Мемлекет басшысының бастамасымен жалпыхалықтың деңгейде сипат алып, тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Жетісай ауданында ауқымды сенбілік өтіп, 7 мыңға жуық түрлі көшет егілді.
Ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға арналған шараға мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері мен жергілікті мәслихат депутаттары, ауданның белсенді жастары мен жергілікті тұрғындар қатысты. 2 мыңға жуық адам мен 15 техника жұмылдырылған санитарлық тазалық жұмыстары қала, кент және барлық ауылдық округтерде арнайы бекітілген кесте негізінде жоғары деңгейде жүргізілді. Мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері өздеріне бекітілген аумақтарда тазалық жұмыстарын жүргізіп, саябақтар мен көшелерді, арық-атыздарды тазаласа, тұрғындар үйіргелік жерлерін, ал кәсіпкерлер кәсіпкерлік нысандарына жапсарлас аумақтарды күл-қоқыстардан, қатты тұрмыстық қалдықтардан тазартты.

Өткен жылы бастау алған аталмыш шара аясында ауданда жыл басынан бері 100 мыңға жуық тұрғын мен 280 техника жұмылдырылған 77 ауқымды сенбілік өткізіліп, тазалық жұмыстары барысында 692 тонна қоқыс тиісті орындарға шығарылған. Сонымен қатар ауданда Жасыл белдеу қалыптастыру, көгалдандыру жұмыстарын жоспарға сай жүргізу мақсатында 7 мың түп түрлі ағаштардың көшеті егіліп, көлік қозғалысына кедергі келтіретін ағаштар бұталды.

Айта кетсек, былтыр аудан тұрғындары жиі баратын демалыс орындары мен скверлерге, парктер мен аллеяларға 23 мың түп туя, сән ағаштары, сирень, шынар, қарағаш, қарағай, каштан мен бадам секілді көшеттер отырғызылған еді. Биыл тағы 30 мың түп көшет егу жоспарлануда.

Арыс қаласы да игі іске ұйысып, жалпықалалық ағаш отырғызу акциясы өтті. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған шараға қала әкімі Қайсар Маңқараев пен ардақты қариялар, белсенді жастар, мемлекеттік қызметкерлер, мешіт имамдары мен түрлі мекеме ұжымдары белсене қатысты. Алғашқы көшеттер қала орталығындағы Құрметті азаматтар аллеясында отырғызылды. Мұнда ардагерлер, этно-мәдени орталық өкілдері мен еріктілер бірлесе 50-ден астам қарағай көшетін отырғызса, дайындық жұмыстарын «Жасыл Арыс» КММ ұжымы алдын ала үйлестіріп, жер телімдерін әзірлеп, су көздерін қолжетімді етті.

Игі іс одан әрі «Жеңіс» скверінде жалғасты. Мұнда да жұртшылық жұмыла еңбек етіп, 250 түп жас талды топыраққа қондырды. Әр көшет ерекше ықыласпен отырғызылып, ортақ іске деген жауапкершілік пен ұйымшылдық айқын сезілді. Шара барысында қала әкімі аға буын мен жастардың бірлескен белсенділігіне ризашылығын білдірді.
«Арыс әрқашан бірлігімен, жанашыр халқымен мықты. Бүгін соның тағы бір дәлелі болды. Ұрпақтар сабақтастығы деген – осы. Еккен талдарыңыз жайқалып, ел игілігіне айналсын!» – деді қала басшысы.
Шараның ең ауқымды бөлігі Арыс–Шардара автожолының бойында өтті. Бұл жерде мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар мен белсенді тұрғындардың қатысуымен 3 700 түп қарағаш көшеті отырғызылды. Айта кетейік, егілген ағаштардың барлығы – Арыстағы жергілікті тұқымбақта өсірілген, топырақ пен климат жағдайына толық бейімделген көшеттер.

Акцияға қатысушылардың әрқайсысы бұл жұмысты тек сенбілік деп емес, туған жерге деген құрмет деп қабылдап: «Бұл талдар – болашаққа қалдырған аманатымыз» деген ортақ оймен еңбек етті. Жаппай ағаш отырғызу шарасы қала экологиясын жақсартуға ғана емес, халықты ұйымшылдыққа, туған жерді сүюге және ортақ іске жауапкершілікпен қарауға шақырған ерекше бастама болды.

Одан бөлек, Ордабасы ауданында да «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кең ауқымды сенбілік шарасы өтті. Тазалық пен қоршаған ортаны қорғау мақсатында қолға алынған іс-шараға аудан бойынша 2954 адам қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, ардагерлер, жастар, еріктілер және ауыл тұрғындары белсенділік танытты.
Сенбілік барысында аудан аумағында орналасқан бірқатар маңызды нысандар мен инфрақұрылымдар күл-қоқыстан тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, М-32 республикалық маңызы бар автомобиль жолының бойы, сондай-ақ К-16 және ішкі каналдарының айналасы арам шөптер мен қатты тұрмыстық қалдықтардан толықтай тазартылды. Тазалық жұмыстарына 15 дана арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 50 тоннадан астам күл-қоқыс сыртқа шығарылды.

Бұл жолғы сенбілік тек тазалық шараларымен шектелмей, көгалдандыру және ағаш отырғызу жұмыстарымен де ерекшеленді. Биылғы көктем-күз маусымындағы ағаш егу жұмыстары жылдағыдан ерте басталды. Осыған орай, аудан орталығы Темірлан елді мекенінде орналасқан “Шәмші Қалдаяқов” атындағы аллеясында салтанатты түрде ағаш отырғызу рәсімі ұйымдастырылып, 50 түп арша (можжевельник, сосна), көшеттері егілді.

Бұдан бөлек, 10 ауыл округі аумағында 890 түп қара ағаш көшеттері отырғызылды және өзге де жасыл желек түрлерін отырғызуға арналған 14 мың көшет орны алдын ала дайындалды. Жалпы алғанда, аудан бойынша күз мезгілінің соңына дейін 21 150 дана ағаш көшетін отырғызу жоспарланып отыр. Бұл жоспар – аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға, ауаны тазартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.
Сенбілікке қатысушылардың айтуынша, мұндай шаралар қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырып, тұрғындарды табиғатқа жанашырлықпен қарауға үндейді. Сенбілікке қатысқан мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері, жастар мен еріктілер мұндай бастамалардың алдағы уақытта да жалғасын табуын қолдайтындарын жеткізді.