Ташкент қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы жобасы аясында ТМД Экономикалық кеңесінің 105-ші отырысы мен ТМД-ға мүше мемлекеттердің алғашқы «Аймақтар форумы» өтті.
ТМД елдерінің жоғары лауазымды өкілдері бас қосқан Экономикалық кеңестің кезекті отырысына елімізден ТМД Экономикалық кеңесіндегі Тұрақты өкілі Бекетжан Жұмаханов пен Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков бастаған делегация құрамында Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен еліміздің өңірлерінен барған 50-ге тарта қазақстандық табысты компаниялардың өкілдері қатысты. Форумда Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова баяндама жасады.
Форумда мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстарды күшейтуге бағытталған негізгі құжаттар – әуе қозғалысын ұйымдастырудың ұлттық жүйелерін үйлестіру, халық денсаулығын қорғау, жеңіл өнеркәсіпті дамыту және ауыр машина жасау саласындағы ынтымақтастыққа қатысты тұжырымдамалардың жобалары мақұлданды. Өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға арналған жаңа жобада сауда-экономикалық, инвестициялық, өндірістік-технологиялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың болашағы талқыланды. «BMB Holding» және «Uz Trade» компанияларының басшылығымен екіжақты кездесулер өткізіліп, агроөнеркәсіптік кешен мен жеміс-көкніс өнімдерін жеткізу салаларындағы ынтымақтастықтың мәселелері сөз болды.
Шара соңында маңызды меморандумдар жасалды. Олардың арасында Жетісай ауданы әкімдігі мен «Samarkand Irrigation System» компаниясы арасында меморандумдарға қол қойылды.