2001 жылы құрылған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Экология» ғылыми-зерттеу институты Түркістан аймағының экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыстар жүргізуде. Институттың басты мақсаты – өңірдегі қоршаған ортаны ластау көздерін анықтау, олардың экожүйеге әсерін бағалау және жаңа технологияларды енгізу арқылы экологиялық мәселелерді шешу.
Институт экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу, тарихи-мәдени ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз ету, қоршаған орта мониторингін жүргізу сияқты маңызды бағыттарда жұмыс істейді. Мұнда студенттер мен магистранттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындауына ерекше жағдай жасалған.
2021 жылы институттың базасында жылыжай салынды, бұл докторанттар мен магистранттардың зерттеу тақырыптарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, экологиялық зерттеулерді қамтамасыз ететін «Экологиялық бақылау және химиялық талдау» зертханасы 2010 жылдан бері аккредиттелген және өз қызметін сәтті атқаруда.
Экология ғылыми зерттеу институтының жетістіктері
Институттың ғылыми көрсеткіштері жыл сайын өсіп келеді. 2023-2024 оқу жылында Scopus және WoS деректер базасының Q1 және Q2 квартильді журналдарында 16 мақала жарияланған. Бұл – институт тарихындағы рекордтық жетістік. Сонымен қатар, қазіргі уақытта институт 52 миллион теңгелік төрт ғылыми-зерттеу жобасын орындауда.
Өндіріс саласында да институт белсенді жұмыс істеп келеді. Зертхана базасында органикалық тыңайтқыштар, құрылыс материалдары, жемшөп қоспалары сияқты өнімдер шығарылады. Өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу арқылы тауарлық өнімдер алу экологиялық тиімді әрі экономикалық тұрғыдан пайдалы шешімдер ұсынады.
Институттың ғылыми жобаларының бірі – «Оңтүстік Қазақстан өңірін тұрақты дамыту үшін инновациялық технологияларды әзірлеу және заманауи инфрақұрылым құру» жобасы. Бұл жоба экология, медицина және биотехнология салаларын қамтиды және жалпы құны 4 миллиард теңгені құрайды. Экологиялық зерттеулердің басым бөлігі осы институттың қатысуымен жүзеге асып жатыр.
Институттың ерекше жұмыстарының бірі – университет су жүйесінен алынатын сынамаларды тұрақты түрде талдау. Бұл процесс экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, университеттің қаржысын үнемдеуге де мүмкіндік береді. Сонымен қатар, институт өңірдегі тарихи ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз ететін инновациялық әдістерді әзірлеумен де айналысады.
Институт директоры Нұрлан Ахметовтың айтуынша:
“Біздің стратегиялық мақсатымыз – Қазақстан мен Түркияның ынтымақтастығы аясында әлемдік деңгейде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін және Түркі әлеміне бағыт-бағдар беретін бәсекеге қабілетті ғылыми-зерттеу институтына айналу. Біз ғылым мен өндірістің байланысын нығайтып, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге ерекше мән береміз. Бұл бағытта аймақтағы және жаһандық экологиялық мәселелерді шешуге ықпал ететін инновациялық технологияларды әзірлеуді жалғастырамыз. Біздің басты міндетіміз – өңірдің экологиялық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз ету.”
Түркістан аймағының экологиялық болашағы үшін «Экология» ғылыми-зерттеу институты маңызды рөл атқарып отыр. Ғылым мен өндірісті интеграциялау арқылы институт аймақтағы тұрақты даму мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде көшбасшы болуды жалғастыруда.