолдау көрсетуге дайынбыз. Мақсатымыз – өндіріс орындарын көбейту,» – деген облыстың әкімі Нұралхан Көшеров инвестиция тарту, өңір экономикасын әртараптандыру және өндіріс саласын дамыту бойынша жаңа жобалар қолға алынып, олардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын да айтып келеді.
Сондай-ақ, өңір басшысы аудан әкімдеріне инвесторлармен кездесулер өткізіп, аймақтың мүмкіндіктерін таныстыру және жаңа жобаларды жүзеге асырып, жаңа жұмыс орындарын құру бағытында белсенді жұмыс атқаруды тапсырған болатын. Бұл бағытта Сауран ауданы жүйелі іс-шараларды атқарып жатыр. Атап айтар болсақ, аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Қытай Халық Республикасының өнеркәсіптік жабдықтар мен тамақ өнімдерін өңдеу саласында жұмыс істейтін жетекші 9 компаниясының басшылары ресми кездесулер өткізіп, металл құю жабдықтары, бөтелке қалыптау машиналары, қуыру желілері, макарон өндірісі, сүт өңдеу, мұздатылған тағамдар, орау машиналары салаларында қызмет ететін компаниялардың жетекшілерімен келіссөздер жүргізді.