Ән мен рухтың тоғысқан мекені – Тұран төрі тағы да жаһан жұртының назарында. Киелі шаһарда халықаралық «Voice of Turan – 2025»қазақ әндері фестивалі басталды. Фестиваль қатысушылары еліміздің танымал өнер шеберлерімен бірге қазақ әндерін орындады. Түркістанның қолтаңбасына айналған фестивальге облыс әкімі Нұралхан Көшеров, Португалияның Қазақстандағы елшілігінің сенімді өкілі Жозе Атаиде Амарал және шетелден келген өзге де меймандар қатысты.

«Керуен сарай» кешенінде өткен шара қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Әлемнің әр қиырынан келген әншілер қазақ тілінде ән шырқады. Өңір таланттарының сахналық көрінісі, өнерпаздардың ән шашуы кешке сән берді. Конкурс қатысушылары таныстырған бейнеролик көрсетілді. Биылғы ән додасына Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Татарстан, Башқұртсан, Түркия, Тыва, Португалия, Румыния, Италия, Оңтүстік Африка, Сан-Марино, Куба, Эквадор, Болгария, Тунис және Индонезия елдерінен кәсіби әншілер қатысып жатыр.

Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отырған бұл жоба жаңа сипатта ұйымдастырылды. Ашық аспан астында әуезді ән шырқалып, рухани үндестік тоғысты. Фестивальдің бас продюсері – Мейіржан Алиакбаров.

Түркістан облыстық мәдениет басқармасы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан фестиваль мақсаты – қазақстандық авторлардың үздік шығармаларын, қазақ тілін насихаттау. Сонымен қатар Түркі әлімнің рухани астанасы – киелі Түркістанды таныта түсу.

Айта кетейік, 21 маусым күні фестиваль қатысушылары қазақ әндерін орындаудан бақ сынайды. Сонымен қатар еліміздің танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Қатысушылардың өнерін кәсіби қазылар алқасы бағалайды. Қазылар алқасы құрамында Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Маржан Арапбаева, Мөлдір Әуелбекова, Мархаба Саби, Әли Оқапов, Бағлан Омаров, Ерген Айтымбетов бар. Фестиваль қонақтары ретінде Қазыбек Құрайыш, «Меломен» тобы, Ғазизхан Шекербеков және португалиялық әнші Лара Алейшо өнер көрсетеді.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*