Қазіргі таңда интернет алаяқтық қылмыстарының кең таралуына орай Түркістан қаласы Полиция басқармасының қызметкерлерінің ұйымдастыруымен тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілді, Полицейлер қоғамдық орындарда, көшелерде, орталық саябақтарда, банктердің жанында және адамдар көп жиналатын жерлерде алаяқтардың құрбаны болмас үшін адам өзін қалай ұстау керектігі жөнінде арнайы жадынамалар таратылды. Түсіндірме жұмыстары барысында тәртіп сақшылары айласын асырар алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шараларын қолданып, дербес деректерді, карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге кеңес берді.

« – Алаяқтар азаматтарды алдау үшін түрлі әдістерді қолданады. Ең көп таралғандардың бірі – белгілі компаниялардың, банктердің және крипто биржаларының атынан жалған сайттар жасау. Барлық байланыс онлайн режимінде жүзеге асады, соның ішінде мессенджерлер арқылы «менеджерлермен» және «брокерлермен» байланысу қызметі де бар. Кейбір алаяқтар үлкен сома жинау үшін бір реттік төлемдер жасайды, дивидендтер береді. Тағы бір кең тараған әдіс – банк пен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атынан телефон соғу. Байланыс операторлары шетелден келетін алаяқтық қоңырауларға тосқауыл қояды, бірақ алаяқтар алдаудың жаңа жолдарын тауып жататыны жасырын емес. Қазір ең көп таралған алаяқтық әрекеттері шетелдік нөмірлерден қоңырау шалу және WhatsApp арқылы жасалады. Алаяқтар азаматтарды алдап, ақшасын ұрлау үшін түрлі айла-амалдарды жиі қолданады. Кең таралған әдістердің бірі – шот бойынша күдікті операциялар немесе несие алу әрекеті туралы хабарлау, сондай-ақ жосықсыз банк қызметкерлерін ұстау бойынша арнайы операция жүргізу. Ақшаны қауіпсіз сақтаймыз деген желеумен алаяқтар азаматтарды қауіпсіз «сақтандыру» шотына ақша аударуға көндіреді, содан кейін ұрланған ақшаны одан әрі аударуға немесе қолма-қол ақшаға айналдырады. Кейде алаяқтар азаматтарды өздеріне несие алуға көндіреді, олардың кеңесі бойынша телефондарына қашықтан қол жеткізуге арналған қосымшаларды орнатады және банктерден келетін SMS-хабарлама кодтары туралы хабарлайды, осылайша банктер қолданатын барлық қауіпсіздік шараларын айналып өтеді. Банк немесе полиция қызметкерлері ешқашан жеке деректерді сұрамайтынын және телефон арқылы арнайы операциялар жүргізбейтінін түсіну маңызды.» – дейді полиция қызметкерлері.

Айта кетерлік тағы бір жайт, интернет алаяқтықтың көпшілігі трансшекаралық сипатқа ие. Мәселен, бір қылмыстық істе қаскүнем басқа өңірде, кейде тіпті басқа мемлекетте жүруі мүмкін. Сол себепті қылмыстың бұл түрін ашуға бірталай уақыт жұмсауға тура келеді. Өйткені өзге елде жүрген күдіктінің немесе жәбірленушінің жеке тұлғасы мен мекенжайын анықтау үшін шет мемлекеттегі құқық қорғау органдарына сұрау салу мен тапсырмалар жіберу міндетті болып саналады. Ал бұл іс-шараның барлығы бірден шешіле қоятын оңай шаруа емес.

Кейінгі кезде алаяқтардың «Сіздің нөміріңіз бір ұтыста жеңімпаз атанды» деп кез келген кездейсоқ абоненттік нөмірге қоңырау соғуы немесе SМS-хабарламалар жіберуі жиілеп кеткен. Арам ниеттілер ұтысты басқа қаладан алып кетуді немесе жеңіп алған тауардың құнын пластикалық картаға аударуды ұсынады. Ия расында мұның бәрі жалған екенін көпшілігі соңында біліп жатады және тиісті органдарға кештеу хабарлайды.

Интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады. «Уақыт талабынан олар да қалыс қалмай келеді», дегендей мамандар ғаламтордағы әккілердің, әсіресе әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланып отырғанын мәлімдеді. Әдетте алаяқтар әлеуметтік желілерге жалған интернет хабарландырулар орналастырады немесе аккаунт пен арнайы бет ашып, сайт жасап алады. Ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлері: интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар болып отыр.

Түркістан қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері интернет алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шараларына тоқталып, дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, спам хабарламаларға сенбеуге шақырды.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*