Созақ ауданындағы Таукент кентінде көшелердің жарықшамдарын ретке келтіру, жаңарту және ауыстыру жұмыстары басты назарда. Атап айтқанда, кенттегі Геологтар, Қ.Сәбаев, Мәңгілік ел, Тұран, Бәйтерек, Алмалы және Таукент кенті мен саяжай ортасындағы жолдың жарықшамдарын ауыстыру жұмыстары жүргізілді.
Жалпы теріскейде 2024 жылға аудандық бюджет есебінен елді мекендерді жарықтандыруға 10 ауылдық округке, оның ішінде 57 көшеге 425 млн.573 мың теңге бөлінген. Атап айтқанда, Шолаққорған, Жартытөбе, Құмкент, Сызған, Созақ, Қарағұр, Қаратау, Жуантөбе, Шу, Таукент кентіндегі тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне жаңдай жасау, көшелерді жарықтандыру мәселесі шешімін тауып келеді.
Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар аясында да бірқатар ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде ұлттық қордан Созақ ауылындағы спорт алаңы құрылысы жобасына тиісті қаражаттар бөлініп, 2023 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, қабылданған. Сонымен қатар, Созақ ауылындағы спорт алаңы құрылысы, яғни сыртқы инженерлік желілері жобасына қаржы бөлініп, 2023 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталған.
Биыл құрылыс жұмыстарын бастауға бірнеше жобаларға қаржы қарастырылған Атап айтқанда: «Құмкент елді мекеніндегі Жылыбұлақ каналын салу» жобасы. Нысан 2025 жылға өтпелі. Сондай-ақ, Қаратау елді мекенінің қатты қалдықтар тастайтын орынының құрылысы. Нысан 2024 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілген. Сонымен қатар «Қарақұр елді мекенінің қатты қалдықтар тастайтын орынының құрылысы. Нысан келесі жылға өтпелі. Осындай тағы бір жоба «Жуантөбе елді мекенінің қатты қалдықтар тастайтын орынының құрылысы. Нысан қазіргі таңда пайдалануға беріліп, тиісті жұмыстар бастау алған.
Көптеген жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан басты экологиялық проблемалардың бірі — қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс мәселесі. Қазіргі уақытта мұндай қалдықтардың 97 пайызы алдын ала сұрыпталмай, санитарлық стандарттар талаптарына сай емес, бейімделмеген қоқыс алаңдарына шығарылады. Еуропалық елдерде қоқыстардың 80 пайызы қайталама шикізат ретінде пайдаланылып, табыс көзіне айналғандығын атап өту керек. Қалдықтар — қоршаған ортаны ластайтын көздердің бірі. Жер бетіндегі зиянды заттардың жинақталған массасы топырақ жамылғысына, өсімдіктерге, жерүсті және жер асты суларына жағымсыз әсерін тигізеді. Қоқыстар жанған кезде атмосфераға өте көп улы заттар бөлініп, тыныс жүйесі аурулары мен репродуктивті және иммундық жүйелердің ауытқуларына әкеліп соғуы мүмкін. Аса қауіп төндіретін органикалық заттар —диоксиндер. Олардың әсері цианисті калийден, стрихниннен және курареден күшті абсолютті у болып есептеледі. Үлкен қауіп тудыратын қатерлі зат — фильтрат, ол қоқыс алаңдары аумағынан жерасты суларына түседі. Қалдықтарда дизентерия, холера, туберкулез және т.б. ауруларды тудыратын бактериялар ұзақ уақыт бойы сақталады. Фильтраттардың жерасты суларына өтуі, осы микроорганизмдердің кең таралуына әкеліп соғуы мүмкін. Міне осындай қатерлердің алдын алу мақсатында Созақ ауданында тиісті жұмыстар атқарылуда. Атмосфералық ауаға кері әсерді төмендету бойынша ауданда экологиялық ауыртпашылықты төмендету үшін қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны айналасында жасыл белдеу құру шешімі қабылданған.
Ауылдық округтерде салынған қатты қалдықтар тастайтын орындарда, қоқыс сұрыптау кешенін іске қосу жүзеге асырыла бастады. Сұрыпталатын қалдықтардың түрлері — шыны, пластик, темір және қағаз қалдықтары. Аталған кешендер алдағы уақытта полигонға келіп түсетін қалдықтардың 40 пайызға жуығын қайта өңдеуге де мүмкіндік бермек. Бұл жобалар елді мекендердің экономикалық және экологиялық сауықтырылуына бағытталған. Қатты қалдықтарды тастайтын орындардың инженерлік-геологиялық және гидрологиялық жағдайлары толық зерделеніп, аумақтың жоспары жасалып, инженерлік жүйелер жүргізілген. Жүзеге асырылып жатқан жобаның оңтайлы жақтарына тоқталатын болсақ, олар мыналар: биоыдырайтын қалдықтар үлесінің төмендеуінен жағымсыз иістің азаюы; көмілуге жататын қалдықтардағы биоыдырайтын қалдықтар санының азаюы салдарынан сілтілені өнімдерінің түзілу қаупінің төмендеуі; полигонның санитарлық жағдайының жақсаруы; өрттің пайда болу қаупінің төмендеуі; жер қыртысы, жер және жерасты суларының ластану қаупінің төмендеуі; жергілікті тұрғындарға жұмыс орнының пайда болуы; қоршаған орта жағдайын үзіліссіз мониторингтеу жүйесін енгізу.
Енді алдағы уақытта қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жаңғыртудың бағдарламасы шеңберінде облыстың ірі елді мекендерінде полигондар, қоқыс сұрыптайтын цехтар мен кешендер салу бойынша шаралар жоспары қажет екені анық. Түркістан облысының әкімі де экология мәселесіне ұдайы назар аударып келеді. Мәселен, облыс әкімі өткізген аппараттық жиында жинақталған қатты тұрмыстық қалдықтардың қоршаған ортаға қауіптілігін ескере отырып, оны жою мәселесі қайта қаралған болатын. Аталған жиында қатты тұрмыстық қалдықтар проблемасына айрықша назар аударылып, оларды шешу жолдары талқыланды.
Тау-кен өндіру кәсіпорындарының барлығында дерлік қалдықтарды басқару жүйесі әрекет етеді. Бұл жүйеге қалдықтардың технологиялық циклдерінің, сондай-ақ қалдықтар түзілуінің ескерту немесе азайту, есеп және бақылау, жинау, қайта өңдеу, жою, сақтау және тасымалдау сияқты барлық кезеңдері кіреді. Қалдықтарды басқару жүйесі бірнеше сатыдан тұрады: бөлек жинау, тасымалдау, сұрыптау және заласыздандыру немесе қайта өңдеу. Осындай сұрыптау және қайта өңдеу сатыларын құру және ұйымдастыру жағдайында қалдықтарды басқарудың барлық тізбегі жұмыс істей бастайды. Қоршаған ортаға электрондық қалдықтар да біраз зиянды әсерін тигізеді. Қызмет ету мерзімінен асқан электрлік немесе электромагнитті құрылғылар (компьютер, ұялы телефон, батарейкалар) құрамында сынаптан басқа алюминий, магний, мышьяк, берилий және т.б. зиянды заттар пайда болады. Электрлі заттардың қабығына зақым келгенге дейін ол қауіпсіз болып саналады. Одан кейін улы заттар топырақ және жерүсті сулары арқылы қоршаған ортаға таралатынын ескеру қажет. Сондықтан қатты тұрмыстық қалдықтарды залалсыздандыру өте маңызды және қажетті.
Сонымен қатар, «Жартытөбе, Жуантөбе ауылдарынан мал емдейтін станок құрылысы, Абай, Жуантөбе ауылдарынан және Таукент, Қыземшек кенттерінен ұсақ малдарды тоғытатын нысан құрылысы, Шолаққорған ауылынан мал өлекселерін тастайтын шұңқыр құрылысы, «Беккери» шұңқыры құрылысы» жобаларына тиісті қаражаттар қаралған. Бүгінгі таңда аталған нысандар өз жұмыстарын атқаруда.
Сондай-ақ, Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылындағы «Астана» мөлтек ауданына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы жобалық-сметалық құжаттамасына түзету енгізуге оң сарапта қорытындысы алынған. Жобаның құны 2 млрд. 555 млн. теңгені құрайды. Нәтижесінде жер кезегінде тұрған 435 адамға тұрғын үйге жер телімдерін беруге мүмкіндік туындайды.
«Қаратау ауылынан жабық кіші футбол алаңының құрылысы» жобасына 97,5 млн. теңге бөлініп, 2023 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. 2023 жылы Шолаққорған ауылынан заманауи спорттық сауықтыру кешені құрылысы басталды. Нысан 2025 жылға өтпелі. Сонымен қатар, «Тасты ауылындағы 75 орындық мәдениет үйінің құрылысы» жобасына 176,6 млн. теңге бөлініп, өткен жылы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, қабылданған болатын. Айта кетейік, Қарақұр ауылдық округі аппараты әкімшілік ғимараты мен кіші жабық футбол алаңының құрылысы ел игілігіне пайдалануға берілді.