Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба оқушы орындарының тапшылығы, апатты мектептер және үш ауысымды оқыту мәселелерін шешуге бағытталған. Міне осындай білім ордасының бірі Созақ ауданында бой көтеруде. Аталған нысанның құрылысы аудан басшылығының басты назарында. Кезекті насандарды аралау барысында Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 900 орындық Ы. Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс алаңында болды. Мердігер мекеменің өкілдерімен тілдесіп, білім ордасының құрылыс барысымен танысты.

Қазіргі таңда мектеп ғимаратының ішкі және сыртқы жұмыстарының қарқыны арта түскен. Ғимараттың фасадтары травертинмен қапталып, мектептің сыртқы келбеті сәнді әрі заманауи сипатқа ие болуда. Сонымен қатар, құрылыс аймағында абаттандыру жұмыстары да қоса жүргізіліп, аумағына асфальт жабындысы төселіп, көлік тұрақтары ретке келтірілуде. Бұл жоба ауданның білім саласын жаңа деңгейге көтеріп, оқушыларға заманауи және жайлы оқу ортасын ұсынуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Ұлтық жоба аясында Түркістан облысында 2023-2025 жылдары 63 жаңа мектеп бой көтереді. Мектептердің құрылыс жұмыстарына дайындық қалай? Нендей мәселелер бар? Осы және өзге де сұрақтар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының басты бақылауында екенін айта кеткен жөн.

– «Жайлы мектеп» жобасы – өңірімізде мектеп тапшылығын шешуге берілген үлкен мүмкіндік. Енді осы жобаны сапалы жүзеге асыру керек. Жауапты орынбасар, басқармалар, аудан, қала әкімдері білім ұяларының құрылысын уақтылы әрі талапқа сай етіп аяқтау бағытында жұмыс істеңіздер. Мектептердің инфрақұрылымын тарту, газ, су, электр, жылу, ғаламтормен қамту бойынша тиісті шаралар қабылдансын. Мектептердің құрылыс материалдары сыртқы және ішкі көрінісі, сәулеттік жобасы бойынша да барлық мердігерге біріңғай нұсқа берілуі тиіс. Ең бастысы, осы «Жайлы мектептерді» жоғары деңгейлі ұстаздармен қамту аса маңызды. Қазірден бастап білікті басшылар мен мұғалімдер жасақтауды қолға алған жөн, – деген болатын облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы.

«Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Түркістан облысында құрылысы салынатын 63 мектептің, яғни жобалық қуаттылығы 49 000 орын болатын нысандардың іс-шара жоспары бекітіліп, бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес жаңа мектеп құрылысын салуға тиісті құжаттар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне ұсынылып, жұмыстар атқарылған еді. Сондай-ақ 2023-2025 жылдары құрылыс жұмыстары жүргізілетін елді мекендердегі мектептерді инженерлік инфрақұрылыммен (су, электр, жылу желілері, кәріз жүйелері, кірме жолдар, интернет желілері, қоғамдық көліктер және т.б.) қамтамасыз ету шаралары қабылданып, инфрақұрылым жоспары бекітілген болатын.

Түркістан облысында жалпы екі жылда 300 орындық 11 мектеп, 600 орындық 25 мектеп, 900 орындық 15 мектеп, 1200 орындық 6 мектеп, 1500 орындық 4 мектеп және 2000 орындық 2 мектеп салынады. Жоба аясында 2023 жылы құрылысы басталатын 29 мектептің жер телімі «Samruk-Kazyna Construction» АҚ меншігіне өткізіліп, бүгінгі күнге, құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, құрылыс жұмыстары қарқынды атқарылуда. 29 мектептің құрылысы 2024 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал қалған 34 мектептің құрылыс жұмыстары 2025 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Жалпы аталған жоба бойынша елімізде 2024-2025 жылдары барлығы 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектеп салу жоспарлануда. Негізгі басымдық қала мен ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған. Осылайша, салынған білім нысандарының жартысына жуығы ауылдық жерлерде орналасады.Үкімет отырысында баяндама жасаған салалық ведомство басшысы жаңа форматтағы мектептерде бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылатынын атап өткен болатын. Яғни, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың кедергісіз жүріп-тұруына да мүмкіндік жасалады. Оқу орындарын жобалау кезінде кіре беріс, жеделсаты, баспалдақ, оқу сыныбы, жуынатын бөлме және тағы басқалары ескеріледі. Заманауи техникалық құрал-жабдықтар орнатылып, қауіпсіздік шараларын арттыруға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, жергілікті бақылау органдарына қосылған цифрлық бейнебақылау, дабыл түймесі және дыбыстық хабарлау, есіктер мен блоктарды автоматты түрде құлыптау, лицензияланған күзет және тағы басқалары.

Қазіргі уақытта министрлік жайлы мектептер үшін кадрлық резерв жасақтауда. «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы бойынша директорлар корпусына 208 адам резервке алынған екен. Сонымен қатар, педагогтардың базасы жасалып жатыр. Еліміздің жетекші мектептерінің тәжірибесі бойынша оқу процесінің мазмұнын трансформациялаудың жаңа моделі де әзірленуде. Айта кетейік, бүгінде 217 жайлы мектептің құрылысы басталған. Жоба үш тетік арқылы жүзеге асырылады: бірыңғай оператор арқылы нысаналы құрылыс жүргізу, дайын ғимараттарды жеке инвесторлардан сатып алу, сондай-ақ мемлекеттік-жеке меншік серіктестік шеңберінде.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*