Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді мекендерді 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы маңызды міндет аясында өңірде инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен іске қосылып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар жасалуда. Соның бір айқын көрінісі – Ордабасы ауданындағы жұмыстар. Яғни, аталған ауданында атқарылған жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асып, биыл елдімекендерді сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетіп, Президент міндеттеген межеге толық қол жеткізілді. Осылайша Ордабасы Жолдаудағы басты тапсырманы мерзімінде орындап, елді мекендерді ауыз сумен толық қамтамасыз еткен өңірлер қатарына қосылды.

Ордабасы ауданы соңғы жылдары маңызды әлеуметтік жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Ауыз су – халықтың өмір сүру сапасын айқындайтын негізгі қажеттіліктің бірі. Сондықтан бұл салаға ерекше көңіл бөлінуі ауданның әлеуметтік дамуына тың серпін беріп отыр. Бүгінде Ордабасы ауданындағы елді мекендердің басым бөлігі орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Жаңа су құбырлары тартылып, су қоймалары, сүзгілеу жүйелері және тарату желілері жаңартылуда. Мұның нәтижесінде тұрғындар сапалы, таза әрі үздіксіз суға қол жеткізіп, бұрынғыдай тасымал суға тәуелділіктен құтылып отыр.

2024 жылдың қорытындысы бойынша аудан аумағындағы 57 елді мекеннің 54-і орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтылып, қамту деңгейі елді мекендер бойынша 94,7 пайызды құраған. Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу мақсатында биылға дейін ауыз су жүйесі жүргізілмеген Мәдениет, Ынтымақ және Жұлдыз елді мекендерінде құрылыс-монтаждау жұмыстары атқарылып, нысандар қазан айында пайдалануға берілді. Нәтижесінде Ордабасы ауданындағы елді мекендердің ауыз сумен қамтылуы толық аяқталып, аудан ауызсу инфрақұрылымын дамытудағы маңызды кезеңнен өтті.

Қолданыстағы су жүйелерінің үздіксіз әрі сапалы жұмысын қамтамасыз ету мақсатында қазіргі таңда Ақбұлақ, Қайнар, Ұялыжар, Ықыластемір, Теспе, Жамбыл, Бірлік, Бөген, Жеңіс, Қызылжар және Көктөбе елді мекендерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар аудандық бюджет есебінен Төрткүл, Көкарал, Бадам, Шұбар, Бөген және Қарақұм елді мекендерінің ауыз су жүйелерін қайта құруға арналған жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, құрылыс жұмыстарына қаржы қарастыру мақсатында уәкілетті органдарға ұсынылды.

Ауыз судың қолжетімді болуы бірінші кезекте тұрғындардың денсаулығына оң әсер етеді. Санитарлық жағдай жақсарып, тұрмыстық қолайлылық артады, сонымен бірге ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына да ықпал етеді. Жаңа инфрақұрылым ауылдың көркеюіне, халықтың тұрмыс сапасының көтерілуіне мүмкіндік береді. Ордабасы ауданындағы ауыз су жүйесін жаңғырту – халық игілігі үшін жасалып жатқан маңызды қадам. Бұл тек инженерлік жоба ғана емес, адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бастама. Алдағы уақытта да аудан ауыз су мәселесіне қатысты жоспарлы жұмыстарын жалғастыра бермек.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*