Түркістан облысы тұрғындарын сапалы инфрақұрылым жүйелерімен қамту жұмыстары жалғасуда. Түркістан облысындағы Бәйдібек ауданы Ағыбет ауылдық округіне қарасты Жұлдыз елді мекенінде магистральды ауыз су жүйесі пайдалануға берілді.
Салтанатты іс-шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев қатысып, Жұлдыз ауылының тұрғындарын құттықтап, бұл бағытта ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың легін баяндап берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, аудан көлемінде елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары жүйелі атқарылып жатқанын атап өтті.

Жаңа нысан арқылы Жұлдыз ауылындағы 65 тұрғын үй мен инфрақұрылым жүргізілген 39 жерге ауыз су жүйесі жеткізілді. Нәтижесінде, ауылдағы 367 тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылып отыр. Қазіргі таңда Бәйдібек ауданындағы елді мекендердің 100 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Аудандағы «Шаян – Жамбыл – Танатар» елді мекендерінің арасындағы магистральды су құбыры мен су тазарту қондырғысын қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл көрсеткіш ел Президентінің тапсырмасын толық орындаудың айқын көрінісі болып отыр.

Нысанды 2026 жылы аяқтау жоспарланған. Одан бөлек, 14 елді мекеннің Кеңестөбе, Амансай, Жыланды, Сарыбұлақ, Мыңбұлақ, Тұрақты, Жаңаталап, Ақтас, Кеңсай, Қошқарата, Теректі, Шалдар, Жарықбас, Алмалы елді мекендерінде ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал Жаңаталап, Жұлдыз елді мекендерінде ауыз су жүйелерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар биыл Боралдай, Ағыбет, Жамбыл, Түйетас елді мекендеріндегі ауыз су жүйелеріне қайта құру жұмыстарын бастауға облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Нысан құрылыстары 2026 жылға өтпелі. Өңірде халық игілігіне бағытталған әлеуметтік маңызы бар жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.