Сонымен бірге, «Zhongzhi Mayson Technology Co., Ltd.» компаниясы Орталық Азиядағы өнеркәсіптік әріптестік мүмкіндіктері жөніндегі толық таныстырылым ұсынды.Инвесторлар Сауран ауданымен ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс материалдары, тоқыма өндірісі және жер қойнауын пайдалану бағыттарында бірлескен жобалар құруға дайын екенін жеткізді. Табиғи шикізаттың молдығы, инфрақұрылымның қолжетімділігі, өндірістік алаңдардың болуы және инвесторларға әкімшілік қолдау өңірдің басты артықшылықтары ретінде атап өтілді.

Кездесу барысында Шаньдун «Zhongzhi Mayson» технологиялар компаниясы құрған халықаралық платформаның жұмысы таныстырылды. Платформа құрамында 1600-ден астам қытайлық өнеркәсіптік кәсіпорын бар екені, сондай-ақ Қытайдың мемлекеттік және ірі жеке компанияларымен бірлесіп 4 млрд АҚШ долларын құрайтын өнеркәсіптік қор құрылғаны айтылды. Бұл қор Орталық Азиядағы жобаларды қаржыландыру, бөліп төлеу және несиелеу арқылы қолдауға бағытталған. Инвесторлар өнеркәсіптік жабдықтарды 15 жылға дейін бөліп төлеу, Қазақстан аумағында зауыт салу, технология трансферін іске асыру, ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнеркәсібі бойынша толық өндірістік тізбекті енгізу сияқты ұсыныстарын ортаға салды. Қызанақ, ет, жарма, нан, фри, шырын, балық, құс өнімдері, консерві желілері және санитарлық-экологиялық жабдықтар бойынша жобалар таныстырылды. Міне осындай кездесулердің қорытындысында тараптар өзара ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екендерін білдірді.

Одан бөлек, Сауран ауданында мал шаруашылығын дамыту мақсатында заманауи бордақылау алаңдарын салу бойынша инвестициялық жобалар іске асырылуда. Бұл бағытта инвестиция салуға ниетті жергілікті кәсіпкерлер де жетерлік. Мысалы Ескі Иқан ауылдық округінде 15 мың бас ірі қараға арналған 30 мал бордақылау кластерінің алаңы қалыптасып жатыр. Бұл кешен аудандағы мал шаруашылығы инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Алдағы уақытта аталған аумақта 10 мың бас ірі қараға арналған 20 қора салу жоспарланған. Бұл өз кезегінде ауданның өндірістік қуатын арттырып, мал шаруашылығын қарқынды дамытуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Сауран ауданына қарасты 12 ауылдық округтің аумағынан жалпы көлемі 185 гектар жер телімі бөлініп, 2026-2027 жылдар аралығында 292 мал бордақылау алаңының құрылысы жоспарланып отыр. Жобаның басты ерекшелігі – инфрақұрылым мен қызметтерді бір орталыққа шоғырландыру арқылы тиімділікті арттырып, өндіріс шығындарын азайту және сапаны жоғарылату.

Сауран ауданы кәсіпкерлік саласында тағы бір айтулы жетістікке қол жеткізді. Биыл Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған конкурс, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурс-көрмесі және «Адал Азамат» премиясы бойынша аудан кәсіпорындары үздік деп танылып, ұлттық деңгейде жоғары марапаттарға ие болды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы Жарлығына сәйкес жыл сайын өткізілетін «Алтын сапа» конкурсы еліміздің ең үздік өндіріс орындарын анықтауды мақсат етеді. Конкурс талаптарына сәйкес сапа менеджменті жүйесі, өнімнің жоғары стандарттарға сәйкестігі және инновациялық шешімдер басты назарға алынады. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша Сауран ауданынан «Ақниет Holding» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі «Іскер 2025» арнайы номинациясының жеңімпазы атанды. Компания білім беру ұйымдарына арналған жиһаз өндірумен айналысады және соңғы үш жылда 50-ге жуық мектепті қажетті жабдықтармен қамтамасыз еткен. Қазіргі уақытта кәсіпорын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына сәйкес стандартталған жиһаз үлгілерін шығарып, оларды республикадағы оқу мекемелеріне жеткізіп отыр. Сонымен қатар мекеме «KAZMEDPRIBOR» компаниясымен бірлесе отырып, денсаулық сақтау саласына арналған медициналық жабдықтарды өндіруді жүзеге асырады.

Сонымен қатар, 2025 жылы өткен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурс-көрмесіне 180 кәсіпорын қатысып, нәтижесінде «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша 9 кәсіпорын жеңімпаз деп танылды. Солардың ішінде Сауран ауданын танытқан «Sem Brand» жеке кәсіпкерлігі бар. Кәсіпорын металл қаңқалы үстелдер мен орындықтар өндірісімен айналысып, аймақтық және республикалық нарықта тұрақты сұранысқа ие өнім шығарып келеді.

Бизнес саласындағы жоғары этикалық стандарттарды дәріптейтін «Адал Азамат» премиясы да өңір кәсіпорнына бұйырды.«Идеал Туркестан» ЖШС биылғы марапатқа лайық деп танылды. Пластик жиһаз өндіретін кәсіпорын экологиялық технологияларды қолдану, ашықтық қағидаларын сақтау және қоғам алдындағы жауапкершілікті арттыру бағытында үздік тәжірибеге ие.

Бұл табыстар Сауран ауданындағы кәсіпкерліктің қарқынды дамуының, сапалы өнімге деген сұраныстың артуының және адал еңбек принциптерінің орнығуының нәтижесі болып табылады. Аудан алдағы уақытта да жергілікті кәсіпорындарды қолдап, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жұмыстарды да жалғастыра бермек.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*